Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Deut Kaz 9:1  Құлақ түр, уа, Исраил халқы! Сендер енді Иордан өзенінен өтіп, саны да, күші де өздеріңнен басым халықтардың елдеріне кіріп, соны иемденейін деп жатырсыңдар. Олардың аспанмен таласатындай зәулім қамалмен қоршалған үлкен қалалары бар.
Deut Kaz 9:2  Сол елде күшті де зор денелі адамдар — Анақтың алып ұрпақтары тұрады. Сендер бұлар туралы біліп, «Анақтың ұрпақтарына кім қарсы тұрмақ?» деген мәтелді естігенсіңдер.
Deut Kaz 9:3  Бірақ та бүгін мынаны біліп қойыңдар: сендердің Құдайларың Жаратқан Ие жалмайтын от сияқты болып Иорданнан өтіп, алдарыңда бастап жүреді. Өзі соларды құртып, сендерге жеңдіреді. Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткендей, сендер оларды елден қуып шығып, тез арада көздерін жоясыңдар.
Deut Kaz 9:4  Алайда сендердің Құдайларың Жаратқан Ие оларды алдарыңнан қуып шығарғаннан кейін сендер іштей: «Жаратқан Ие мені осы елді иемденуге өз әділдігіме бола алып келді» деп бөсуші болмаңдар! Жоқ, Жаратқан Ие сол халықтарды олардың асқан зұлымдықтарына бола алдарыңнан қуып шығармақ.
Deut Kaz 9:5  Ендеше осы елді иемденулерің сендердің ерекше әділдіктеріңе яки ізгі қасиеттеріңе бола емес. Қайта, сол халықтардың зұлымдықтарына бола Құдайларың Жаратқан Ие оларды алдарыңнан қуып шығады. Осылайша Ол ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен берген уәдесін жүзеге асырады.
Deut Kaz 9:6  Сондықтан Құдай Иенің осы шұрайлы елді сендерге мұралық меншікке беруі өз әділдіктеріңе бола емес екендігін ұғып алыңдар! Керісінше, сендер тоңмойын, бағынбайтын халықсыңдар.
Deut Kaz 9:7  Сендер айдаланы кезіп жүргендеріңде Құдай Иеміздің қаһарын туғызғандарыңды ешқашан ұмытпай, естеріңде сақтаңдар! Мысырдан көшіп шығып, осы жерге келген күнге дейін сендер Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп келесіңдер.
Deut Kaz 9:8  Хориб тауының маңында Жаратқан Иенің қаһарын туғызғандарың сонша, Ол сендерді түгелдей құртып жібермекші болды.
Deut Kaz 9:9  Бұл менің Жаратқан Иенің өздеріңмен жасаған Келісімінің тас тақташаларын қабылдап алу үшін тауға шыққан кезімде болған еді. Сол жерде мен қырық күн, қырық түн болып, еш нәр татпай, су да ішкен жоқпын.
Deut Kaz 9:10  Сонда Жаратқан Ие маған Құдайдың қолымен жазылған жазуы бар екі тас тақташаны табыс етті. Сендер тау етегінде жиналып тұрған кездеріңде Жаратқан Ие өздеріңе тау басындағы от ішінен айтқан сөздерінің бәрі сол тас тақташаларда жазылған болатын.
Deut Kaz 9:11  Сол қырық күн мен қырық түн бітіп, Жаратқан Ие маған екі тас тақташаны, яғни Келісімнің тақташаларын, табыстағаннан кейін,
Deut Kaz 9:12  Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: «Тезірек төмен түс, сен Мысырдан бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды! Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған бір мүсінді жасап алды!» — деді.
Deut Kaz 9:13  Жаратқан Ие маған тағы да: «Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін. Оның шынында тоңмойын қыңыр екеніне көзім жетті.
Deut Kaz 9:14  Ал енді, Мені қалдыр, оларды құртып, есімдерін аспанның астынан өшіріп тастаймын. Содан кейін Мен саны мен күші олардан басым бір халықты өзіңнен жаратамын», — деді.
Deut Kaz 9:15  Мен кері бұрылып, от болып жанып тұрған таудың басынан төмен түсіп кеттім. Қолымда Келісімнің екі тас тақташасы болды.
Deut Kaz 9:16  Мен ел қонысына жақындап қарағанда, сендердің жас бұқаның алтыннан құйылған мүсінін жасап алып, Құдай Иенің алдында күнәға батқандарыңды көрдім. Сендер Жаратқан Ие өздеріңе өсиет еткен жолдан лезде тайып шықтыңдар!
Deut Kaz 9:17  Сонда мен екі тас тақташаны қолдарыма алдым да, сендердің көз алдарыңда жерге лақтырып жіберіп, олардың быт-шытын шығардым.
Deut Kaz 9:18  Содан кейін мен қайтадан Жаратқан Иенің алдында етпетімнен қырық күн, қырық түн бойы жатып алдым. Сендердің Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап Оның ашуын туғызған барлық күнәларыңа бола сол уақыттың ішінде еш нәр татпай, су да ішкен жоқпын.
Deut Kaz 9:19  Жаратқан Иенің лаулаған қаһарынан қорқып, Ол сендерді құртып жібермей ме деп үрейленіп тұрдым. Бірақ Ол бұл жолы да маған құлақ асты.
Deut Kaz 9:20  Жаратқан Ие Һаронға да қаһарланғаны сонша, оның көзін құртпақшы болды. Сол кезде Һарон үшін де мінажат етіп Жаратқан Иеге жалбарындым. Сонда Ол Һаронды аман қалдырды.
Deut Kaz 9:21  Ал сендер күнәға батқанда жасап алған жас бұқа мүсінін алдым да, оны отқа салып құртып, күл-талқанын шығардым. Одан қалғанын ұнтақтап үгіп, таудан төмен ағып жатқан бұлаққа лақтырдым.
Deut Kaz 9:22  Бұдан басқа сендер Таберада, Масада және Қиброт-Хатауада да Жаратқан Иенің қаһарын туғыздыңдар.
Deut Kaz 9:23  Жаратқан Ие сендерді Қадеш-Барниден: «Өрлеп барып, Мен сендерге беріп отырған елді иемденіңдер!» — деп жолдап жіберген еді. Бірақ сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шықтыңдар! Оған сенген де жоқсыңдар, тілін де алмадыңдар.
Deut Kaz 9:24  Мен сендерді білгеннен бері Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп келесіңдер.
Deut Kaz 9:25  Жаратқан Ие сендерді құртамын дегендіктен, Оның алдында сол қырық күн, қырық түн бойы етпетімнен жата бердім.
Deut Kaz 9:26  Жаратқан Иеге сиынып былай дедім: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Сен өз ұлылығыңмен құтқарып, құдіретті қолыңмен Мысырдан алып шыққан осы халқыңды, Өзіңнің меншігіңді, құрта көрме!
Deut Kaz 9:27  Өз қызметшілерің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпты есіңе ала гөр! Осы халықтың қыңырлығына, зұлымдығына және жасаған күнәсіне назар аудара көрме!
Deut Kaz 9:28  Әйтпесе Сен бізді алып шыққан Мысыр елінің адамдары: «Өзі антпен уәде еткен елге оларды алып бару Жаратқан Иенің қолынан келмегендіктен, әрі оларды жек көргендіктен, айдалада өлтіру мақсатымен елімізден алып шықты» деп табалап жүрер.
Deut Kaz 9:29  Бірақ бұл Өзіңнің ұлы құдіретіңмен және алға созылған қолыңмен жат елден алып шыққан халқың, Сенің өз меншігің, емес пе?!»