Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
II C Kaz 3:1  Сонымен Сүлеймен Иерусалимдегі Мория төбесінде Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті. Бұрын ебустік Орнанның астық бастыратын қырманы болған сол жерде Дәуітке Жаратқан Ие аян берген еді. Содан Дәуіт бұл орынды ғибадатхана салуға дайындап қойған болатын.
II C Kaz 3:2  Сүлеймен құрылысты Өзінің патшалық құрған төртінші жылының екінші айының екінші күні бастады.
II C Kaz 3:3  Оның Құдай үйіне арнап салған іргетасының өлшемдері мыналар болды: ұзындығы алпыс, ені жиырма шынтақ. Мұнда шынтақтың көне өлшемі қолданылды.
II C Kaz 3:4  Алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені, жалпы ғимараттың еніндей, жиырма шынтақ, ал биіктігі жүз жиырма шынтақ болды.Сүлеймен киелі үйдің ішін саф алтынмен қаптатты.
II C Kaz 3:5  Оның үлкен бөлмесінің қабырғаларын қарағай тақтайшалармен, солардың үстін саф алтынмен қаптатты. Алтынның бетіне құрма ағашы мен шынжырға ұқсаған нақыштар ойғызып,
II C Kaz 3:6  киелі үйді асыл тастармен де әшекейлетті. Қолданылған саф алтын Парваим жерінен әкелінген болатын.
II C Kaz 3:7  Сүлеймен киелі үйдің ішін: төбесіндегі бөренелерді, босағаларын, қабырғалары мен есіктерін алтынмен қаптатып, қабырғалардың беттеріне керуб атты періштелердің бейнелерін ойып жасатты.
II C Kaz 3:8  Сүлеймен киелі үйдің ең қасиетті бөлмесін де салғызды. Соның ұзындығы мен ені, киелі үйдің жалпы еніндей, жиырма шынтақтан болды. Патша бөлменің ішін салмағы алты жүз ат басындай саф алтынмен қаптатты.
II C Kaz 3:9  Онда қолданылған алтын шегелердің салмағы елу мысқал болды. Киелі үйдің жоғарғы бөлмелерінің қабырғалары да алтынмен қапталды.
II C Kaz 3:10  Патша киелі үйдің ең қасиетті бөлмесі үшін керуб делінген күзетші періштелердің екі мүсінін ойдырып жасатты да, алтынмен қаптатты.
II C Kaz 3:11  Мүсіндердің жайған қанаттарының ұзындығы бес шынтақтан болып, олар екі жаққа қарай түгелімен жиырма шынтаққа созылды. Бірінші мүсіннің бір қанаты бөлменің бір қабырғасына, өзге қанаты екінші мүсіннің қанатына тиіп тұрды.
II C Kaz 3:12  Сол сияқты, екінші мүсіннің де бір қанаты бөлменің қарама-қарсы қабырғасына, өзге қанаты бірінші мүсіннің қанатына тиіп тұрды.
II C Kaz 3:13  Осылайша жайылған қанаттардың жалпы ұзындығы жиырма шынтақ болды. Екі мүсін тік тұрған күйі жасалып, беттері үлкен бөлмеге қарап орналастырылды.
II C Kaz 3:14  Сүлеймен қою күлгін, күрең қызыл, қырмызы жүн және жіңішке зығыр жіптерден маталар тоқытып, олардың бетіне керубтердің бейнелерін кестелетіп, шымылдық дайындатты.
II C Kaz 3:15  Патша екі бағана жасатып, киелі үйдің алдына тұрғызды. Олардың биіктігі отыз бес шынтақтан, ал үстіңгі иықтарының биіктігі бес шынтақтан болды.
II C Kaz 3:16  Патша алқа іспетті оралып тұратын шынжырлар да жасатып, оларды бағаналардың жоғарғы жақтарына іліп қойғызды. Ол сонымен қатар анар жемісінің жүз мүсінін де дайындатып, оларды шынжырларға бекіттірді.
II C Kaz 3:17  Патша осы екі бағананы киелі үйдің дәл алдына, біреуін кіреберістің оң жағына, екіншісін сол жағына тұрғызды. Оң жағындағысын Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысын Боғоз («Құдірет Иесі») деп атады.