Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JUDGES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 18
Judg Kaz 18:1  Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Дан руының адамдары сол кездері өздері қоныстанатын мұралық жер іздестіріп жүрді. Өйткені олар Исраил руларының арасында өздеріне белгіленген мұралық жерді иемденіп алмаған еді.
Judg Kaz 18:2  Сондықтан дандықтар өз әулеттерінен бес мықты жігітті таңдап алып, оларды бір жерді барлап қайтуға Сора мен Ештағолдан жұмсап жіберді. Оларға: «Сол жерді барлап, жақсылап зерттеп келіңдер!» — деп тапсырды.Бес барлаушы Ефремнің таулы аймағына барып, Миханың үйіне түсіп, сонда түнеп шықты.
Judg Kaz 18:3  Олар Миханың үйіне жақындағанда леуілік жас жігіттің даусын естіп, сөйлеу мәнерінен (оның бөтен келімсек екенін) біліп қойған еді. Барлаушылар жолдан бұрылып, леуіліктің қасына барып:— Сені бұл елге кім алып келді? Мұнда не істеп жүрсің? Неліктен мұндасың? — деп сұрады.
Judg Kaz 18:4  Сонда леуілік оларға Миханың өзіне істегендері туралы айтып:— Миха мені жалдап алды. Мен оның діни қызметкерімін, — деді.
Judg Kaz 18:5  Барлаушылар:— Біздің осы сапарымыз сәтті бола ма, жоқ па, соны Құдайдан сұрап біліп берші, — деп өтінді.
Judg Kaz 18:6  Діни қызметкер оларға:— Тыныштықпен жүре беріңдер! Жүретін жолдарыңа Жаратқан Ие оң көзімен қарайды, — деген жауап берді.
Judg Kaz 18:7  Сол бес жігіт сапарларын жалғастырып, Лаишқа жетті. Ондағы халықты бақылап, олардың сол қалада сидондықтар іспетті аман-есен тұрып, тыныш та бейқам өмір сүріп жатқандарын көрді. Оның үстіне олар сидондықтардан алыс қоныстанып, ешкіммен де қарым-қатынас жасамайтын.
Judg Kaz 18:8  Барлаушы жігіттер Сора мен Ештағолдағы руластарына қайтып оралғанда, бұлар:— Не көріп-біліп келдіңдер? — деп сұрады.
Judg Kaz 18:9  Жігіттер былай деп жауап берді:— Жиналыңдар, оларға қарсы аттанып, тап берейік! Біз әлгі өлкені барлап шығып, оның өте жақсы екенін көрдік! Осылай отыра бересіңдер ме? Сол жаққа барып, оны иемденуден жалтармаңдар!
Judg Kaz 18:10  Сонда жеткенде сендер ұлан-ғайыр аймақта тұрып жатқан бейқам халықты көресіңдер. Құдай аймақты қолымызға түсіріп отыр! Сол өңірде жер бетіндегі игілікті атаулының бәрі де бар! — деді.
Judg Kaz 18:11  Осылай Дан руының қаруланған алты жүз адамы Сора мен Ештағолдан аттанып,
Judg Kaz 18:12  Яһудадағы Кирият-Иғарымның маңына қостарын тігіп түнеді. Кирият-Иғарымның батысында орналасқан сол орынның осы күнге дейін Махане-Дан «Данның тұрағы» деп аталуы да осы себепті.
Judg Kaz 18:13  Дандық жасақ тоқтаған жерінен шығып, Ефремнің таулы аймағынан өтіп бара жатқанда Миханың үйіне таяп қалған еді.
Judg Kaz 18:14  Бұрын Лаиштың жерін барлап қайтқан бес жігіт руластарына: «Мына үйлердің біреуінде (діни қызметкер киетін) жеңсіз сырт киім, шағын тәңір мүсіндері, ағаштан ойылған және күмістен құйылған тәңір мүсіндері бар екенін білесіңдер ме? Енді не істеу қажет екенін ойластырып көріңдер», — деді.
Judg Kaz 18:15  Олар сол жаққа бұрылып, Миханың үйінің жанындағы жас леуіліктің үйіне келіп, онымен амандасты.
