Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
II C Kaz 20:1  Осылардан кейін моабтық пен аммондық әскерлері бірсыпыра меундіктермен қосылып, Жосапат патшаға қарсы соғысқа шықты.
II C Kaz 20:2  Бірнеше адам Жосапаттың алдына келіп, мына хабарды жеткізді: «Сізге қарсы Өлі теңіздің оңтүстік жағындағы Едом елінен үлкен қол келе жатыр! Қазірдің өзінде олар Хасасон-Тамарға жетіп қалды!» Сол жер Ен-Геді деп те аталатын.
II C Kaz 20:3  Жосапат қатты қауіптеніп Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін сұрап сиынды. Патша, сондай-ақ, бүкіл Яһуда елінде ораза тұту керек деген жарлық та шығарды.
II C Kaz 20:4  Сонда Яһуда халқы Жаратқан Иеден көмек сұрау үшін елдің күллі қалаларынан ағылып келіп, Иерусалимге жиналды.
II C Kaz 20:5  Жосапат Яһуда мен Иерусалим халқының жиналысында Жаратқан Иенің киелі үйінің жаңа ауласында тұрып, былай деп дұға етті:
II C Kaz 20:6  «Уа, Жаратқан Ие, ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы! Көктегі Құдай Сен емессің бе? Барлық халықтардың патшалықтарына Сен билік жүргізесің. Күш-қуат пен құдірет Сенің қолыңда, ешкім де Саған қарсы тұра алмайды.
II C Kaz 20:7  Уа, Құдайымыз, осы елдің бұрынғы тұрғындарын өз халқың Исраилдің алдынан қуып шығып, елді өз досың Ыбырайымның ұрпақтарына мәңгілікке табыстаған Сен емессің бе?
II C Kaz 20:8  Содан халқың осы елге қоныстанып, Сенің есіміңе арнап мына киелі үйді салды да, Саған былай деп сиынды:
II C Kaz 20:9  «Егер басымызға бір апат: соғыс, індет немесе аштық түсе қалса, осы киелі үйіңе келіп, Сенің алдыңда тұратын боламыз. Өйткені осы үй Сенің атыңмен аталған. Біз қиыншылық көріп, Саған жалбарынған кезімізде Сен бізді естіп, құтқаратын боласың».
II C Kaz 20:10  Ал енді, Аммон мен Моаб елдерінен және Сейір тауынан аттанып келген сол жасақшылардың не істеп жатқандарына назар аудара көрші! Ежелде Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққанда Сен халқыңа сол ұлттардың жерлеріне басып кіруге тыйым салғансың. Халқың сырт айналып өтіп, соларды құртып жібермеді.
II C Kaz 20:11  Енді, міне, солардың ұрпақтары біздің жақсылығымызға жамандықпен жауап беріп отыр. Өзің бізге мұралық меншігіміз болуға табыстаған Сенің осы еліңнен олар бізді қуып шығу үшін аттанып келе жатыр!
II C Kaz 20:12  Уа, Құдайымыз, Сен оларға үкім шығара гөр! Бізге қарсы аттанып келе жатқан осы ғаламат зор тобырдың алдында әлсізбіз. Не істерімізді білмей, Саған қарап Өзіңе үміт артамыз».
II C Kaz 20:13  Осы кезде Яһуданың күллі халқы кішкентай нәрестелері, әйелдері және балаларымен бірге Жаратқан Иенің алдында тұрды.
II C Kaz 20:14  Сонда Жаратқан Иенің Рухы жамағаттың ортасында тұрған Яхазиелге қонды. Асафтың үрім-бұтағынан шыққан сол леуілік Маттанияхтың шөпшегі, Игиелдің шөбересі, Бенаяхтың немересі, Зәкәрияның ұлы еді.
II C Kaz 20:15  Яхазиел жамағатқа тіл қатып былай деді:— Тыңдаңдар, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындары! Жосапат патша, сіз де тыңдаңыз! Жаратқан Ие мынаны айтады: Сол қалың тобырдан үрейленіп қорықпаңдар! Бұл шайқасты сендер емес, Құдайдың Өзі жүргізеді!
II C Kaz 20:16  Ертең оларға қарсы шығыңдар! Олар Систегі өрлеу жолымен келе жатыр. Еруел даласына апаратын сайдың соңына таман оларды кездестіресіңдер.
II C Kaz 20:17  Осы жолы шайқасатын сендер емессіңдер. Тек сол жерге барып, берік тұрыңдар! Сонда Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер, уа, Яһуда мен Иерусалим халқы! Үрейленіп қорықпаңдар! Ертең оларға қарсы шығыңдар! Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады.
II C Kaz 20:18  Сонда Жосапат басын жерге дейін иді, жиналған Яһуда мен Иерусалим халқы да Жаратқан Иенің алдында етпетінен жерге жатып, Оны дәріптеді.
II C Kaz 20:19  Қахат пен Қорахтан тараған леуіліктер біраздан кейін орындарынан тұрып, Исраилдің Құдай Иесін бар дауыстарымен мадақтай берді.
