Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Deut Kaz 1:1  Бұл — Мұса пайғамбардың бүкіл Исраил халқына Иордан өзенінің шығыс жағындағы иен далада айтқан сөздері. Халық сол кезде Суфқа қарама-қарсы Араба деген елсіз алқапта Паран (атты иен дала) мен Топел, Лабан, Хасирот және Дизахабтың арасында көшіп-қонып жүрді.
Deut Kaz 1:2  Хориб (яғни Синай) тауынан Сейірдің таулы жеріне апаратын жолмен жүргенде Қадеш-Барниге дейін небәрі он бір күндік жол болатын.
Deut Kaz 1:3  Ал енді Мұса Жаратқан Иенің исраилдіктерге айт деп бұйырған мына сөздерін (олар Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейінгі) қырқыншы жылы, он бірінші айдың бірінші күні жеткізді.
Deut Kaz 1:4  Бұл Мұсаның аморлықтардың Хешебонда орналасқан Сихон патшасын, әрі Башан өлкесінің Аштарот пен Едірей қалаларында орналасқан Ог патшасын Едірейдегі шайқаста жеңіп, құртқанынан кейін болды.
Deut Kaz 1:5  Енді халық Иорданның шығыс жағындағы Моаб еліне тоқтаған кезде Мұса оларға мына тәлімін түсіндіріп айта бастады:
Deut Kaz 1:6  — Құдай Иеміз Хориб тауында бізге былай деген болатын: «Осы таудың маңында жеткілікті тұрдыңдар.
Deut Kaz 1:7  Енді қостарыңды жинап, жолға шығыңдар. Аморлықтардың таулы жеріне және барлық көршілес елдеріне барып кіріңдер: Иордан алқабына, таулы аймаққа, батыстағы төменгі қыраттарға, оңтүстіктегі Негев даласына және теңіздің жағасына, демек, бүкіл Қанахан елі мен Ливанға әрі (солтүстік-шығыстағы) үлкен өзен — Евфрат өзеніне дейін барыңдар!
Deut Kaz 1:8  Мынаны біліп алыңдар: Мен сендерге осы елді табыстап отырмын. Оған кіріп, оны иемденіп алыңдар! Мен, Жаратқан Ие, оны түп аталарың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа және олардың ұрпақтарына беруге уәде еткенмін».
Deut Kaz 1:9  Сол кезде мен сендерге былай дегенмін: «Сендерді жалғыз өзім бастап алып жүре алмаймын.
Deut Kaz 1:10  Өз Құдайларың Жаратқан Ие сендерді молынан көбейтіп, қазір аспандағы жұлдыздардай сансыз көп болып кеттіңдер.
Deut Kaz 1:11  Енді ата-бабаларымыз да сиынған Құдай Жаратқан Ие өздеріңді тағы да мың есе көбейтіп, Өзі уәде еткендей жарылқай көрсін.
Deut Kaz 1:12  Бірақ мен жалғыз өзім қалай сендердің қиын мәселелерің мен дау-жанжалдарыңның жүгін көтермекпін?
Deut Kaz 1:13  Өз руларыңның арасынан ақылды, парасатты әрі беделді бірсыпыра адамды алып келіңдер. Оларды өздеріңе басшы етіп тағайындайын!»
Deut Kaz 1:14  Сендер: «Сіз істеуге бұйырған осы іс дұрыс», — деп жауап бердіңдер.
Deut Kaz 1:15  Сонда мен руларыңның басшыларын — ақылды да беделді адамдарды руларыңа мыңбасы, жүзбасы, елубасы, онбасы және басқарушыларың етіп тағайындадым.
Deut Kaz 1:16  Сол уақытта осы тағайындалған билеріңе мына тапсырмаларды бердім: «Исраилдіктер арасында және болашақта исраилдіктермен бірге елде тұратын жат жұрттықтар арасында пайда болып отыратын дауларды тыңдап, әділ шешім шығарыңдар!
Deut Kaz 1:17  Үкім шығарғанда ешкімнің бет-жүзіне қарамай, үлкенді-кішілі бәріне бірдей құлақ түріп, сот жүргізіңдер! Ешкімнен қаймықпаңдар, себебі үкім шығаруды сендерге Құдайдың Өзі бұйырған. Егер сендерге бір мәселе тым қиын болса, оны менің алдыма әкеліңдер, сонда оған назар аударамын».
Deut Kaz 1:18  Сол кезде мен өздерің орындауға тиісті істеріңнің бәрі туралы нұсқау бергенмін.
Deut Kaz 1:19  Содан соң біз Жаратқан Иенің берген бұйрығы бойынша Хориб тауынан шығып, өздерің көрген ұлан-ғайыр да үрейлі иен дала арқылы аморлықтардың таулы жеріне қарай бет алдық. Осылай жүре отырып Қадеш-Барниге жеттік.
Deut Kaz 1:20  Мен сендерге тағы былай дегенмін: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге табыстамақ аморлықтардың таулы жеріне жеттіңдер.
Deut Kaz 1:21  Біліп алыңдар: Құдайларың Жаратқан Ие сендерге осы елді ұсынып отыр. Ол, ата-бабаларыңның да Құдай Иесі, өздеріңе уәде еткеніне сәйкес, енді сол елге өрлеп барып, оны иемденіп алыңдар. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болмаңдар!»
Deut Kaz 1:22  Сонда сендердің барлығың маған келіп: «Алдымыздан барлаушылар жіберейік. Олар елді барлап, жүретін жолдарымыз бен кезігетін қалаларымыз туралы мағлұмат алып келсін», — дедіңдер.
