Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JUDGES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Judg Kaz 9:1  Бірде Еруб-Бағал (яғни Гедеон) ұлы Әбумәлік шешесінің Сихем қаласындағы аға-інілеріне барып, оларға және бүкіл нағашы жұртына былай деп тіл қатты:
Judg Kaz 9:2  «Сихемнің күллі азаматтарына былай деңіздер: Сіздерге қайсысы пайдалы: Еруб-Бағалдың барлық ұлдары — жетпіс адамның билік жүргізгені ме, әлде тек біреуінің ғана ма? Оның үстіне мен сіздердің қандас туысқандарыңызбын ғой, соны да ұмытпаңыздар!»
Judg Kaz 9:3  Сонда шешесінің төркіндері Сихемнің өзге азаматтарының алдында Әбумәліктің сөзін сөйледі. Бұлардың көңілдері де Әбумәлікке ауды, өйткені олар: «Ол біздің қандас туысымыз», — десті.
Judg Kaz 9:4  Сихемдіктер оған Бағал-Беріттің ғибадатханасынан жетпіс мысқал күміс табыстады. Әбумәлік күміске ар-ұяттан безген, ешкімді менсінбейтін адамдарды жалдап алып, олар оған ілесіп жүретін болды.
Judg Kaz 9:5  Әбумәлік сол сарбаздарын ертіп Офраға, марқұм әкесі Еруб-Бағалдың әулетіне аттанып барып, оның жетпіс ұлын — өзінің туған бауырларын тұтқындап, бір дәу тастың үстінде өлтіртіп тастады. Тек Еруб-Бағалдың кенже ұлы Жотам ғана тығылып аман қалды.
Judg Kaz 9:6  Содан соң Сихемнің басқарушылары әрі Бет-Миллоның күллі азаматтары жиналып, Сихемдегі бағананың маңындағы емен ағашының қасына барып, сол жерде Әбумәлікті патша етіп тағайындады.
Judg Kaz 9:7  Осы оқиға туралы Жотам естігенде, Гәризим тауының басына шығып, бар даусымен айқайлап былай деді: «Сихемнің басшылары, сөзіме құлақ түріңдер! Сонда Құдай сендерге құлақ сала көрсін!
Judg Kaz 9:8  Бір күні ағаштар өздеріне патша тағайындамақ боп шешіпті. Сол себепті олар зәйтүн ағашына:— Бізге патша бол! — депті.
Judg Kaz 9:9  Ал зәйтүн ағашы оларға:— Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана тәңірлер мен адамдарға құрмет сыйлайтын майымды өндіруді доғаруым керек пе? — деп жауап қайтарыпты.
Judg Kaz 9:10  Сонда ағаштар інжір ағашына:— Онда сен келіп, бізге патша бол! — депті.
Judg Kaz 9:11  Бірақ інжір ағашы оларға:— Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана дәмді де тәтті жеміс беруімді доғаруым керек пе? — деп жауап беріпті.
Judg Kaz 9:12  Содан соң ағаштар жүзім бұтасына:— Сен біздің патшамыз бола гөр! — депті.
Judg Kaz 9:13  Бірақ жүзім бұтасы оларға:— Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана тәңірлер мен адамдардың көңілін көтеретін шырын беруімді доғаруым керек пе? — деп жауап қайырыпты.
Judg Kaz 9:14  Сонда ағаштардың барлығы тікенді бұтаға:— Ендеше сен патша бол! — депті.
Judg Kaz 9:15  Тікенді бұта оларға:— Егер сендер мені шынымен өздеріңе патша қылғыларың келсе, онда келіп, менің көлеңкемді паналаңдар. Ал егер алдап тұрсаңдар, онда тікенді бұтадан от лап етіп шығып, тіпті Ливанның самырсындарын да өртеп жіберсін! — депті.
Judg Kaz 9:16  Ендеше, егер сендер Әбумәлікті патша етіп тағайындаған кезде адалдық пен ізгі ниет көрсеткен болсаңдар, яғни Еруб-Бағал марқұм мен оның әулетіне жақсылық жасап оның істегеніне лайықты іс-әрекет жасаған болсаңдар, онда жақсы.
Judg Kaz 9:17  Ал Еруб-Бағал кезінде сендер үшін өз басын қатерге тігіп, шайқасып, сендерді мадияндықтардан аман-есен құтқарып қалған болатын.
Judg Kaz 9:18  Бірақ сендер бұл күндері әкемнің отбасына қарсы бас көтеріп, оның жетпіс ұлын бір дәу тастың үстінде қырып тастадыңдар, ал оның күңінен туған ұлы Әбумәлікті өздеріңе туысқан болғандықтан Сихемнің азаматтарының үстінен патша етіп қойдыңдар.
