Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOSHUA
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Josh Kaz 1:1  Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса қайтыс болған еді. Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаның көмекшісі Нұн ұлы Ешуаға тіл қатып былай деді:
Josh Kaz 1:2  «Қызметшім Мұса қайтыс болды. Енді жинал да, өзің және осы халықтың бәрі Иордан өзенінен өтіп, Мен сендерге, яғни Исраилдің үрім-бұтағына, бергелі отырған елге кіріңдер!
Josh Kaz 1:3  Мен Мұсаға уәде еткенімдей, аяқтарың басқан жердің бәрін сендерге табыстаймын:
Josh Kaz 1:4  (оңтүстіктегі) иен даладан Ливанға дейін, (шығыстағы) үлкен Евфрат өзенінен бүкіл хеттіктер аймағына және батыстағы ұлы теңізге дейінгі аралық сендердің елдеріңнің шегі болмақ.
Josh Kaz 1:5  Тірі кезіңде ешкім саған қарсы тұра алмайтын болады. Мен Мұсамен бірге жүріп, оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар боламын: Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын.
Josh Kaz 1:6  Қайратты да батыл бол! Мен ежелде ата-бабаларына уәде еткен елді халыққа мұралық меншікке үлестіретін сен боласың.
Josh Kaz 1:7  Ендеше қайратты да өте батыл болып, қызметшім Мұса саған тапсырған барлық Таурат заңын сақтап берік ұстанатын бол! Сол заңды орындаудан оңға да, солға да тайқыма! Солай істесең, қайда барсаң да, табысты боласың.
Josh Kaz 1:8  Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол! Сонда ғана өркендеп табысты боласың.
Josh Kaz 1:9  Сонымен саған мынаны бұйырамын: қайратты да батыл бол! Еш нәрседен абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Құдайың Жаратқан Ие сенімен бірге жүріп жар болады».
Josh Kaz 1:10  Бұдан кейін Ешуа халықтың басқарушыларына былай деп бұйырды:
Josh Kaz 1:11  «Ел қонысын аралап шығып, халыққа мына нұсқауды беріңдер: Өздеріңе азық-түлік дайындап алыңдар! Үш күннен кейін осы Иордан өзенінен өтіп, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемдену үшін табыстап отырған елге кіресіңдер».
Josh Kaz 1:12  Ал Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына Ешуа мынаны тапсырды:
Josh Kaz 1:13  — Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның өздеріңе берген бұйрығын естеріңе түсіріңдерші: Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлап, (мекендейтін орынға) осы жерді табыстады.
Josh Kaz 1:14  Әйелдерің, бала-шағаларың мен мал-мүліктерің Мұсаның өздеріңе Иордан өзенінің бергі бетінде үлестірген осы жерде қала берсін. Бірақ барлық батыл да мықты жауынгерлерің толықтай қару-жарақтанып, бауырлас руларыңның алдында жүріп өзеннен өтсін. Оларға қол ұшын беріңдер!
Josh Kaz 1:15  Жаратқан Ие сендерге сыйлағандай, бауырластарыңа да тыныштық сыйлап, Құдайларың Жаратқан Ие табыстап отырған сол елді иемденгенге дейін оларға көмектесіңдер! Содан кейін өз меншікті елдеріңе қайтып келіп, Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса өздеріңе Иорданның осы шығыс бетіндегі белгілеп берген жерін иемденіп, қоныстануларыңа болады.
Josh Kaz 1:16  Сол рулардың адамдары Ешуаға жауап беріп былай деді:— Бізге не бұйырсаңыз, соның бәрін орындаймыз, қайда жіберсеңіз, сонда барамыз.
Josh Kaz 1:17  Біз Мұсаны қалай тыңдаған болсақ, сізді де солай тыңдаймыз. Ендеше Құдайыңыз Жаратқан Ие Мұсамен бірге жүріп жар болғандай, сізге де жар бола берсін.
Josh Kaz 1:18  Сіздің бұйрықтарыңызға қарсы шығып, сөздеріңізді толықтай тыңдамайтын кез келген адам өлтіріледі. Сонымен қайратты да батыл болыңыз!