JUDGES
Chapter 7
Judg | Kaz | 7:1 | Содан соң Еруб-Бағал (деп те аталған Гедеон) және онымен бірге бүкіл жасақ ерте тұрып, Харод бұлағының жанында қостарын тікті. Мадияндықтардың тұрағы олардан солтүстікте, Море төбесінің маңындағы аңғарда болатын. | |
Judg | Kaz | 7:2 | Жаратқан Ие Гедеонға былай деп тапсырды: «Мадияндықтарды қолдарына тапсыруым үшін сенімен бірге шыққан жасақ тым көп. Әйтпесе кейін исраилдіктер «Өз күшіміз бізді жау қолынан құтқарды» деп Менің алдымда мақтанып жүрер. | |
Judg | Kaz | 7:3 | Сондықтан жасақтың алдында: «Кім жүрексініп тұрса, осы Ғилақад төбесінен кетіп, үйіне қайта берсін!» деп жарияла». — Гедеон солай істегенде, жиырма екі мың адам үйлеріне қайтып, он мыңы ғана қалды. | |
Judg | Kaz | 7:4 | Бірақ Жаратқан Ие: «Сарбаздар әлі де тым көп. Оларды төменге қарай, суға алып бар. Сол жерде Мен оларды іріктеймін. Содан кейін кімнің баратынын, кімнің бармайтынын Өзім саған анықтап айтып беремін», — деді. | |
Judg | Kaz | 7:5 | Осылайша Гедеон жасақты төменге, ағып жатқан су көзіне ертіп алып барды. Жаратқан Ие оған нұсқап былай деді: «Суды ит сияқты жалап ішкендерді бір жаққа, тізерлеп ішкендерді басқа жаққа бөлекте!» — | |
Judg | Kaz | 7:6 | Сонда суды алақанымен ұрттап, жалап ішкендердің саны үш жүз болды, ал қалған сарбаздардың барлығы суды тізерлеп жатып ішті. | |
Judg | Kaz | 7:7 | Мұнан кейін Жаратқан Ие Гедеонға уәде беріп: «Мен осы үш жүз адаммен сендерді құтқарып, мадияндықтарды қолыңа тапсырамын. Ал қалғандары үйлеріне қайта берсін», — деді. | |
Judg | Kaz | 7:8 | Гедеон үш жүз сарбазды бөлек тұрғызып, қалғандарының азық-түліктері мен кернейлерін алып қалып, өздерін қостарына қайтарып жіберді. Мадияндықтардың тұрағы төменде, аңғарда болатын. | |
Judg | Kaz | 7:9 | Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Орныңнан тұрып, ылдилап мадияндық жасақшылардың тұрағына аттан! Себебі Мен оны сенің қолыңа тапсырдым. | |
Judg | Kaz | 7:10 | Ал егер шабуыл жасаудан қауіптенсең, көмекші Пурахты ертіп аңғардағы Мадиянның тұрағына білдіртпей түс. | |
Judg | Kaz | 7:11 | Сол жерде олардың айтқан сөздеріне құлақ түр. Сонда естігендерің арқылы жігерленіп, жасақшылар тұрағына шабуыл жасауға батылданасың».Содан Гедеон көмекшісі Пурахпен тұрақ шетіндегі бір жасақшылар тобына таяп барды. | |
Judg | Kaz | 7:12 | Ал күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары аңғарда шегіртке үйірлеріндей қаптап, түйелері де теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей сансыз көп болып жатыр екен. | |
Judg | Kaz | 7:13 | Гедеон таяп келгенде, бір адам өзінің көрген түсін жолдасына айтып жатты:— Мен мынадай түс көрдім: бір таба арпа наны мадиянның тұрағына домалап құлап түсіпті. Ол бір қосқа соғылып, оны аударып түсіріп, жермен-жексен қылған екен. — | |
Judg | Kaz | 7:14 | Жолдасы:— Бұл түс сол исраилдік Жоғас ұлы Гедеонның семсері туралы ғана болуы мүмкін! Құдай Мадиянды және оның бүкіл тұрағын соның қолына тапсырған болса керек! — деп жауап қайтарды. | |
Judg | Kaz | 7:15 | Гедеон осы түсті әрі оның жоруын естіген соң, Жаратқан Иеге басын иіп ғибадат етті. Исраилдің тұрағына қайта оралғаннан кейін ол: «Тұрыңдар! Жаратқан Ие Мадиян жасағының тұрағын сендердің қолдарыңа тапсырды!» — деп әмір берді. | |
Judg | Kaz | 7:16 | Гедеон үш жүз адамын үш топқа бөліп, әрбір адамның қолына бір-бірден керней және ішінде жанып тұрған алауы бар бос құмыраларды ұстатты да, | |
Judg | Kaz | 7:17 | оларға былай деп бұйырды: «Маған қарап, істегендерімді қайталаңдар! Мен тұрақтың шетіне жеткенде дәл менің істегенімдей сендер де істеңдер! | |
Judg | Kaz | 7:18 | Мен және қасымдағылар дабыл беріп керней тартқан кезде сендер де тұрақты айналдыра кернейлеріңді тартыңдар! «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін (семсер)!» деп айқайлап ұран да салыңдар!» | |
Judg | Kaz | 7:19 | Түн ортасында, екінші күзет енді ғана басталған кезде Гедеон қасындағы бір жүз адамымен тұрақтың шетіне жетті. Олар кернейлерін тартып, қолдарындағы құмыраларын сындырып тастады. | |
Judg | Kaz | 7:20 | Сонда үш топтың күллі адамдары да кернейлерін тартып, құмыраларын сындырды. Олар сол қолдарымен жалындаған алауларын, оң қолдарымен кернейлерін ұстап тұрды да, «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін семсер!» — деп ұрандаумен болды. | |
Judg | Kaz | 7:21 | Әр адам жаудың тұрағын айналдыра өз орнында тұрды. Сонда тұрақтағылардың барлығы да сасқалақтап жүгіріп бара жатып, қатты айқайлап тым-тырақай қаша жөнелді. | |
Judg | Kaz | 7:22 | Осы үш жүз адам кернейлерін тартқанда, Жаратқан Ие жау тұрағындағы адамдардың бәрін бір-біріне қарсы шығарып, семсерлерімен өзара шайқастырып қойды. Қалған жасақшылар (Иордан өзеніне қарай) Сәрераның жанындағы Бет-Шиттаға, Табаттың маңындағы Әбел-Мехоланың шекарасына дейін қашып кетті. | |
Judg | Kaz | 7:23 | Алайда Исраилдің Нафталим, Ашир және бүкіл Манаса руларының адамдары шақырылып, олар мадияндықтардың соңынан қуып кетті. | |
Judg | Kaz | 7:24 | Гедеон бүкіл Ефрем руының таулы аймағына да хабаршыларын жіберіп: «(Иордан алқабына) төмен түсіп барып, мадияндықтарға қарсы шығыңдар! Бет-Бараға дейінгі су көздерін және өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпаңдар!» — деді.Сонда Ефремнің бүкіл адамдары шақырылып, Бет-Бараға дейінгі су көздерін және Иордан мен басқа да өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпады. | |