Judg Kaz 9:19  Егер сендер осыны істегенде шынайы да адал ниетпен әрекеттенген болсаңдар, онда Әбумәлік сендерді, сендер Әбумәлікті қуантыңдар.
Judg Kaz 9:20  Ал егер солай істемеген болсаңдар, онда Әбумәліктен от лап етіп сендерді: Сихем мен Бет-Миллоның азаматтарын жалмап қойсын, әрі сендерден де от лап етіп, Әбумәлікті жалмап қойсын!»
Judg Kaz 9:21  Жотам осыны айтып болған соң, ағасы Әбумәліктен бас сауғалап Бегер жағына қашып барып, сонда тұрды.
Judg Kaz 9:22  Әбумәлік Исраилге үш жыл бойы басшылық етті.
Judg Kaz 9:23  Алайда Құдай Әбумәлік пен Сихем азаматтарының арасына араздық туғызатын жын жіберіп, Сихемнің адамдары Әбумәлікке қарсы опасыздық жасады.
Judg Kaz 9:24  Осылайша Ол өз ағайындары — Еруб-Бағалдың жетпіс ұлына зорлық жасаған Әбумәліктің мойнына және мұнысын қолдаған Сихемнің азаматтарының мойындарына солардың төгілген қанын салып, олар әділ жазаларын тартулары керек болды.
Judg Kaz 9:25  Сихемдіктер Әбумәлікке қарсы шығып, қырат бастарына тосқауыл қойып, сол жерден өткендердің бәрін тонайтын. Бұл туралы Әбумәлікке хабар тиді.
Judg Kaz 9:26  Сол екі арада Ебед ұлы Ғағал өзінің ағайындыларымен бірге Сихемге көшіп келіп, қала азаматтарының сеніміне ие болды.
Judg Kaz 9:27  Сихемдіктер жүзімдіктерінің өнімін жинап, жүзім шырынын сығып болған соң, көңілді мереке өткізді. Сонда олар өздерінің табынатын жалған тәңірлері Бағалдың ғибадатханасына барып, сонда ішіп-жеп, Әбумәлікті қарғап-сіледі.
Judg Kaz 9:28  Ебед ұлы Ғағал сол жерде отырып былай деді: «Біз — Сихемнің азаматтары оған қызмет ететіндей, Әбумәлік деген кім еді өзі? Ол — Еруб-Бағалдың ұлы, әрі Зебул — оның орынбасары емес пе? Ендеше сендер (арғы аталарың) Сихемнің әкесі Хамордың ұрпақтарына ғана қызмет етіңдер! Біз неге исраилдіктерге қызмет етуіміз керек, ә?
Judg Kaz 9:29  Осы халық менің қол астымда болса ғой, шіркін! Онда мен Әбумәлікті қуып жіберер едім! Әбумәлікке: Бүкіл жасағыңды шақырып алып, шайқасқа аттан! — дер едім».
Judg Kaz 9:30  Осы сөздер қаланың әкімі Зебулге жеткенде, ол қатты ашуланды.
Judg Kaz 9:31  Зебул Арумада жүрген Әбумәлікке құпия хабаршыларын жіберіп былай деді: «Тақсыр, Ебед ұлы Ғағал өзінің ағайындарымен Сихемге көшіп келіп, енді халықты сізге қарсы айдап салып жүр!
Judg Kaz 9:32  Сондықтан қасыңыздағы жасақпен бірге түнде аттанып, далада тосқауыл құрыңыздар!
Judg Kaz 9:33  Таңертең ерте, күн шыға салысымен қалаға бас салыңыздар. Ғағал қасындағы адамдарымен қаладан сізге қарсы шыққанда, оған қалағаныңызды істей көріңіз!»
Judg Kaz 9:34  Осылайша Әбумәлік қасындағы бүкіл жасағын ертіп, түнде жолға шықты да, Сихемге жетті. Олар төрт топқа бөлініп, қалаға қарсы тосқауылдар құрды.
Judg Kaz 9:35  (Келесі күні таңертең) Ебед ұлы Ғағал қаладан шығып, қала қақпасының алдында тұрған кезде, Әбумәлік пен оның адамдары жасырынған орындарынан тұтқиылдан шыға келді.
Judg Kaz 9:36  Ғағал оларды көргенде Зебулге:— Анаған қараңыз, қырат бастарынан адамдар түсіп келе жатыр! — деді. Бірақ Зебул оған жауап қайырып:— Қыраттардың көлеңкесін адам екен деп көріп отырсың, — деді.
