Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JUDGES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Judg Kaz 14:1  Бір күні Самсон Тимна қаласына барып, сонда бойжеткен філістір қызына көзі түсті.
Judg Kaz 14:2  Самсон әке-шешесіне қайтып келіп:— Мен бір філістір бойжеткенді көрдім. Барып, соны маған алып беріңіздерші! — деп сұрады.
Judg Kaz 14:3  Бірақ әке-шешесі оған:— Сол құдайсыз філістірлерден барып әйел алатындай, өз руымызда, не бүкіл халқымызда қыз құрып қалды ма? — десе де, Самсон әкесінен:— Сол қызды маған алып беріңіздерші, ол маған ұнайды! — деп өтіне берді.
Judg Kaz 14:4  Жаратқан Ие осы жайтты қолданып, Исраилге сол кезде үстемдік құрған філістір жауларына қарсы әрекетін бастамақ болды, ал Самсонның әке-шешесі соны түсінген жоқ.
Judg Kaz 14:5  Ақыры Самсон әке-шешесімен Тимнаға ылдилап барып, қаланың маңындағы жүзімдіктерге жетті. Аяқ астынан бір жас арыстан Самсонға ақырып шыға келді.
Judg Kaz 14:6  Сол сәтте Жаратқан Иенің Рухы Самсонға құдіретпен қонып, ол арыстанды лақ құрлы көрмей жай қолдарымен-ақ қақ жарып бөліп тастады. Мұны әке-шешесі көрген жоқ, өзі де айтқан жоқ.
Judg Kaz 14:7  Содан Самсон Тимнаға кіріп жаңағы бойжеткенмен сөйлесіп көрді. Қыз Самсонға қатты ұнап қалды.
Judg Kaz 14:8  Біраз уақыттан кейін Самсон сол бойжеткенге үйлену үшін (әке-шешесімен бірге) қайтадан барды. Өзі өлтірген арыстанның өлексесін көру үшін жолдан бұрылып, қараса, оның ішін бір үйір бал арасы жайлап алыпты, балы да бар екен.
Judg Kaz 14:9  Самсон балды қолымен қырып алып, сонысын жеп кете берді. Ол әке-шешесіне қайтып қосылғанда, балдан оларға да берді. Бірақ оны арыстанның қаңқасының ішінен алғаны туралы айтқан жоқ.
Judg Kaz 14:10  Әкесі бойжеткеннің үйіне құда түсіп барып, Самсон жас жігіттердің дәстүріне сай қонақасы берді.
Judg Kaz 14:11  Қайын жұрты Самсонды көргенде қасына еріп жүруге отыз күйеу жолдас қосты.
Judg Kaz 14:12  Самсон соларға былай деді:— Мен сендерге бір жұмбақ айтайын. Егер жеті күн той тарқамайынша оны шешсеңдер, сендерге отыз бәтес жамылғы мен отыз киім беремін.
Judg Kaz 14:13  Егер жұмбақты шеше алмасаңдар, онда отыз бәтес жамылғы мен отыз киімді сендер маған бересіңдер! — Олар:— Айт жұмбағыңды, естиік қандай екенін! — деп келісті.
Judg Kaz 14:14  Сонда Самсон жұмбағын айтты:«Жегіштің ішінен жейтін тағам,Мықтының ішінен тәтті дәм».Жігіттер үш күн бойы жұмбақты шеше алмады.
Judg Kaz 14:15  Төртінші күні олар Самсонның қалыңдығына қоқан-лоқы жасап былай деді: «Күйеуіңді алдап, жұмбақтың шешуін біліп ал да, бізге айтып бер. Әйтпесе біз өзіңді әкеңнің үй ішімен бірге өртеп жібереміз. Сендер бізді осында әдейі тонау үшін шақырыпсыңдар!»
Judg Kaz 14:16  Сонда қалыңдығы Самсонның қасында жылай беріп:— Сен мені сүймейсің, мені жек көресің! Халқымның адамдарына жұмбақ айтып, оның шешуін тіпті маған да ашпадың! — деді. Ол:— Мен шешуін тіпті өз әке-шешеме де айтқан жоқпын. Неге саған айтуым керек? — деп жауап берді.
Judg Kaz 14:17  Сол тойдың қалған күндері қалыңдығы Самсонның қасында жылай беріп, оны мезі қылғаннан кейін, жетінші күні ол жұмбақтың шешуін қалыңдығына айтып берді. Ал ол соны жұртына жеткізді.
Judg Kaz 14:18  Сөйтіп, қаланың адамдары жетінші күні күн батпай тұрып Самсонға:— Балдан тәтті не бар? Арыстаннан мықты не бар? — деп шешуін айтып берді. Самсон оларға астарлап:— Менің қашарыммен жерді айдамасаңдар, жұмбақты шеше алмас едіңдер, — деп жауап қайырды.
Judg Kaz 14:19  Сонда Самсонға Жаратқан Иенің Рухы құдіретпен қонып, ол (філістірлердің) Ашкелон қаласына ылдилап барып, сол жердің отыз адамын өлтірді. Олардан олжа алып, отыз киімді жұмбақтың шешуін айтқандарға үлестіріп берді.Самсонның қаһары лаулап, ол әкесінің үйіне өрлеп қайта оралып, сол жерде тұрып қалды.
Judg Kaz 14:20  Ал оның қалыңдығы тойдағы ең жақын күйеу жолдасына ұзатылды.