Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 26
Deut Kaz 26:1  Құдайларың Жаратқан Ие сендерге мұралық меншікке табыстап отырған елге еніп, оны иемденіп, қоныстанғаннан кейін,
Deut Kaz 26:2  әрқайсың сол елдің жерінен жинаған өнімдеріңнің біразын себетке салыңдар. Осы сый-тартуларыңды Құдай Ие өз есімінің (жер бетіндегі) тұрағы болуға таңдап алған орынға апарыңдар!
Deut Kaz 26:3  Сол кезде қызмет етіп жүрген діни қызметкерге былай деңдер: «Жаратқан Иенің ата-бабаларымызға бізге беруге антпен уәде еткен еліне келдім. Соны бүгін Құдай Иеңіздің алдында мойындаймын». —
Deut Kaz 26:4  Діни қызметкер себеттеріңді алып, Құдай Иеге арналған құрбандық үстелінің алдына қойсын.
Deut Kaz 26:5  Бұдан кейін Құдай Иеміздің алдында былай деңдер: «Түп атам көшпелі арамалық болатын. Ол азғана адамымен Мысырға көшіп барып, сол елге қоныстанды. Ал түп атамыздан өрбіген ұрпақ үлкен де күшті әрі сансыз көп халыққа айналды.
Deut Kaz 26:6  Сонда мысырлықтар бізге жаман қарап, зорлық-зомбылық көрсетіп, ауыр жұмысқа салып қойды.
Deut Kaz 26:7  Бірақ біз ата-бабаларымыз сиынған Құдай Иеге жалбарындық. Ол дауысымызға құлақ асып, бейшара жағдайымыз бен ауыр жұмысымызға әрі көріп отырған зорлық-зомбылығымызға назар аударды.
Deut Kaz 26:8  Жаратқан Ие бізді Мысыр елінен өзінің алға созылған құдіретті қолымен, жауға үлкен қорқыныш жіберіп, кереметтер мен ғажап істер жасап алып шықты.
Deut Kaz 26:9  Содан Құдай Иеміз бізді бұл жерге алып келді де, ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді табыстады.
Deut Kaz 26:10  Уа, Жаратқан Ие, Өзің маған табыстаған жердің алғашқы өнімінен енді Саған мына сый-тартуды әкелдім».Осылайша сый-тартуды Құдайларың Жаратқан Иенің алдына қойған соң Оның алдында иіліп тағзым етіңдер.
Deut Kaz 26:11  Содан соң леуіліктермен және араларыңдағы жат жұрттықтармен бірге Құдайларың Жаратқан Иенің сендерге және отбасыларыңа сыйлаған игіліктеріне қуанып мейрамдаңдар.
Deut Kaz 26:12  Ал үшінші жыл — өнімнің арнайы он бөлігінің бірін беретін жыл. Сондықтан сол жылы өніміңнің он бөлігінің бірін бөліп қойып, оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге беріңдер. Елді мекендеріңде тұрып жатқан олар да соны жеп тойынсын.
Deut Kaz 26:13  Содан соң Құдай Иеге былай деңдер: «Мен үйімнен Өзіңе бағышталған үлесті шығарып, маған бұйырғаныңдай оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге үлестіріп бердім. Сенің өсиеттеріңді бұзған жоқпын, олардың ешқайсысын да ұмытқан емеспін.
Deut Kaz 26:14  Аза тұтқан кезде де өнімнің Саған бағышталған бөлігінен жеген де жоқпын, арамданып қалған кезімде оған қол тигізген де емеспін, аруақтарға еш нәрсесін бағыштаған да жоқпын. Уа, Құдай Ием, Сенің дауысыңа құлақ асып, бізге бұйырған өсиеттеріңнің бәрін орындадым.
Deut Kaz 26:15  Енді киелі тұрағың — көктен назар аударып, халқың Исраилді және ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді жарылқай гөр! Оны ата-балаларымызға берген антыңа сай бізге табыстадың ғой.
Deut Kaz 26:16  Құдайларың Жаратқан Ие бүгін сендерге осы ережелер мен шешімдерді орындауды бұйырып отыр. Сондықтан оларды шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сақтап, орындайтын болыңдар!
Deut Kaz 26:17  Жаратқан Иенің сендердің Құдайларың екенін бүгін антпен бекітесіңдер. Оның жолдарымен жүруге, ережелерін, өсиеттері мен шешімдерін орындап ұстануға және Оған мойынсұнуға уәде етесіңдер.
Deut Kaz 26:18  Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей, сендерді бүгін Өзінің халқы әрі ерекше меншігі деп жариялап, сендерге өсиеттеген заңдарының бәрін орындап ұстануға тиіс екендеріңді айтып отыр.
Deut Kaz 26:19  Осылай істесеңдер, Ол сендерді Өзі жаратқан барлық халықтардан атақ-даңқ пен салтанат жағынан жоғары етеді, әрі сендер Оның берген уәдесіне сәйкес Өзіне, Құдайларың Жаратқан Иеге, бағышталған қасиетті халқы боласыңдар.