Deut Kaz 1:23  Мен бұл ұсыныстарыңды құп көріп, араларыңнан әр рудан бір-бірден, барлығы он екі адамды таңдап алдым.
Deut Kaz 1:24  Олар жолға шығып, таулы жерге көтерілді. Ешқол аңғарына жеткенде, оны барлап шолып шықты.
Deut Kaz 1:25  Сол елдің жемістерінен біразын алып, қайта оралғанда: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге жақсы ел табыстап отыр!» — деген хабарды жеткізді.
Deut Kaz 1:26  Алайда сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, сол елге өрлеп барудан бас тарттыңдар.
Deut Kaz 1:27  Сонда қостарыңда наразылық білдіріп: «Жаратқан Ие бізді жек көргендіктен аморлықтардың қолына түсіріп, құрту үшін Мысыр елінен алып шықты!
Deut Kaz 1:28  Енді қайда барсақ екен? Барлап келген бауырларымыз әкелген мағлұматтарымен зәремізді ұшырды. Сол елдің халқы бізден мықты да бойшаң, қалалары үлкен, қамалдары аспанмен таласқандай биік екен! Анақтың алып ұрпақтарын да сонда көріпті!» — дедіңдер.
Deut Kaz 1:29  Сонда Мен сендерге былай дедім: «Олардан үрейленіп қорықпаңдар!
Deut Kaz 1:30  Алдарыңда жүріп, сендерді жетелейтін — өз Құдайларың Жаратқан Ие ғой! Ол Мысыр елінде көз алдарыңда сендер үшін қалай шайқасқан болса, қазір де солай шайқасатын болады.
Deut Kaz 1:31  Әкесінің ұлын көтеріп алып жүргені сияқты, Құдай Иеміздің де сендерді иен далада жүрген жолдарыңның барлығында қамқорлап келгенін өздерің көрдіңдер. Сендерді осы жерге бастап алып келген де Сол».
Deut Kaz 1:32  Алайда сендер Құдай Иеміздің істегендеріне қарамастан Оған сенім артпадыңдар!
Deut Kaz 1:33  Ал Ол сапарларыңның кезінде түнде жайнаған отпен, күндіз бағана тәрізді бұлтпен алдарыңда жүріп, тұрақтайтын жерлерің мен жүретін жолдарыңды нұсқап отырды.
Deut Kaz 1:34  Сендердің наразылық білдірген дауыстарыңды естігенде Жаратқан Ие қаһарланып, былай деп ант етті:
Deut Kaz 1:35  «Мен ата-бабаларыңа беруге ант еткен шұрайлы елді осы зұлым ұрпақтың ешбір адамы көрмейді!
Deut Kaz 1:36  Тек Ефунне ұлы Халеп қана сол елді көреді. Оның аяқ басқан жерін өзіне және кейінгі ұрпақтарына табыстаймын. Себебі ол Маған, Жаратқан Иеге, толығымен мойынсұнды».
Deut Kaz 1:37  Кейінірек Жаратқан Ие сендерге бола маған да ашуланып: «Сен де сол елге кірмейсің!
Deut Kaz 1:38  Ал көмекшің Нұн ұлы Ешуа сол елге кіреді. Оны жігерлендіріп отыр, оның басшылығымен исраилдіктер елді иемденетін болады.
Deut Kaz 1:39  Сендер жауға олжа болады деген балаларың — әлі де жақсы мен жаманды айыра алатын жасқа жете қоймаған нәрестелерің, міне, солар елге кіретін болады. Мен оларға елді табыстаймын, олар оны иемденіп алады!
Deut Kaz 1:40  Ал сендер артқа бұрылып, Қамысты теңізге апаратын жолмен иен далаға бет алыңдар!» — деп бұйырды.
Deut Kaz 1:41  Бірақ сендер былай деп жауап бердіңдер:— Иә, біз Жаратқан Иеге Құдайға қарсы күнә жасадық. Енді Құдайымыз Жаратқан Иенің бұйырғанындай жоғары өрлеп барып, шайқасамыз! — Сол таулы жерге көтеріліп барып, шабуыл жасау оңай екен деп ойлап, барлық ер адамдарың қару-жарақтарыңды асынып алдыңдар.
Deut Kaz 1:42  Ал Жаратқан Ие маған былай деді:— Оларға мынаны айт: Жоғары өрлеп барып, шабуыл жасамасын! Себебі Мен сендермен бірге болмаймын. Әйтпесе жауларыңнан жеңіліп күйрейсіңдер.
Deut Kaz 1:43  Мен сендерге мұны жеткізгенмен, еш тыңдамадыңдар. Жаратқан Иенің берген бұйрығына қарсы шығып, менмендікпен таулы жерге өрлеп бардыңдар.
Deut Kaz 1:44  Сонда сол тауларды мекендеген аморлықтар алдарыңнан шыға келді де, араның үйіріндей арттарыңнан қуа отырып, сендерді Сейір тауынан төмендеп, Хормаға жеткенге дейінгі бүкіл жолдың бойында талқандап қырып тастады.
Deut Kaz 1:45  Содан сендер қайтып келіп, Жаратқан Иенің алдында жыладыңдар. Бірақ Ол жалыныштарыңды тыңдап, құлағын түрген жоқ.
Deut Kaz 1:46  Осылайша Қадештің маңында ұзақ уақытқа тұрып қалдыңдар.