Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Deut Kaz 13:1  Егер араларыңда пайғамбар не көріпкел пайда болып, бір ғажап іс не керемет туралы алдын ала жариялап,
Deut Kaz 13:2  онысы жүзеге асса, әрі сол адам: «Ал, кәне, басқа тәңірлерге табынып құлшылық етейік!» — деп сендерді өздеріңе бейтаныс тәңірлерге мойынсұнуға еліктіріп азғырса,
Deut Kaz 13:3  онда сендер сондай пайғамбардың не көріпкелдің айтқан сөздерін тыңдамаңдар! Осы жайт арқылы Құдайларың Жаратқан Ие сендерді, Өзін шын жүректен және бүкіл жан дүниелеріңмен сүйетін не сүймейтіндеріңді білу үшін сынайды.
Deut Kaz 13:4  Сендер тек Құдайларың Жаратқан Иенің жолымен жүріп, жалғыз Оны ғана қастерлеулерің керек! Оның өсиеттерін орындап, даусына құлақ асатын болыңдар! Әрдайым Жаратқан Иеге қызмет етіп, Одан ажырамастай берік ұстаныңдар!
Deut Kaz 13:5  Ал сол пайғамбарды не көріпкелді өлтірулерің керек. Себебі ол сендерді Мысыр елінен алып шығып, құлдықтан құтқарған Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы шығуға еліктіріп, Оның өсиеттеген жолынан азғыруға тырысты. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!
Deut Kaz 13:6  Бір ағайының, тіпті бір анадан туған ағаң не інің, немесе өз ұл-қызың, сүйікті әйелің не жаныңдай жақсы көретін досың құпия түрде саған: «Жүр, басқа тәңірлерге барып табынайық!» — деп азғыруға ұмтылады дейік. Ал сол тәңірлерді не өзің, не ата-бабаларың еш білген жоқсыңдар.
Deut Kaz 13:7  Сондай адам сені төңірегіңде: алыс не жақын, жердің ана не мына шетінде тұрып жатқан халықтардың тәңірлеріне табынуға еліктірсе,
Deut Kaz 13:8  онда оған еш көнбе, сөздеріне құлақ та түрме! Осындай азғырушыны еш аяп-мүсіркеме, оны қолдап-қорғаушы да болма!
Deut Kaz 13:9  Қайта, оны міндетті түрде өлтіру керек. Оған қарсы бірінші болып қол көтеретін сен бол, сенен кейін бүкіл халық та солай істесін.
Deut Kaz 13:10  Оны таспен атқылап өлтіріңдер! Себебі ол сендерді құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иеден бас тартқызып ажыратуға ұмтылды.
Deut Kaz 13:11  Сонда осыны бүкіл Исраил халқы естіп, қорқып, араларыңнан ешкім де мұндай зұлымдықты істемейтін болады.
Deut Kaz 13:12  Егер Құдай Ие сендерге тұруға беріп отырған елдегі қалалардың бірі туралы:
Deut Kaz 13:13  «Сол қаланың халқын азғырып, бөтен тәңірлерге табынуға еліктіріп жүрген бір сұмырай адамдар арамызда пайда болыпты!» деген сөз естілсе,
Deut Kaz 13:14  онда барып, істің мән-жайын тексеріп, бәрін зерттеп, тәптіштеп тергеңдер! Егер әңгіме рас болып, сондай жексұрын нәрсенің елде орын алғаны дәлелденсе,
Deut Kaz 13:15  онда қаладағылардың барлығын семсердің жүзімен қыруға тиіссіңдер. Қаланың адамдары мен малдарын Жаратқан Иенің қарғысына ұшырағандықтан түгелдей құртыңдар!
Deut Kaz 13:16  Барлық олжаны алаңның ортасына жинап апарып, қаланы ондағы олжа дүниелерімен қоса Құдайларың Жаратқан Иеге арнап өртеліп ұсынылатын құрбандық іспетті өртеп жіберіңдер! Қаланың талқандалған орны мәңгі солай болып қала берсін, ол ешқашан қалпына келтіріліп қайтадан салынбасын!
Deut Kaz 13:17  Сол қаладағы заттардың бәрі қарғысқа ұшыраған, солардың ешқайсысын алушы болмаңдар! Сонда Жаратқан Ие Өзінің лаулаған қаһарынан қайтады. Ол сендерге рақымы мен мейірімін көрсетіп, ата-бабаларыңа антпен уәде еткеніндей, сендерді де молынан көбейтеді.
Deut Kaz 13:18  Өйткені сендер Оның айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған Оның барлық өсиеттерін сақтап, Құдайларың Жаратқан Иеге ұнамды әділ істерді істеп келесіңдер.