Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JUDGES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 17
Judg Kaz 17:1  Ефремнің таулы аймағында Миха есімді бір кісі тұратын.
Judg Kaz 17:2  Бірде ол шешесіне:— Мен сіздің ұрланған бір мың бір жүз мысқал күмісіңіз туралы қарғыс айтқаныңызды естіп қалдым. Күмісіңіз менде, соны мен алған едім, — деді. Сонда шешесі: «Жаратқан Ие ұлымды пәледен сақтап жарылқай көрсін!» — деп жалбарынды.
Judg Kaz 17:3  Осылай Миха бір мың бір жүз мысқал күмісті шешесіне қайтарып берді. Ал шешесі:— Мен осы күмісімді Жаратқан Иеге бағыштаймын. Одан ұлымның игілігі үшін бір тәңір мүсінін ағаштан ойдырып, тағы біреуін күмістен құйдырып жасатамын. Сөйтіп күмісті өзіңе қайтарып беремін, — деді.
Judg Kaz 17:4  Сол себепті ұлы күмісті әкеліп бергеннен кейін шешесі оның екі жүз мысқалын алып, зергерге табыстады. Ол содан ағаштан ойылған және күмістен құйылған екі тәңір мүсінін жасап берді. Бұлар жаңағы Миханың үйінде орнатылды.
Judg Kaz 17:5  Енді Миханың Тәңірге арналған өз киелі үйі болды. Ол (діни қызметкер киетін) жеңсіз сырт киім және шағын тәңір мүсіндерін жасатып, ұлдарының біреуін өзінің діни қызметкері етіп тағайындады.
Judg Kaz 17:6  Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істейтін.
Judg Kaz 17:7  Осы кездері бір леуілік жас жігіт Яһуда жеріндегі Бетлехем қалашығында бір яһуди әулетінде келімсек болып бірге тұрып жатты.
Judg Kaz 17:8  Сол жігіт тұруға басқа жер іздеп Бетлехемнен шықты. Сапар кезінде ол Ефремнің таулы аймағындағы Миханың үйіне келіп тоқтады.
Judg Kaz 17:9  Миха одан:— Сен қайдан келдің? — деп сұрағанда, ол:— Яһудадағы Бетлехемнен шыққан леуілікпін. Тұратын жер іздеп жүрмін, — деп жауап берді.
Judg Kaz 17:10  Миха оған:— Осында қалсаңшы. Маған ақыл-кеңесші және діни қызметкер бол. Мен саған жылына он мысқал күміс беріп, киім-кешек, тамақпен қамтамасыз етемін, — деп ұсыныс жасады.
Judg Kaz 17:11  Леуілік онымен бірге тұруға келісті. Содан осы жас жігіт Михаға ұлдарының біреуі сияқты болып кетті.
Judg Kaz 17:12  Миха леуілікті қызметіне бағыштап кірістіріп, жас жігіт Миханың діни қызметкері болып үйінде тұрды.
Judg Kaz 17:13  Сонда Миха: «Енді мен мынаны білемін: Жаратқан Ие маған оң көзімен қарайтын болады. Өйткені мына леуілікті діни қызметкер етіп қойдым», — деп ойлады.