Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
II K Kaz 3:1  Яһудаға Жосапат патшалық құрған он сегізінші жылы Ахаб ұлы Жорам Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самария қаласында он екі жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 3:2  Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Алайда ол әке-шешесі сияқты әрекет еткен жоқ, себебі әкесі жалған тәңір Бағалға арнап жасатып, тұрғызған тас бағананы Жорам алып тастады.
II K Kaz 3:3  Бірақ Жорам ежелде Набат ұлы Еробоғамның Исраил халқын азғырған күнәларын ұстанып, солардан бас тартпады.
II K Kaz 3:4  Моаб патшасы Меша қой өсірумен шұғылданатын. Ол Солтүстік Исраил патшасына жылына жүз мың тоқтыны әрі жүз мың қошқардың жүнін беріп тұруға міндетті болатын.
II K Kaz 3:5  Алайда Ахаб патша өлгеннен кейін, Моаб патшасы Солтүстік Исраилдің патшасы Жорамға қарсы бас көтерді.
II K Kaz 3:6  Сонда Жорам патша Самариядан шығып, бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерін түгендеп санақтан өткізді.
II K Kaz 3:7  Ол, сондай-ақ, Яһуда патшасы Жосапатқа мынадай хабар жолдады:— Моаб патшасы маған қарсы бас көтерді. Менімен бірге Моабқа қарсы соғысуға аттанасыз ба? — Жосапат патша бұған:— Жарайды, сізбен бірге аттанайын! Өзім де, жасағым да, атты әскерім де сіздің құзырыңыздамыз, — деп жауап берді.
II K Kaz 3:8  Содан кейін ол: — Сол жаққа біз қай жолмен барамыз? — деп сұрады. Жорам патша:— Едомның шөл даласы арқылы! — деді.
II K Kaz 3:9  Осылайша Солтүстік Исраилдің, Яһуданың және Едомның патшалары әскерлерін ертіп аттанды. Айналма жолмен жеті күн бойы жүргеннен кейін олардың өздері үшін де, қастарындағы малдары үшін де су қалмады.
II K Kaz 3:10  Сонда Солтүстік Исраилдің патшасы күдерін үзіп былай деп дауыстады:— Әттеген-ай! Жаратқан Ие бізді, үш патшаны, Моаб патшасының қолына тапсыру үшін осында шақырған екен ғой! —
II K Kaz 3:11  Алайда Жосапат сауал қойып былай деді:— Мұнда Жаратқан Иенің пайғамбары жоқ па еді? Сол арқылы Жаратқан Иеден ақыл-кеңес сұрайық. — Солтүстік Исраил патшасының бір қызметкері:— Шапат ұлы Еліше осында жүр. Ол кезінде Ілиястың шәкірті болып, қолына су құйып қызмет көрсеткен, — деп жауап берді.
II K Kaz 3:12  Жосапат:— Ол Жаратқан Иенің сөзін жеткізе алады, — деп келісті. Содан Солтүстік Исраил патшасы Жорам, Яһуда патшасы Жосапат және Едомның патшасы үшеуі Еліше пайғамбарға барды.
II K Kaz 3:13  Ал Еліше Солтүстік Исраилдің патшасына:— Менде сенің не шаруаң бар? Ана әкеңнің және шешеңнің «пайғамбарларына» бара бер! — деді. Ал патша:— Жоқ! Бізді, осы үш патшаны, моабтықтардың қолына түсіру үшін шақырып алып келген — Жаратқан Иенің Өзі! — деп жауап қайырды.
II K Kaz 3:14  Еліше:— Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: Егер Яһуданың патшасы Жосапат болмағанда, мен саған көз салып назар аудармас та едім.
II K Kaz 3:15  Ал енді, маған бір жетігеншіні алып келіңдер! — деді.Жетігенші келіп, аспабын тартып жатқанда, Жаратқан Ие Елішеге қолын тигізіп оған рухани құдірет қондырды.
II K Kaz 3:16  Сонда Еліше былай деді: «Жаратқан Ие мынаны бұйырады: Осы аңғардың ұзына бойы арықтар мен шұңқырлар қазыңдар!
II K Kaz 3:17  Себебі Жаратқан Ие мынаны алдын ала білдіреді: Сендер еш жел мен жаңбыр көрмейсіңдер, әйтсе де аңғар суға толып, өздерің де, малдарың да содан ішетін боласыңдар!
II K Kaz 3:18  Мұны істеу Жаратқан Ие үшін оп-оңай. Ол, сондай-ақ, моабтықтарды қолдарыңа бере салады.
II K Kaz 3:19  Сонда сендер барлық бекіністі де үлкен қалаларды қиратып, әрбір жеміс ағашын шауып құртасыңдар. Бұлақ көздерінің бәрін су шықпайтын етіп бітеп, құнарлы егістік атаулыға тас үйіп тастайсыңдар».
II K Kaz 3:20  Келесі күні (Иерусалимдегі ғибадатханада) таңертеңгі тарту ұсынылатын кезде кенеттен Едомның (таулы) аймағынан су ағып келіп, сол жер суға толып кетті.
II K Kaz 3:21  Ал моабтықтар әлгі патшалардың өздеріне қарсы соғысуға келе жатқанын естіген еді. Содан олар қару ұстауға жарамды ер адамдарының барлығын жинап алып, шекараға тұрғызып қойған болатын.
II K Kaz 3:22  Таңертең солар ерте тұрғанда, күн сәулесі су бетіне шағылысып тұрды. Ар жақтағы моабтықтарға сол су қан іспетті қып-қызыл болып көрінді.
II K Kaz 3:23  Сонда олар: «Мынау қан ғой! Ана патшалар өзара қырқысып, бірін-бірі қырып тастаған екен! Ендеше, моабтықтар, кеттік! Олжаға ие болайық!» — десті.
II K Kaz 3:24  Алайда олар Исраилдің әскер қосына таяп қалғанда, исраилдік жасақшылар қарсы шыға келіп, оларға ауыр соққы берді. Моабтықтар қаша жөнелді, ал исраилдіктер олардың еліне басып кіріп, моабтықтарды қырып тастады да,
II K Kaz 3:25  қалаларын қиратты. Әрбір жасақшы шұрайлы егістік танаптарына тас лақтырып, үйіп тастады. Жасақшылар бұлақ көздерінің барлығын бітеп, күллі жеміс ағаштарын шауып құлатты. Ең ақырында тек Кир-Хәрешет қаласы ғана аман қала берді. Бірақ тас лақтырушы жауынгерлер оны қоршап алып, шабуылдады.
II K Kaz 3:26  Моаб патшасы шайқаста жеңілгенін ұғып, жеті жүз семсер ұстайтын адамымен Едом патшасының жағына қарай әскер шебін жарып өтіп кетпек болды. Бірақ олар өтіп үлгермеді.
II K Kaz 3:27  Сонда Моаб патшасы өзінің ізбасары болуға тиіс тұңғыш ұлын алып, қала қабырғасының үстінде құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. Соған исраилдіктер қатты наразыланып, қаладан шегініп, өз елдеріне қайтып кетті.