Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 25
Deut Kaz 25:1  Егер біреулердің арасында дау туса, олар сотқа барып жүгінсін. Төрешілер сол істің шешімін айтып, жазықсызды ақтап, айыптыны соттайды.
Deut Kaz 25:2  Егер айыпты адамды дүре соғып жазалау керек болса, төреші дәл сол жерде оны жатқызып, дүре санын қылмысының ауырлығына сәйкес етіп өзінің көз алдында дүрелетсін.
Deut Kaz 25:3  Бірақ дүренің саны қырықтан аспасын. Асып кетсе, бұл көз алдарыңда бауырласыңның абыройын төгер еді.
Deut Kaz 25:4  Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума.
Deut Kaz 25:5  Егер бірге тұрып жатқан ағайындардың біреуі артынан бала қалдырмай өлсе, онда марқұмның жесірін сырт жаққа күйеуге бермеңдер. Марқұм күйеуінің аға-інілерінің бірі оған үйленіп, әмеңгерлік парызын өтесін.
Deut Kaz 25:6  Сол әйелдің туған тұңғыш ұлы қайтыс болғанның баласы болып саналады. Осылайша марқұмның есімі Исраил халқынан өшірілмей сақталып қалады.
Deut Kaz 25:7  Егер сол кісі ағайынының әйеліне үйленгісі келмесе, онда әйел қала қақпасының маңында жиналатын ақсақалдардың алдына барып, былай десін: «Марқұм күйеуімнің ағайыны оның есімін Исраилден өшіп кетуден сақтағысы келмей, өзінің әмеңгерлік парызын өтеуден бас тартады».
Deut Kaz 25:8  Сол туысқан тұрып жатқан қаланың ақсақалдары оны шақыртып, өзімен сөйлессін. Егер ол ойынан қайтпай, «үйленбеймін» деуін қоймаса,
Deut Kaz 25:9  марқұмның әйелі ақсақалдардың көзінше оған жақындап келсін де, оның аяғындағы аяқкиімінің біреуін шешіп алып, бетіне түкіріп, «Өзінің қайтыс болған ағайынының есімін өшірмей сақтап қалғысы келмейтін адамға осылай істеледі» десін.
Deut Kaz 25:10  Бұдан кейін сол адамның әулеті Исраилде «Аяқкиімі шешілгеннің әулеті» деп аталатын болады.
Deut Kaz 25:11  Екі адам төбелесіп қалып, солардың біреуінің әйелі күйеуін ұрып жатқан қарсыласынан құтқарғысы келіп, соның жыныс мүшесінен шап беріп ұстап алса,
Deut Kaz 25:12  сол әйелді аяп-мүсіркемей, қолын кесіп тастаңдар!
Deut Kaz 25:13  Қалтаңда бірдей мөлшерде болғанмен біреуі жеңілірек, басқасы ауырырақ екі түрлі кір тастары болмасын!
Deut Kaz 25:14  Үйіңде бірдей мөлшерде болғанмен біреуі үлкенірек, басқасы кішірек екі түрлі өлшейтін ыдыс та болмасын!
Deut Kaz 25:15  Кір тастарың да, өлшейтін ыдыстарың да дәл әрі дұрыс болуға тиіс. Сонда Құдай Иелерің сендерге табыстап отырған елінде ұзақ өмір сүретін боласыңдар.
Deut Kaz 25:16  Өйткені Құдай Ие адамдарды осылай алдайтын әркімді жек көреді.
Deut Kaz 25:17  Мысыр елінен шығып келе жатқандарыңда амалектіктердің сендерге не істегендерін естеріңнен шығармаңдар:
Deut Kaz 25:18  сендер қажып-талып көшіп келе жатқандарыңда олар сендерді қарсылап, артта қалып қойғандарыңның бәріне тап берген еді ғой. Олар Құдайды еш қастерлемеді әрі Одан қорыққан да жоқ.
Deut Kaz 25:19  Сондықтан Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде айналаларыңдағы барлық жаулардан тыныштық сыйлағаннан кейін Амалектің атын аспан астындағы дүниеден өшіріп тастауларың қажет.