Judg Kaz 9:37  Ғағал қайтадан тіл қатып:— Жоқ, қараңызшы, елдің жоғарғы жағынан адамдар ылдилап келе жатыр! Көріпкелдер емені жағынан да бір топ адам келе жатыр! — деді.
Judg Kaz 9:38  Зебул оған:— Онда сенің: «Біз оған қызмет ететіндей, Әбумәлік деген кім еді өзі?» деп мақтанғаның қайда?! Сенің менсінбеген адамдарың осылар емес пе? Енді шығып, олармен шайқасып көр! — деді.
Judg Kaz 9:39  Ғағал Сихемнің азаматтарын бастап алып шығып, Әбумәлікпен шайқасты.
Judg Kaz 9:40  Әбумәлік Ғағалдың артынан қуып, Сихемнің көптеген адамдары қашып кетіп, қала қақпасына жетпей қаза болды.
Judg Kaz 9:41  Бұдан кейін Әбумәлік Арумаға қайта оралды, ал Зебул Ғағал мен оның ағайындарын Сихемнен қуып шықты.
Judg Kaz 9:42  Келесі күні Сихемнің көптеген адамы қаладан далаға шықты. Бұл туралы хабар Әбумәлікке жетті.
Judg Kaz 9:43  Ол өз адамдарын үш топқа бөлді де, далада тосқауыл құрып оларды күтіп тұрды. Қаланың адамдарының таяп келе жатқанын көргенде, Әбумәлік орнынан шыға келіп, оларға бас салды.
Judg Kaz 9:44  Әбумәлік қасындағы тобымен алға ентелеп, қала қақпасының маңын басып алды. Ал қалған екі топ далада қалғандарды қырып-жоюмен болды.
Judg Kaz 9:45  Әбумәлік күні бойы қалаға шабуыл жасап, ақырында оны басып алып, ондағы адамдардың көздерін құртты. Қаланы жермен-жексен қылып қиратып, үстіне тұз сеуіп шашты.
Judg Kaz 9:46  Сихемнің мұнарасының тұрғындары осыны естігенде, Ел-Беріт деген жалған тәңірдің ғибадатханасының астына бас сауғалап кіріп алды.
Judg Kaz 9:47  Олардың сонда жиналғаны туралы Әбумәлік те естіді.
Judg Kaz 9:48  Ол барлық адамдарымен бірге Салмон төбесіне көтерілді де, балтамен бір құшақ бұтақ кесіп, иығына салып, көтеріп алды. Қасындағы адамдарына: «Мен не істесем, сендер де жылдамдап соны істеңдер!» — деп бұйырды.
Judg Kaz 9:49  Сонда бүкіл адамдары бұтақтар кесіп алып, Әбумәліктің соңынан еріп, қалаға қайтты. Бұтақтарын қамалдың айналасына үйіп, от қойып, өртеп жіберді. Осылай Сихем мұнарасының барлық тұрғындары: әйелі бар, еркегі бар шамамен бір мың адам қаза тапты.
Judg Kaz 9:50  Содан соң Әбумәлік Тебеске барып, оны қоршап, басып алды.
Judg Kaz 9:51  Ал қала ішінде бір мықты мұнара бар болатын. Қаланың бүкіл азаматтары: еркектер мен әйелдер сол мұнараға бас сауғалап қашып барды. Олар бекініп алып, мұнараның жалпақ төбесіне шықты.
Judg Kaz 9:52  Әбумәлік шабуылдамақ болып мұнараға қарай беттеп, от қою үшін мұнара қақпасына жақындай берді.
Judg Kaz 9:53  Сонда бір әйел мұнара төбесінен Әбумәліктің үстіне қол диірменнің үстіңгі тасын тастап жіберіп, оның басы жарылып қалды.
Judg Kaz 9:54  Әбумәлік өзінің қару-жарағын көтеріп жүретін нөкерін дереу шақырып алды да: «Семсеріңді суырып ал да, мені өлтір. Жұрт: «Оны әйел өлтірді» деп жүрмесін!» — деді. Сонда жаңағы жас жігіт оған семсерін сұғып алып, Әбумәлік жан тапсырды.
Judg Kaz 9:55  Исраилдіктер Әбумәліктің қайтыс болғанын көргенде, барлығы үйлеріне қайтып кетті.
Judg Kaz 9:56  Әбумәліктің өзінің жетпіс аға-інісін өлтіріп әкесіне қарсы жасаған сұмдық ісінің есесін Құдай осылайша қайтарды.
Judg Kaz 9:57  Құдай Сихемнің адамдарына да сұмдық істеріне бола жазаларын тартқызып, Еруб-Бағал ұлы Жотамның қарғысы олардың бастарына түсті.