Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOEL
1 2 3
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
Joel Kaz 3:1  «Біліп алыңдар, Мен сол оқиғалар болатын заманда Яһуда елі мен Иерусалимнің тұтқында жүрген халқын қайтарып, игілікке кенелтемін.
Joel Kaz 3:2  Сонда Мен халықтардың барлығын жинап, «Жаратқан Иенің Соттау аңғарына» алып барамын. Сол жерде Мен осы халықтарды Өзімнің меншікті халқым Исраилді басқа елдердің арасына шашыратып жібергендері үшін соттап жазалаймын. Олар Менің елімді өзара бөлісті,
Joel Kaz 3:3  халқымды да жеребе тастап бөлісіп алды: ұл балаларды жезөкшенің ақысына айырбастап, бойжеткендерді шарапқа сатып, ішіп қойып жүрді».
Joel Kaz 3:4  «Ал сендер, уа, Тир мен Сидон және філістір елінің аймақтары, Маған не істейін деп жатырсыңдар? Сендер Менен кек алғыларың келе ме? Егер солай ететін болсаңдар, Мен істегендеріңді өз бастарыңа лезде-ақ қайтарамын.
Joel Kaz 3:5  Өйткені сендер Менің алтын-күмісім мен қымбат бағалы бұйымдарымды тартып алып, өз ғибадатханаларыңа апарып қойдыңдар.
Joel Kaz 3:6  Сонымен қатар өз елдерінен аластатып, басқа жаққа жіберу үшін Яһуда мен Иерусалимнің адамдарын гректерге саттыңдар.
Joel Kaz 3:7  Біліп қойыңдар, Мен оларды өздерің сатып жіберген елдерден жетелеп алып келемін. Ал оларға істегендеріңді өз бастарыңа түсіремін.
Joel Kaz 3:8  Өздеріңнің ұл-қыздарыңды Яһуданың адамдарына сатамын, олар соларды алыста тұратын Сәба халқына сатып жібереді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Joel Kaz 3:9  Халықтардың арасында мынаны жариялаңдар: «Соғысқа дайындалып, батырларыңды шақырыңдар! Барлық жасақшыларың аттанып, осында өрлеп келсін!
Joel Kaz 3:10  Соқаларыңнан семсер, орақтарыңнан найза жасаңдар! Әлсіздерің «Мен мықтымын!» дейтін болсын.
Joel Kaz 3:11  Барлық халықтар, тездетіп жан-жақтан келіңдер, бәрің де сол жерге жиналыңдар!»— Уа, Жаратқан Ие, өз батырларыңды алып келе гөр!
Joel Kaz 3:12  — Халықтар тұрып, Жаратқан Иенің Соттау аңғарына өрлеп келсін! Мен сонда отырып, айналадағы барлық халықтарды соттайтын боламын.
Joel Kaz 3:13  Орақтарыңмен орыңдар, өйткені өнім дайын. Келіп, жүзімді басып сығыңдар, өйткені сыққыш өнімге толып тұр, енді күбілер шырынға толмақ. Себебі сол адамдардың зұлымдығы шектен асып кетті.
Joel Kaz 3:14  Соттау аңғарында сан мыңдаған адамдар күтіп тұр! Себебі жуырда Жаратқан Иенің күні Соттау аңғарында айқын көрінеді.
Joel Kaz 3:15  Күн мен ай қараңғыланып, жұлдыздар да сөніп қалады.
Joel Kaz 3:16  Сонда Жаратқан Ие Сионнан ақырып, Иерусалимнен дауысын шығарады. Сол кезде аспан мен жер шайқалады. Бірақ Жаратқан Ие — өз халқының бас сауғалайтын панасы, Исраилдің үрім-бұтағының қамал іспетті берік қорғаушысы!
Joel Kaz 3:17  «Сол кезде сендер Менің, өз Құдайларың Жаратқан Иенің, киелі тауым Сионда тұратынымды білетін боласыңдар. Иерусалим қаласы Өзіме бағышталып қасиетті болады. Енді оны ешбір жат жұрттық басып ала алмайды.
Joel Kaz 3:18  Сол күні таулардан тәтті шырын тамшылап, төбелерден сүт ағатын болады, Яһуданың барлық жылғаларында су ағады. Жаратқан Иенің киелі үйінен басталған бұлақ Аққараған аңғарын суға кенелтеді.
Joel Kaz 3:19  Яһуданың халқына жасаған қиянаттары үшін және өз жерінде отырған халықтың жазықсыз қанын төккендері үшін Мысыр елі қаңырап бос қалып, Едом елі де қу медиенге айналады.
Joel Kaz 3:20  Ал Яһуда бұдан былай бос қалмайды. Иерусалимді де ұрпақтан ұрпаққа мекендейтін болады.
Joel Kaz 3:21  Мен олардың әлі кешірілмеген, қан төгіп жасаған күнәларын кешіремін».Сонымен Жаратқан Ие Сионда тұратын болады.