Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JUDGES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 21
Judg Kaz 21:1  Исраилдіктер бұрын Миспада жиналғанда: «Ешқайсымыз да буняминдіктерге әйелдікке қыз бермейміз!» — деп те ант еткен болатын.
Judg Kaz 21:2  Енді халық Бетелге барып, сол жерде Құдайдың алдында отырып, кешке дейін дауыс көтеріп қатты жылады.
Judg Kaz 21:3  Олар: «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Неге бұл Исраилде осылай болды? Енді Исраилдің бір руы толықтай жоғалып кетіп отыр», — деп жоқтады.
Judg Kaz 21:4  Келесі күні халық ерте тұрып, сол жерде құрбандық ұсынатын орын тұрғызды да, сонда шалынып, түгелдей өртелетін және (Құдаймен қарым-қатынастарына) ризашылық білдіретін құрбандықтарын шалды.
Judg Kaz 21:5  Содан соң исраилдіктер: «Исраилдің руларының қайсысы Жаратқан Иенің алдында өткізілген жиналысқа өрлеп барған жоқ еді?» — деп сұрады. Себебі олар сол кезде Миспада Жаратқан Иенің алдына келмегендерді міндетті түрде өлімге кесу туралы ант берген болатын.
Judg Kaz 21:6  Енді исраилдіктер өз ағайындары буняминдіктерді мүсіркеп: «Бүгінде Исраилден бір ру шорт кесіліп тасталды!
Judg Kaz 21:7  Сонда Бунямин руының аман қалғандарына әйелді қайдан тауып береміз? Біз қыздарымызды оларға әйелдікке бермейміз деп Жаратқан Иенің атымен ант еткен едік қой!» — десті.
Judg Kaz 21:8  Сонымен сұрастыра келе, Миспада Жаратқан Иенің алдында өткізілген жиналысқа Ғилақадтағы Ябестің ешбір адамының келмегені белгілі болды.
Judg Kaz 21:9  Сол кезде жиналған халық түгенделгенде, Ғилақадтағы Ябестің бірде-бір тұрғыны жоқ екендігі анықталған еді.
Judg Kaz 21:10  Ендеше бүкіл жиын оларға қарсы он екі мың мықты сарбазын жіберіп, Ғилақадтағы Ябестің бүкіл тұрғындарын әйел, бала-шағаларымен қоса қырып-жоюды тапсырды.
Judg Kaz 21:11  «Сендер былай істеңдер: әрбір еркек кіндікті де, еркекпен төсектес болған әрбір әйел заты да құртылсын!» — деді.
Judg Kaz 21:12  Сарбаздар Ғилақадтағы Ябесті қолға түсіргеннен кейін оның тұрғындарының арасынан ешқашан еркекпен төсектес болмаған төрт жүз пәк қызды тауып, оларды Қанахан еліндегі Шилодағы тұраққа алып келді.
Judg Kaz 21:13  Содан соң барлық бүкіл жамағат Риммон жартасының маңында бас сауғалап жүрген буняминдіктерге кісі жіберіп, оларға бейбітшілік жариялады.
Judg Kaz 21:14  Буняминдіктер сонда елге оралды. Исраилдіктер Ғилақадтағы Ябестің аман қалған пәк қыздарын оларға қосты. Алайда бұлар буняминдіктерге жетпей қалды.
Judg Kaz 21:15  Жаратқан Ие Исраил руларының арасынан біреуін алып тастап, олардың біртұтастығын бұзғандықтан, халық буняминдіктерге мүсіркеушілік танытты.
Judg Kaz 21:16  Жамағаттың басшылары ақылдасып: «Бунямин руының әйелдері жойылғандықтан, мына қалған еркектерге әйелді қайдан тауып береміз?
Judg Kaz 21:17  Буняминнің құтылып, аман қалғандары өздерінен кейін мұрагер қалдырулары керек, әйтпесе Исраилдің бүкіл бір руы құрып, жоқ болып кетеді ғой.
Judg Kaz 21:18  Бірақ ешқайсымыз оларға өз қыздарымызды бере алмаймыз!» — десті. Себебі исраилдіктер «Буняминдікке қыз берген әркімді қарғыс атсын!» — деп ант еткен болатын.
Judg Kaz 21:19  Сол себепті олар: «Жаратқан Иенің құрметіне Шилода жыл сайын мейрам өткізіледі ғой. Той Бетелдің солтүстігінде, одан Сихемге апаратын үлкен жолдың шығысында және Лебонаның оңтүстігінде болмақ», — десті.
Judg Kaz 21:20  Басшылар буняминдік жігіттерге былай деп нұсқау берді: «Сендер сол жерге барыңдар да, жүзімдіктерде тығылып,
Judg Kaz 21:21  бақылап жатыңдар. Шилоның бойжеткен қыздары би билеуге шыққанда, сендер жүзімдіктерден шыға келіп, әрқайсың шилолық қыздардың ішінен өздеріңе бір-біреуден ұстап алып, Буняминнің жеріне ілестіріп алып, кете беріңдер!
Judg Kaz 21:22  Ал егер олардың әкелері не ағалары келіп, бізге шағымданатын болса, біз оларға: «Бұларға мейірімді болып қыздарыңды қалдырыңдар. Ғилақадтағы Ябеске қарсы соғыс болғанда, біз оларды үйлендіре алмай қалдық. Ал қыздарыңды оларға өздерің қоспағандықтан, айыпты болмайсыңдар!» дейміз».
Judg Kaz 21:23  Буняминдіктер солай істеп, би билеп жүрген қыздарды бір-бірден ұстап алып қашты. Олар өздерінің мұралық жеріне қайтып барып, қалаларын қайтадан салып, соларда тұра берді.
Judg Kaz 21:24  Сонда исраилдіктер өздерінің рулары мен әулеттері бойынша алған мұралық жерлеріне қайтып, тарап кетті.
Judg Kaz 21:25  Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істейтін.