II C Kaz 20:20  Яһуда жасағы келесі күні ерте тұрып, Текоя маңындағы елсіз далаға шықты. Шығып бара жатқан кезде Жосапат оларға тіл қатып былай деді: «Уа, Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындары, сөзіме құлақ салыңдар! Құдайларың Жаратқан Иеге сенім артыңдар! Сонда берік боласыңдар. Оның пайғамбарларына да сеніңдер! Сонда табысқа жетесіңдер!» —
II C Kaz 20:21  Патша халықпен кеңесіп алып, әскердің алдында жүретін әншілерді тағайындаған еді. Арнайы салтанатты киім киіп алған олар Жаратқан Иеге ән-жырмен мақтау айтып жүрді: «Мадақтаңдар Жаратқан Иемізді, мәңгіге ұласады Оның мейірімі!»
II C Kaz 20:22  Олар қуанышты да лепті үнмен ән-жыр айтып, мадақтай бастаған сәтте Жаратқан Ие Яһуда еліне қарсы Аммон мен Моаб елдерінен және Сейір тауынан аттанып келген жауынгерлерге тұтқиылдан тап беріп, олардың өз араларында келіспеушілік туғызды. Содан олар талқандалды.
II C Kaz 20:23  Себебі аммондық және моабтық жасақшылар Сейір тауын мекендейтін жасақшыларға жолда бас салып, оларды қырып тастады. Соларды құртып болған соң, олар өзара да шайқасып, бір-бірін құртып жоя бастады.
II C Kaz 20:24  Яһудалықтар шөл даладағы бақылау мұнарасына жетіп, жау тобырына көз тастағанда, олардың бәрінің жерде сұлап жатқан денелерін көрді. Бірде-біреуі қашып құтылмапты.
II C Kaz 20:25  Жосапат пен қасындағы әскері олардан қалғанды олжалауға келгенде, мол құрал-сайман, киім-кешек және өзге де құнды заттардың үстінен түсті. Олар бұларды көтеріп жүре алғандарынша әкетті. Олжаның көп болғаны сонша, оның бәрін жинап, тасып әкетуге үш күн қажет болды.
II C Kaz 20:26  Төртінші күні халық Бераха аңғарында жиналды. Сол жерде олар Жаратқан Иені мадақтап, ризашылықтарын білдірді. Сондықтан осы аңғар күні бүгінге дейін Бераха (яки Мадақ, Береке) деп аталып келеді.
II C Kaz 20:27  Содан соң Яһуда мен Иерусалимнің адамдары Жосапаттың соңынан еріп, зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды. Себебі Жаратқан Ие халқының жауларын жеңіп, оларды шаттыққа кенелткен еді.
II C Kaz 20:28  Олар Иерусалим қаласына кіріп, Жаратқан Иенің киелі үйіне барғанда, леуіліктер шертерде, жетігенде ойнап, керней тартумен болды.
II C Kaz 20:29  Күллі елдер мен патшалықтар Исраилдің жауларына қарсы Жаратқан Иенің Өзі соғысқанын естігенде қатты қорқып қалды.
II C Kaz 20:30  Содан Жосапаттың патшалығындағы халық бейбіт өмір сүрді. Себебі Құдай оларды барлық жағынан қорғап, тыныштық сыйлады.
II C Kaz 20:31  Жосапат Яһуда еліне осылайша билік жүргізді. Патша болған кезде ол отыз бес жаста еді. Жосапат Иерусалимде жиырма бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Сілхи қызы Азуба болатын.
II C Kaz 20:32  Жосапат әкесі Асаның жолымен жүріп, одан еш таймай, Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
II C Kaz 20:33  Алайда оның заманында биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылмай қала берді. Халық ата-бабаларының сиынған Құдайына әлі де шын жүректен сенімдерін артпаған еді.
II C Kaz 20:34  Жосапаттың қалған іс-әрекеттері басынан аяғына дейін Ханани ұлы Еху пайғамбардың жылнамаларында баяндалған. Олар «Исраилдің патшаларының кітабына» енгізілген.
II C Kaz 20:35  Кейінірек Яһуда патшасы Жосапат Солтүстік Исраилдің көп зұлымдық жасаған патшасы Охозияхпен одақтасты.
II C Kaz 20:36  Жосапат онымен келісіп, алысқа жүзіп бара алатын үлкен сауда кемелерін жасатты. Мұны (Қызыл теңіздің бір шығанағында орналасқан) кеме тоқтайтын Есион-Гәбер қаласында істетті.
II C Kaz 20:37  Ал марешалық Додауа ұлы Елиезер Жосапатқа Құдайдың хабарын жеткізіп: «Сіздің Охозияхпен одақтасқаныңызға бола Жаратқан Ие осы ісіңізді құртатын болады!» — деді. Содан кемелер апатқа ұшырап, алыс сапарға шыға алмай қалды.