Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JUDGES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
Judg Kaz 6:1  Ал исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Содан Жаратқан Ие оларды жеті жылға Мадиян халқының қолына тапсырды.
Judg Kaz 6:2  Мадияндықтар Исраилге тым қатты зорлық-зомбылық көрсеткендіктен, исраилдіктер өздеріне тау шатқалдарында үңгірлер мен бекіністер дайындап алып, сонда бас сауғалады.
Judg Kaz 6:3  Себебі исраилдіктер жерге егін еккен сайын, мадияндықтар амалектіктермен және шығыстың басқа да көшпелі тайпаларымен бірге оларға шапқыншылық жасай беретін.
Judg Kaz 6:4  Жау исраилдіктерге қарсы қостарын тігіп, тіпті Газаға дейінгі аралықтағы барлық жердің өнімін құртты. Олар Исраилде ешқандай азық-түлік атаулыны тастамай, не ірілі-ұсақты малдан, не есектерден бірде-біреуін де тірі қалдырмайтын.
Judg Kaz 6:5  Сол тайпалар малдарымен, қостарымен елді шегірткедей қаптап кететін, себебі адамдары мен түйелері сансыз көп болатын. Олар елге басып кіріп, оның сау тамтығын да қалдырмайтын.
Judg Kaz 6:6  Осылайша исраилдіктер мадияндықтардың кесірінен қатты күйзеліске түсіп, Жаратқан Иеге жалбарына сиынды.
Judg Kaz 6:7  Олар мадияндықтарға бола Жаратқан Иеге жалынып мінажат еткендіктен,
Judg Kaz 6:8  Жаратқан Ие Исраилге бір пайғамбарды жіберді. Ол халыққа былай деді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Өзім сендерді құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шықтым;
Judg Kaz 6:9  мысырлықтардың қолынан және өздеріңді жәбірлеген басқалардың да барлығынан сендерді құтқардым. Оларды алдарыңнан қуып шығып, жерлерін сендерге табыстадым.
Judg Kaz 6:10  Өздеріңе былай дегенмін: «Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Енді сендер аморлықтардың жерін мекендеп тұрсыңдар, ал олардың жалған тәңірлерінен қорқып, соларға табынбаңдар!» Бірақ та сендер Мені тыңдамадыңдар».
Judg Kaz 6:11  Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі Офрадағы дәу еменнің түбіне барып, сонда отырды. Бұл жер Әбиезердің ұрпағы Жоғастың меншігі еді. Сол кезде Жоғастың ұлы Гедеон жинаған бидайының дәндерін мадияндықтардан сақтап қалу үшін оны жүзім сыққыштың ішінде бастырып жатқан еді.
Judg Kaz 6:12  Жаратқан Иенің періштесі Гедеонға көрініп:— Жаратқан Ие саған жар, мықты батыр! — деп тіл қатты.
Judg Kaz 6:13  Гедеон оған былай деп жауап берді:— Уа, мырзам, егер Жаратқан Ие бізге жар болса, онда неліктен осының бәрі басымызға түсті? Аталарымыз бізге айтып берген Оның барлық кереметтері қайда кеткен?! Олар: «Халқымызды Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие емес пе еді?» дейтін. Ал қазір Жаратқан Ие бізді тастап кетіп, мадияндықтардың қолына бере салды!
Judg Kaz 6:14  Жаратқан Ие Гедеонға бұрылып:— Сен бар да, осы құдіретіңмен Исраилді мадияндықтардың қолынан құтқарып ал! Сені жұмсап тұрған Өзім емеспін бе?! — деп аманаттады.
Judg Kaz 6:15  Бірақ Гедеон:— Уа, Мырзам, мен қалайша Исраилді құтқармақпын? Менің әулетім руым Манасаның ішіндегі ең әлсізі, әрі өзім де әкемнің үйіндегі кенжесімін ғой! — деп жауап қатты.
Judg Kaz 6:16  Жаратқан Ие оған:— Мен, сөзсіз, сенімен бірге жүріп, жар боламын! Сонда сен жалғыз бір-ақ адамды соққандай, мадияндықтардың барлығына да күйрете соққы бересің, — деп уәде берді.
Judg Kaz 6:17  Гедеон:— Уа, Ием, егер Сен маған оң көзбен қарасаң, онда менімен сөйлесіп тұрған шынымен Өзің екенін дәлелдейтін белгі ретінде бір керемет көрсете гөр.
Judg Kaz 6:18  Енді мен барып, Саған арнап бір сый-тарту алып келгенше алыстап кетпей, осында бола тұрсаң екен, — деп өтінді. Жаратқан Ие:— Жарайды, сен қайтып келгенше Мен күте тұрайын, — деп келісті.
Judg Kaz 6:19  Гедеон үйіне барып, бір лақты сойып, етін асты да, бір қапшық ұннан ашытқысыз нан пісірді. Содан соң лақтың етін себетке салып, сорпасын ыдысқа құйып алып, еменнің түбінде періштенің алдына қойды.
Judg Kaz 6:20  Құдайдың періштесі Гедеонға:— Ет пен нанды мына тастың үстіне қойып, сорпаны құй! — деп тапсырды. Гедеон солай істеді.
