Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
II C Kaz 6:1  Сол кезде Сүлеймен былай деді: «Жаратқан Ие Өзінің қалың бұлт ішін мекендейтінін айтқан болатын.
II C Kaz 6:2  Уа, Ием, дәйім Сенің (жер бетіңдегі) тұрағың болсын деп Саған арнап осы зәулім сарайды салдым».
II C Kaz 6:3  Патша кейін бұрылып, қарсы алдында жиналып тұрған исраилдіктердің бәріне батасын берді.
II C Kaz 6:4  Содан кейін оларға былай деді:— Әкем марқұмға берген уәдесін іс жүзінде орындаған Жаратқан Ие — Исраилдің сиынатын Құдайы мадақталсын! Ол мынаны айтқан болатын:
II C Kaz 6:5  «Мен халқымды Мысырдан құтқарып, бастап алып шыққан күннен бері өз құрметіме киелі үй салынсын деп Исраилдің ешбір руындағы бірде-бір қаланы таңдамадым. Сондай-ақ халқым Исраилдің басшысы болуға бірде-бір адамды да таңдаған жоқ едім.
II C Kaz 6:6  Енді Мен Өзіме ғибадат ететін орын болуға Иерусалимді, ал халқымды басқаруға Дәуітті таңдап алдым».
II C Kaz 6:7  Марқұм әкемнің жүрегінде Исраилдің Құдай Иесінің құрметіне киелі үй салу ниеті бар болатын.
II C Kaz 6:8  Ал Жаратқан Ие оған: «Менің құрметіме киелі үй салғың келгені өте дұрыс.
II C Kaz 6:9  Алайда Маған арнап киелі үй салатын адам сен емессің, ол — өзіңнің ұлдарыңның бірі. Менің құрметіме киелі үйді салатын сол болады», — деген еді.
II C Kaz 6:10  Жаратқан Ие осы айтқандарын жүзеге асырды да: Оның уәдесіне сай мен әкемнің орнын басып, Исраилдің патшалық тағына отырдым. Енді Исраилдің Құдай Иесінің құрметіне киелі үй салғыздым.
II C Kaz 6:11  Жаратқан Иенің Исраилдің үрім-бұтағымен жасасқан Келісімінің куәліктері сақталған сандықты сонда орналастырдым.
II C Kaz 6:12  Содан соң Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінің алдында тұрып, жиналған бүкіл Исраил қауымының алдында қолдарын жайып Тәңір Иеге сиынды.
II C Kaz 6:13  Патша қола мінбе жасатып, ауланың ортасына орнатқызған еді. Мінбенің ұзындығы мен ені бес, биіктігі үш шынтақ болды. Соның үстінде тұрған патша күллі исраилдіктердің көз алдында тізесін бүгіп, қолдарын аспанға қарай жайып
II C Kaz 6:14  былай деді: «Уа, Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие! Көк пен жерде Сен сияқты ешбір құдай жоқ! Жасаған Келісіміңе адалсың, шын жүректен тура жолыңмен жүрген қызметшілеріңе рақымың мол.
II C Kaz 6:15  Сен әкем марқұмға уәде еткеніңдей, оған сенімді болып, рақымыңды көрсетіп келдің. Бұрын Өзің сөз беріп, уәде еткеніңді бүгін іс жүзінде орындап отырсың.
II C Kaz 6:16  Ал енді, уа, Жаратқан Ие, Исраилдің Құдайы, Өзіңнің қызметшің Дәуітке: «Егер ұрпақтарың сен сияқты Менің алдымда таза жүріп, тапсырған Таурат заңыма бағынатын болса, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!» деп берген уәдеңді іске асыра гөр.
II C Kaz 6:17  Сонымен, уа, Исраилдің Құдай Иесі, Өзіңе қызмет еткен әкем марқұмға айтқан сөздеріңді орындай гөр.
II C Kaz 6:18  Алайда Құдай шынымен-ақ жер бетінде пенделер арасында тұратын бола ма?! Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Сені сыйғыза алмағанда, мен салған мына үй қайдан сыйғызсын?!
II C Kaz 6:19  Солай болса да, уа, Құдайым Жаратқан Ие, Сенің алдыңда бой ұрып сиынып жасаған өтінішіме назар аударып, жалбарына еткен мінажатыма мейіріммен құлақ сала гөр!
II C Kaz 6:20  Сен «Мына киелі үйді өз атыммен атаймын» деп сөз бергендіктен, оған күні-түні қамқор бола гөр. Уа, Ием, алдыңдағы қызметшіңнің бұл жерге қарай Өзіңе бағыштаған мінажатына құлақ аса гөр.
II C Kaz 6:21  Осы пендең және меншікті Исраил халқың бұл жерге қарай Саған сиынып дұға еткен кезде көктегі тұрағыңнан өтінішімізге құлақ салып, күнәларымызды кешіре гөр.
II C Kaz 6:22  Егер болашақта бір кісі басқа біреуге жамандық жасапты деп айыпталып, осы киелі үйдегі құрбандық үстелінің алдында ант беруге мәжбүр етілсе,
II C Kaz 6:23  онда Сен көктен құлақ асып, пенделеріңе төрелік ете гөр. Сол кісі кінәлі болса, істеген қылмысын мойнына арта гөр, ал кінәсіз болса, әділдігін әшкерелеп, ақтай гөр.
