Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 28
II C Kaz 28:1  Ахаз патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады.
II C Kaz 28:2  Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолдарымен жүріп, Бағал атты жалған тәңірдің қола мүсіндерін құйғызып жасатты.
II C Kaz 28:3  Ахаз Бен-Хенном аңғарында жалған тәңірлерге арнап құрбандықтар шалып, өртеп, тіпті өз ұлдарын құрбандыққа өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын күнәларын қайталады.
II C Kaz 28:4  Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді.
II C Kaz 28:5  Сол себепті Ахаздың Құдайы Жаратқан Ие Арама патшасының оны ойсырата жеңуіне жол берді. Содан арамалықтар оның өте көп адамын тұтқындап, Дамаскіге алып кетті.Ахаз Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахтан да күйрей жеңіліп, үлкен шығынға ұшырады.
II C Kaz 28:6  Соның әскері бір күннің ішінде Яһуданың батыл да мықты жүз жиырма мың жауынгерін жойды. Себебі олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеден бас тартқан еді.
II C Kaz 28:7  (Солтүстік Исраилдің) Ефрем руынан шыққан мықты жауынгер Зікіри яһудалық ханзада Мағасияхты, сарай басқарушысы Азыриқамды және патшаның бас уәзірі Елқанахты өлтірді.
II C Kaz 28:8  Солтүстік исраилдіктер өздерімен ұлттас яһудалықтардың екі жүз мың әйелдері мен ұл-қыздарын тұтқындап, көп олжалы болып, бәрін Самария қаласына алып кетті.
II C Kaz 28:9  Алайда (жеңімпаз) әскер Самарияға қайта оралғанда, Жаратқан Иенің Одед есімді пайғамбары қалада болды. Ол жауынгерлердің алдынан шығып, былай деді: «Ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Ие Яһуда халқына қаһарлы болғандықтан ғана оны қолдарыңа түсірді. Бірақ оларды аса қатыгездікпен қырғандарың туралы хабар көктегі Құдайға жетті.
II C Kaz 28:10  Енді сендер Яһуда мен Иерусалимнің халқын өздеріңе құл-күң еткілерің келіп отыр. Немене, Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы өздерің күнә жасамап па едіңдер?!
II C Kaz 28:11  Сондықтан сөзіме құлақ салып, тұтқынға алған ағайындарыңды қайтарыңдар! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бастарыңа төніп тұр!»
II C Kaz 28:12  Сонда ефремдіктердің кейбір әкімдері: Жоханан ұлы Азариях, Мешілемот ұлы Барақиях, Шаллум ұлы Езекия және Хадылай ұлы Амаса соғыстан қайтып келе жатқандарға қарсы тұрып былай деді:
II C Kaz 28:13  «Тұтқындарды мұнда алып келмеулерің керек, Жаратқан Иенің алдында айыпты боламыз. Немене, күнәларымыз бен қылмыстарымызды одан әрі көбейте түскілерің келе ме? Онсыз да айыбымыз зор, Жаратқан Иенің лаулаған қаһары халқымыз Исраилдің басына төніп тұр!»
II C Kaz 28:14  Мұны естіген жауынгерлер тұтқындары мен олжаларын жаңағы әкімдер мен бүкіл халықтың жиналып тұрған жерінде қалдырып кетті.
II C Kaz 28:15  Содан соң аталып өткен әкімдер орындарынан тұрып, тұтқындарға барып, іштеріндегі жалаңаш келгендеріне қолға түскен олжа киімдерден беріп, аяқтарына аяқкиім кигізді. Оларға тамақ пен сусын үлестіріп, жараларын маймен сылап емдеді. Әлсізденіп қалғандарын есекке отырғызып, бәрін пальма ағаштары өсетін Иерихон қаласындағы елдестеріне апарып тастап, өздері Самарияға қайта оралды.
II C Kaz 28:16  Осы екі арада Ахаз патша Ассур патшасына елшілерін жіберіп, көмектесуін сұраған еді.
II C Kaz 28:17  Едомдықтар Яһуда еліне қайтадан басып кіріп, көптеген адамдарын тұтқындап алып кеткен болатын.
II C Kaz 28:18  Оның үстіне філістірлер Яһуданың төменгі қыраттары мен оңтүстік аймағының қалаларына шабуыл жасап, Бет-Шәміш, Аялон, Гедерот қалаларын және Сохо, Тимнах, Ғымзоны маңайларындағы қыстақтарымен қоса жаулап алып, сонда орнығып алған еді.
II C Kaz 28:19  Жаратқан Ие Яһуда елін патшасы Ахаздың кесірінен соншалықты масқара болуға душар етті. Себебі Ахаз Яһуда халқын Құдайға бағынбай, зұлымдық істеуге еліктіріп, өзі де Жаратқан Иеге орасан зор опасыздық жасаған болатын.
II C Kaz 28:20  Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер Яһудаға аттанып, көмек орнына зорлық-зомбылық көрсетті.
II C Kaz 28:21  Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінен, патшалық және әміршілердің сарайларынан құнды заттарды алып, алым-салық ретінде Ассур патшасына жіберген еді. Алайда онысынан түк шықпады.
II C Kaz 28:22  Жағдайы тым ауырласа да, Ахаз патша Жаратқан Иеге бұрынғыдан бетер опасыздық жасай түсті.
II C Kaz 28:23  Дамаскінің әскері оны күйрете жеңгендіктен, олардың сиынған тәңірлеріне арнап құрбандықтар шалды. Ахаз: «Араманың патшаларына бұл тәңірлер көмектесіп келеді. Енді соларға арнап құрбандық шалсам, мені де қолдайтын шығар»,— деп ойлады. Керісінше, олар оның өзінің де, бүкіл Исраилдің де күнәға батып, құрып кетулеріне түрткі болды.
II C Kaz 28:24  Ахаз Құдайдың киелі үйіндегі ыдыс-аяқтарды жинап, алып кетті. Сонымен қатар Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі үйдің есігін бекітіп те тастады. Патша Иерусалимнің әрбір көше бұрышында өз атынан құрбандық үстелдерін салғызып қойды.
II C Kaz 28:25  Бұған қоса Ахаз Яһуданың басқа қалаларындағы биіктеу жерлерде де бөтен тәңірлерге арнап хош иісті заттар түтетілетін табыну орындарын салғызып, ата-бабаларының Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
II C Kaz 28:26  Ахаздың қалған іс-әрекеттерінің бәрі басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраилдің патшаларының кітабында» баяндалған.
II C Kaz 28:27  Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Иерусалим қаласында Исраилдің патшаларының қабірлерінен бөлек мазарға қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.