Judg Kaz 6:21  Сонда Жаратқан Иенің періштесі қолындағы таяғының ұшын ет пен нанға тигізді. Лезде тастан от лап етіп шықты да, ет пен нанды жалмап қойды. Ал періште Гедеонның көзіне көрінбей қалды.
Judg Kaz 6:22  Бұдан Гедеон оның шынымен Жаратқан Иенің періштесі екеніне көз жеткізіп:— О, Жаратушы Тәңір Ие! Мен Жаратқан Иенің періштесінің жүзін бетпе-бет көрдім! Енді маған не болар екен? — деп абыржып қалды.
Judg Kaz 6:23  Ал Жаратқан Ие оны:— Саған амандық болсын! Қорықпа, содан өлмейсің, — деп жігерлендірді.
Judg Kaz 6:24  Гедеон сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оған «Жаратқан Ие — амандық (бастауы)» деген ат қойды. Сол құрбандық орны күні бүгінге дейін Әбиезер әулетіне тиесілі Офра деген жерде тұр.
Judg Kaz 6:25  Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Әкеңнің табынынан жеті жасар екінші бұқаны ал. Әкеңнің Бағалға арнаған құрбандық орнын қиратып, оның жанындағы Ашераға бағышталған бағананың түбіне де балта шап!
Judg Kaz 6:26  Содан соң Құдайың Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орынды дұрыстап қалап сал. Екінші өгізді шалып, Ашераға бағышталған бағананың ағашымен түгелдей өртелетін құрбандық ретінде ұсын!»
Judg Kaz 6:27  Сонда Гедеон қызметшілерінің арасынан он адамды алып, Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындады. Бірақ ол әкесінің үй ішінен және қала халқынан қорқып, мұны күндіз емес, түнде істеді.
Judg Kaz 6:28  Таңертең қала халқы ерте тұрып қараса, міне, ғажап, Бағалға құрбандық ұсынатын орын қиратылып, оның жанындағы ағаш бағананың түбіне балта шабылыпты! Ал жаңадан салынған құрбандық ұсынатын орында екінші бұқа құрбандыққа шалынып, өртеліпті!
Judg Kaz 6:29  Олар бір-біріне: «Бұны кім істеді екен?» — десіп, тексеріп сұрастырып, мұны Жоғас ұлы Гедеонның істегенін біліп алды.
Judg Kaz 6:30  Содан қала халқы Жоғастан талап етіп:— Балаңды үйіңнен мұнда алып кел! Ол өлуге тиіс! Себебі Бағалдың құрбандық орнын қиратып, жанындағы Ашераның бағанасын да шауып тастапты, — деді.
Judg Kaz 6:31  Бірақ Жоғас қарсы шыққандарға былай деп жауап берді:— Сендер Бағал үшін күреспексіңдер ме? Оны сендер құтқармақсыңдар ма? Бағал үшін күресетін әркім таңертеңге дейін өледі! Егер Бағал шынымен тәңір болса, өзі үшін өзі күресіп, құрбандық орнын қиратқан адамның көзін өзі құртсын! —
Judg Kaz 6:32  Сол күннен бастап жұрт Гедеонды «Еруб-Бағал» деп атайтын болды. Бұл «ол Бағалға арнап құрбандық ұсынатын орынды қиратып тастағандықтан, Бағал онымен өзі күрессін» деген мағынаны білдіреді.
Judg Kaz 6:33  Содан кейін күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары бірге жиналды. Олар Иордан өзенінен өтіп, Ізрел аңғарына жетіп, сол жерде қостарын тікті.
Judg Kaz 6:34  Сонда Жаратқан Иенің Рухы Гедеонға қонып, бойын биледі. Гедеон дабыл беріп кернейін тартқанда, Әбиезерден тараған әулет жиналып, оның соңынан ерді.
Judg Kaz 6:35  Ол, сондай-ақ, бүкіл Манаса руына да хабаршыларын жіберіп, оларды өзіне ілесіп аттануға шақырды. Гедеон Ашир, Забулон, Нафталимға елшілерін жолдаған соң, сол рулар да қыратты аймаққа көтеріліп, онымен кездесті.
Judg Kaz 6:36  Мұнан кейін Гедеон Құдайға сиынып былай деді: «Уа, Құдай! Егер Сен шынымен Өзің уәде еткендей, Исраил халқын мен арқылы құтқаратын болсаң, оны былай көрсете гөр:
Judg Kaz 6:37  Мен қырманға қырқылған жүнді жаямын. Егер таңертең шық тек жүннің үстіне ғана түсіп, ал жер құрғақ болса, онда Сен Өзің уәде еткендей, Исраилді жаудан мен арқылы құтқаратыныңды білетін боламын». —
Judg Kaz 6:38  Бұл солай болды да. Гедеон келесі күні таңертең ерте тұрып, жүннен табақ толатындай су сығып алды.
Judg Kaz 6:39  Ал Гедеон қайтадан Құдайға сиынып былай деді: «Қаһарлана көрмеші, тағы бір өтінішімді айтайын: мен тағы бір рет көзімді жеткізгім келеді. Бұл жолы жүн құрғақ, ал айналасындағы жер шықтан дымқыл болсын!» —
Judg Kaz 6:40  Құдай сол түні дәл осылай істеді. Жүн ғана құрғақ болып, айналасындағы жердің бәріне шық түсіпті!