Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
II C Kaz 13:1  Еробоғам Солтүстік Исраилге патшалық құрған он сегізінші жылы Абиях Яһуда елінің патшасы болды.
II C Kaz 13:2  Ол Иерусалимде үш жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні гибеялық Ұриелдің қызы Маха еді.Абиях пен Еробоғамның арасында соғыс жүріп жатты.
II C Kaz 13:3  Абиях төрт жүз мың мықты да ержүрек сарбаздан құралған жасағын ертіп алып, соғысуға аттанды. Еробоғам да сегіз жүз мың мықты да ержүрек сарбазымен бірге сап түзеп дайын тұрды.
II C Kaz 13:4  Абиях патша Ефрем руының қыратты жеріндегі Семараим тауының басына шықты. Сол жерде тұрып, Абиях қатты дауыспен былай деді: «Уа, Еробоғам және бүкіл Исраил халқы, сөзіме құлақ салыңдар!
II C Kaz 13:5  Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иенің Дәуітпен ешқашан бұзылмайтын тұрақты Келісім жасағанын білмейтін бе едіңдер? Сол Келісім бойынша Жаратқан Ие Исраилге патшалық құруды Дәуітке және оның ұрпақтарына табыстады ғой!
II C Kaz 13:6  Бірақ та Дәуіт ұлы Сүлейменнің бір басыбайлы қызметшісі — Набат ұлы Еробоғам көтеріліп, өз иесіне қарсы бүлік шығарды.
II C Kaz 13:7  Сонда ақымақ та азғын бірсыпыра адамдар Еробоғамның айналасына жиналып, Сүлеймен ұлы Рохабоғамға қарсы күштерін нығайтты. Рохабоғам сол кезде әлі де ысылмаған жас болғандықтан, оларға қарсы тұра алмады.
II C Kaz 13:8  Міне, бүгін өздерің де Жаратқан Иенің Дәуіттің ұрпақтарына табыстаған патшалығына қарсы тұрамыз дейсіңдер. Сендер үлкен тобыр болып жиналыпсыңдар. Еробоғам сендердің тәңірлерің болуға жасатқан алтын бұқа мүсіндері қастарыңда бар екен.
II C Kaz 13:9  Ал Жаратқан Иенің Һароннан тараған діни қызметкерлерін және леуіліктерді сендер өз араларыңнан қуып жібердіңдер ғой. Олардың орнына басқа халықтар сияқты діни қызметкерлеріңді өздерің тағайындап қойдыңдар. Кімде-кім бағышталу рәсіміне бір тана мен жеті қошқарды алып келсе, болды, әлгі адам сол жалған тәңірлеріңнің діни қызметкері болып шыға келеді.
II C Kaz 13:10  Ал бізде Құдайымыз Жаратқан Ие бар, Одан бас тартқан жоқпыз. Һароннан тараған діни қызметкерлер ғана Жаратқан Иеге қызметтерін ежелдегідей атқарып жатыр, леуіліктер де өз міндеттерін орындап жүр.
II C Kaz 13:11  Олар күн сайын таңертең және кешке Жаратқан Иеге шалынып, өртелетін құрбандықтарды да, хош иісті заттарды да түтетіп ұсынуда. Олар арнайы үстелдің үстіне ұдайы нан тартуларын қойып, алтын шам қойғыштың шамдарын кеш сайын жағып, нұрын түсіріп жарқыратады. Себебі біз Құдайымыз Жаратқан Иенің белгілеген қызметтерін орындап жүрміз, бірақ сендер Одан бас тартып, безіп кеттіңдер.
II C Kaz 13:12  Өздерің көріп тұрсыңдар, Құдай бізге жар болып, бізді бастап жүр! Оның діни қызметкерлері де алдыңғы шепте, олар сендерге қарсы ұрандап кернейлерін тартатын болады. Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, өз ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Иеге қарсы соғыспаңдар! Бәрібір жеңіске жетпейсіңдер!»
II C Kaz 13:13  Сол екі арада Еробоғам Яһуда жасағының артқы тылына бір топ жауынгерлерін жіберген болатын. Яһуда сарбаздарының алдарынан Солтүстік Исраил жасағы, арттарынан сол торуыл тобы тұрды.
II C Kaz 13:14  Яһудалықтар бұрылып, өздерінің алды-артынан шабуылға тап болайын деп жатқанын көргенде, Жаратқан Иеге қатты дауыспен жалбарынды. Ал діни қызметкерлер кернейлерін тартып ұрандатты.
II C Kaz 13:15  Сол сәтте яһудалықтар атой салды. Олар атойлағанда Құдай Еробоғамға және Солтүстік Исраилдің бүкіл жасағына Абиях пен Яһуданың алдында соққы берді.
II C Kaz 13:16  Содан Солтүстік Исраилдің адамдары Яһуда жасағынан қаша жөнелді. Құдай оларды яһудалықтардың қолына түсірді.
II C Kaz 13:17  Абиях пен оның жасағы оларды ойсырата жеңіп, Солтүстік Исраилдің бес жүз мың таңдаулы сарбазы қаза тапты.
II C Kaz 13:18  Солтүстік Исраилдің қалған адамдары тізе бүкті. Осылайша яһудалықтар ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иеге сенімдерін артқандықтан, күш-қуаты артып жеңіске жетті.
II C Kaz 13:19  Абиях Еробоғамды қуып, одан бірнеше қаланы: Бетел, Ешана және Ефронды соларға қарасты елді мекендерімен бірге тартып алды.
II C Kaz 13:20  Абияхтың заманында Еробоғам енді қайтып өзінің күш-қуатын қалпына келтіре алмады. Ақырында Жаратқан Ие Еробоғамды аурумен соғып, ол қайтыс болды.
II C Kaz 13:21  Ал Абиях күшейе берді. Ол он төрт әйел алып, жиырма екі ұл, он алты қыз сүйді.
II C Kaz 13:22  Абияхтың қалған іс-әрекеттері мен сөздері жайлы «Иддо пайғамбардың түсіндірме кітабында» баяндалған.