Judg Kaz 18:16  Қару-жасақ асынған алты жүз дандық қақпаның кіреберісінде тұрды.
Judg Kaz 18:17  Елді барлап қайтқан бес адам ішке кіріп, ағаштан ойылған мүсінді, жеңсіз сырт киімді, шағын тәңір мүсіндерін және күмістен құйылған мүсінді алып шықты. Сол кезде діни қызметкер алты жүз жасақшымен бірге қақпаның кіреберісінде тұрды.
Judg Kaz 18:18  Әлгі адамдардың Миханың киелі үйіне кіріп, сол мүсіндерді және жеңсіз сырт киімді алып шыққандарын көргенде, діни қызметкер:— Оу, бұл не қылғандарың? — дей беріп еді,
Judg Kaz 18:19  олар:— Тыныштал! Аузыңды жап та, бірге жүр! Бізге ақыл-кеңесші және діни қызметкер бол! Тек бір ғана адамның діни қызметкері болған артық па, әлде Исраилдің түгел бір үрім-бұтағының, бір руының діни қызметкері болған артық па? — деп жауап қайырды.
Judg Kaz 18:20  Діни қызметкер қуанып кетті. Ол жеңсіз сырт киімді, шағын тәңір мүсіндерін және ағаштан ойылып, күміспен қапталған тәңір мүсінін алып, жасақтың арасында олармен бірге жолға шықты.
Judg Kaz 18:21  Дандықтар өздерінің бала-шаға, мал-мүлкін алдарына түсіріп, сапарларын жалғастырды.
Judg Kaz 18:22  Олар сол жерден біраз ұзап кеткенде, Михамен көршілес тұрған адамдар жиналып, Михаға ілесіп бұлардың арттарынан қуып жетті.
Judg Kaz 18:23  Олар дандықтарға айқай салғанда, бұлар арттарына бұрылып Михаға:— Саған не болып қалды, адам жинап, артымыздан қуып шығатындай? — деп дүрсе қоя берді.
Judg Kaz 18:24  Миха оларға жауап қайырып:— Менің жасап алған тәңір мүсіндерімді әрі діни қызметкерді алып кетіп қалдыңдар. Енді менің өзіме не қалды? Сонда менен қалайша «Саған не болды?» деп сұрайсыңдар? — деді.
Judg Kaz 18:25  Бірақ дандықтар:— Енді дыбысыңды шығарма! Әйтпесе арамыздағы қызба жігіттер бас салып, өзің де, әулетің де өмірлеріңмен қош айтысасыңдар, — деп,
Judg Kaz 18:26  әрі қарай кете берді. Олардың өзінен тым басым екенін ұққан Миха кері бұрылып, үйіне қайтып кетті.
Judg Kaz 18:27  Осылай Миханың жасап алған тәңір мүсіндерін тартып алып, оның діни қызметкерін өздеріне ілестіріп алған дандықтар ақырында Лаишқа жетті. Оның тыныш та бейқам тұрып жатқан халқына семсерлерімен тап беріп, қаланы өртеп жіберді.
Judg Kaz 18:28  Лаиштықтарды құтқаратын ешкім болмады. Себебі Сидоннан алыс қоныстанған олар басқа да ешкіммен қарым-қатынас жасамайтын. Қала Бет-Рехоб өңіріндегі аңғарда орналасқан болатын. Дандықтар оны қайтадан салып, соған қоныстанып алды.
Judg Kaz 18:29  Олар қалаға өздерінің түп аталары Исраил ұлы Данның құрметіне Дан деген ат қойды. Қаланың бұрынғы аты Лаиш болатын.
Judg Kaz 18:30  Дандықтар өздеріне жалған тәңір мүсіндерін орнатып алды. Мұса ұлы Гершомнан тараған Жонатан дандықтардың діни қызметкері болды. Халық жер аударылғанға дейін Жонатанның ұрпақтары Дан руының діни қызметкерлері болды.
Judg Kaz 18:31  Құдайдың киелі шатыры Шилода тұрған кездің бәрінде дандықтар Миханың ойдырып жасатқан тәңір мүсініне табынуларын жалғастыра берді.