II C Kaz 6:24  Егер де халқың Исраил Сенің алдыңда күнәға батқандықтан, жауларынан жеңіліп қалса, ал кейін Саған қайтып, Құдайлық билігіңе мойынсұнса, әрі осы киелі үйіңе қарай сиынып, рақым көрсетуіңді сұрап жалынса,
II C Kaz 6:25  онда Сен көктен оларға құлақ сала гөр. Халқың Исраилдің күнәларын кешіріп, оларды өздеріне және ата-бабаларына сыйлаған осы елге қайтара гөр.
II C Kaz 6:26  Егер олар көз алдыңда күнәлі болғанда Сен өздерін жазалап, аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасаң, әрі олар Саған бұл жерге қарай сиынып, Құдайлық билігіңе мойынсұнып, күнәларынан бас тартса,
II C Kaz 6:27  онда Сен көктен олардың дұғаларына құлақ сала гөр. Қызметшілеріңнің және бүкіл халқың Исраилдің күнәларын кешіре гөр. Оларға тура жолмен қалай жүру керектігін үйретіп, Өзің халқыңа мұралық меншікке берген осы еліңе қайтадан жаңбыр жібере гөр.
II C Kaz 6:28  Болашақта елді ашаршылық не індет жайлап, егінді өсімдік таты басып немесе көгеріп шірісе, құрт-шегіртке жалмап, не болмаса елге жау шауып, қалаларын талан-таражға салса, яки халықтың арасында қандай да бір апат болып не ауру-сырқау жайылса,
II C Kaz 6:29  онда олардың Өзіңе сиынып еткен мінажаттарына құлақ сала гөр. Азап шегіп, қайғырып жатқан жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса,
II C Kaz 6:30  онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ сала гөр. Оларды кешіріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай лайықтысын бере гөр. Адам жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой.
II C Kaz 6:31  Өзің осы елді ата-бабаларымызға берген едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп тура жолыңмен жүретін болсын.
II C Kaz 6:32  Тіпті халқың Исраилге жатпайтын жат жерлік адам алыс елден ұлы есімің мен зор құдіретің туралы естігендіктен осында келіп, Саған бұл киелі үйге қарай сиынса,
II C Kaz 6:33  онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ салып, оның барлық өтініштерін орындай гөр. Осылайша жер жүзінің күллі халықтары Сенің Құдай екеніңді мойындасын. Халқың Исраил сияқты олар да Сені терең қастерлеп, мен салғызған осы ғибадатхананың Өзіңе бағышталып, есіміңмен аталғанын білсін.
II C Kaz 6:34  Халқың Сен жіберген бір жаққа қарай жауларына қарсы соғысқа аттанғанда Өзіңнің таңдап алған бұл қалаңа және мен Сенің құрметіңе салғызған киелі үйге қарай Саған сиынып мінажат етсе,
II C Kaz 6:35  онда Сен көктен олардың мінажаттары мен жалбарыныштарына құлақ салып, оларды қолдап-қорғай гөр.
II C Kaz 6:36  Егер олар Сенің алдыңда күнә жасаса, себебі күнә жасамайтын пенде жоқ, әрі Сен оларға қаһарланып, жау қолына бере салып, жау оларды не алыс, не жақын бір елге айдап әкетсе,
II C Kaz 6:37  ал олар тұтқында жүрген сол елде өкініп, теріс жолдарынан қайтып, «Біз күнәға баттық, жасаған істеріміз бұрыс та жексұрын болды!» деп Сенің алдыңда мойындаса,
II C Kaz 6:38  әрі жер аударылған елдерінде Саған шын жүректен бет бұрып қайтып келсе, Өзің ата-бабаларына сыйлаған еліңе, таңдап алған қалаңа және мен Сенің құрметіңе салғызған осы ғибадатханаңа қарай Саған сиынса,
II C Kaz 6:39  онда көктегі тұрағыңнан олардың мінажаты мен жалбарынышына құлақ аса гөр! Олардың Өзіңе қарсы шығып, күнәға батқандықтарын кешіріп, оларды қолдап-қорғай гөр!
II C Kaz 6:40  Ал енді, уа, Құдайым, осы жерде айтылатын мінажаттарға әрдайым назар аударып, құлақ сала гөр!
II C Kaz 6:41  О, Құдай Ие, енді өз құдіретіңнің белгісімен, яғни осы Келісім сандығымен, бірге көтеріліп, (жер бетіндегі) тұрағыңа кіріп, оны ұдайы мекендей гөр. Уа, Құдайым Жаратқан Ие, діни қызметкерлерің әрдайым Сенің құтқаруыңды молынан қабылдап, басқаларға да жеткізсін! Өзіңе адал адамдарың жақсылығыңа қуанып шаттана берсін!
II C Kaz 6:42  О, Құдай Жаратқан Ие, Өзің тағайындаған патшаңнан бас тарта көрме! Қызметшің Дәуітке уәде еткен берік рақымыңды есіңде сақтай гөр».