Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
II C Kaz 7:1  Сүлеймен Құдайға сиынуын аяқтай бергенде, аспаннан от түсіп, өртелу үшін шалынған құрбандықтарды және басқа да сый-тартуларды өртеп, жалмап қойды. Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты киелі үйді толтырып жіберді.
II C Kaz 7:2  Киелі үйдің Жаратқан Иенің керемет салтанатына кенелгені сонша, діни қызметкерлер оған кіре алмай қалды.
II C Kaz 7:3  Бүкіл Исраил халқы аспаннан от түсіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының киелі үйдің үстінде тұрғанын көрді. Олар тас төселген аулада жерге етпеттей жата кетті, әрі ғибадат етіп былай деп шүкірлік айтты:«Жаратқан Ие сондай ізгі,Мәңгі ұласады Оның мейірімі!»
II C Kaz 7:4  Мұнан кейін патша мен жиналып тұрған бүкіл халық Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалды.
II C Kaz 7:5  Сүлеймен патша жиырма екі мың мүйізді ірі қара мен жүз жиырма мың қой-ешкіні құрбандыққа ұсынды. Осылайша патша мен бүкіл халық киелі үйді Құдайға бағыштау рәсімін орындады.
II C Kaz 7:6  Діни қызметкерлер міндеттеріне сәйкес өз орындарында тұрды. Леуілік әнші-күйшілер Жаратқан Иенің Дәуіт патша жасатып берген саз аспаптарын қолдарына алды. Дәуіт патша көзі тірісінде осы аспаптарды жасатып, оларды леуіліктерге Тәңір Иені мадақтап, Оған шүкірлік еткен кездерінде ойнататын. Өйткені «Жаратқан Ие сондай ізгі, мәңгі ұласады Оның мейірімі!» Енді леуіліктердің қарсы алдында тұрған діни қызметкерлер кернейлерін тартып, бүкіл Исраил халқы да сол жерде Жасаған Иені даңқтап тұрды.
II C Kaz 7:7  Сүлейменнің қоладан жасатқан құрбандық үстелі шалынып, өртелетін құрбандықтарды, майлы бөліктер мен астықтан жасалатын сый-тартулардың барлығын сыйғыза алмай қалды. Сондықтан патша Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы ауланың ортаңғы бөлігіне ерекше тазарту рәсімін жасатып, оны да сол мақсатқа бағыштады. Осылай бұл жерде де толығымен өртелетін құрбандықтар, астық тартуларды және майлы бөліктер өртеліп ұсынылды.
II C Kaz 7:8  Осы кезде Сүлеймен жеті күн бойы мейрам тойын жасады. Тойға бүкіл Исраил халқы солтүстіктегі Лебо-Хаматтан Мысырмен шекарадағы өзенге дейінгі аралықтағы барлық жерден жиналған қалың қауым болып қатысты.
II C Kaz 7:9  Сегізінші күні олар тағы да салтанатты жиналыс өткізді. Себебі жеті күн бойы құрбандық үстелін Жаратқан Иеге бағыштау рәсімдерін орындағаннан кейін халық және жеті күн бойы Күркелер мейрамын тойлады.
II C Kaz 7:10  Жетінші айдың жиырма үшінші күні Сүлеймен халықты үйлеріне қайтарды. Бәрі Жаратқан Иенің Дәуіт пен Сүлейменге және халқы Исраилге жасаған игіліктеріне қуанғаннан жүректері лүпілдеп қатты риза болды.
II C Kaz 7:11  Сонымен Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған ғибадатхананың және өзінің патша сарайының құрылысын бітіріп, ойға алғандарының бәрін де жүзеге асырып болды.
II C Kaz 7:12  Сол кезде Жаратқан Ие оған түнде аян беріп былай деді:— Сенің мінажатың құлағыма жетті. Мен осы жерді Өзіме құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынылатын киелі үй болсын деп таңдап алдым.
II C Kaz 7:13  Егер Мен болашақта не аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасам, не шегірткелерге елдегі егістіктерді жалмауды бұйырсам, не халқымның арасына індет жіберсем,
II C Kaz 7:14  сонда Менің атыммен аталып жүрген халқым Маған бой ұсына сиынып, еркімді білгісі келсе және теріс жолдарынан қайтса, онда Мен оларға көктен құлақ саламын. Мен күнәларын кешіріп, олар тұрған елді сауықтырып, қайтадан амандық пен тыныштық сыйлаймын.
II C Kaz 7:15  Бұдан былай осы жерде айтылатын мінажаттарға көзім ашық, құлағым түрулі болады.
II C Kaz 7:16  Мен бұл орынды таңдап алып, есімім әрдайым орнықсын деп Өзіме бағыштадым. Оны ұдайы жүрегімде ұстап, көзімнен таса қылмаймын.
II C Kaz 7:17  Егер сен әкең Дәуіт сияқты көз алдымда адал жүріп, өзіңе берген өсиеттерімді орындап, ережелерім мен шешімдеріме бағынатын болсаң,
II C Kaz 7:18  онда Мен сенің патшалық тағыңды берік етемін. Өйткені әкең Дәуітпен Келісім жасап, оған былай деп уәде еттім: «Онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилге билік құратын болады».
II C Kaz 7:19  Алайда егер өзің және ұрпақтарың Менен теріс бұрылып, өздеріңе тапсырған ережелерім мен өсиеттерімді орындамай, басқа тәңірлерге құлшылық етіп, табынатын болсаңдар,
II C Kaz 7:20  онда Мен Исраилді Өзім табыстаған осы елден қуып шығамын, әрі өз есіміме бағыштаған бұл киелі үйді де қасымнан алып тастаймын. Осылайша Мен оны барлық басқа халықтар мысалға келтіріп, табалап мазақ ететіндей масқараға ұшыратамын.
II C Kaz 7:21  Осы киелі үй қазір салтанатты болып тұрғанмен, қиратылып, үйінді болып қалады. Сонда оның қасынан өткен-кеткен әркім аңтарыла жаны түршігіп: «Жаратқан Ие бұл ел мен мына киелі үйге неліктен осындай нәрсені істеді екен?» деп сұрайтын болады.
II C Kaz 7:22  Сонда жұрт: «Себебі олар ата-бабалары сиынған, соларды Мысырдан бастап алып шыққан Құдайы — Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, бөтен тәңірлерге бет бұрды да, соларға табынып, құлшылық ететін болды. Сондықтан Жаратқан Ие олардың бастарына осы бақытсыздықтың барлығын үйіп-төкті!» деп мысалдайтын болады.