Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 27
Deut Kaz 27:1  Осыдан кейін Мұса пайғамбар Исраилдің рубасыларымен бірге халықтың алдында тұрып, оларға былай деп бұйырды:— Мен бүгін сендерге тапсырып отырған өсиеттердің бәрін де сақтап орындаңдар!
Deut Kaz 27:2  Сендер Құдай Иеміз өздеріңе табыстап отырған еліне кіру үшін Иорданды кесіп өткен күні өзен арнасынан дәу қойтастарды жинап алып, жағалауда орнатып, үстін әкпен сылаңдар.
Deut Kaz 27:3  Сол тастарға осы заңдардың барлық сөздерін ойып жазып қойыңдар! Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие уәде еткендей, Өзі сендерге табыстап отырған, ағы мен балы ағыл-тегіл елге кірген соң осылай істеңдер.
Deut Kaz 27:4  Сонымен, сендер Иордан өзенінен өткеннен кейін, мен жаңа өздеріңе бұйырғанымдай тастарды Ебал тауында орнатып, әкпен сылаңдар.
Deut Kaz 27:5  Сол жерде Құдайларың Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын да жасаңдар.
Deut Kaz 27:6  Оны темір құрал-сайманмен өңделмеген, бүтін тастардан тұрғызыңдар. Соның үстінде Құдай Иеге арнап шалынған құрбандықтарды өртеп ұсынуларың керек.
Deut Kaz 27:7  Одан кейін Құдайларың Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтар шалып, Оның алдында қуанышпен ішіп-жеңдер.
Deut Kaz 27:8  Осылай орнатылған тастарға осы Таурат заңының барлық сөздерін анық етіп ойып жазыңдар.
Deut Kaz 27:9  (Содан соң) Мұса және леуілік діни қызметкерлер бүкіл Исраил халқына дауыстап былай деді:— Үндемей тұрып тыңдап алыңдар, ей, Исраил халқы! Бүгін сендер (қайтадан) Құдайларың Жаратқан Иенің өз халқы болдыңдар!
Deut Kaz 27:10  Сондықтан Құдай Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін орындайтын болыңдар!
Deut Kaz 27:11  Мұса сол күні халыққа төмендегі бұйрықтарды жариялады:
Deut Kaz 27:12  — Иордан өзенінен өткеннен кейін сендер, Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Жүсіп пен Бунямин рулары, халыққа Құдайдың жарылқауының қандай жағдайларда қонатынын жариялау үшін Гәризим тауының беткейінде тұрыңдар!
Deut Kaz 27:13  Ал сендер, Рубен, Ғад, Ашир, Забулон, Дан мен Нафталим рулары, халық Құдайдың қарғысына қандай жағдайда ұшырайтынын паш ету үшін Ебал тауының беткейінде тұрыңдар!
Deut Kaz 27:14  Сонда леуілік діни қызметкерлер қатты дауыспен Исраил халқының бәріне былай деп жарияласын:
Deut Kaz 27:15  «Жаратқан Иеге жиренішті іс істеп: тәңір мүсінін ойып не құйып жасап, яки шеберге жасатып, оны құпия орынға орнатқан адамды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:16  «Әке-шешесін менсінбей қорлағанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:17  «Көршісінің шекарасын белгілеген межетасты ұрланып жылжытқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:18  «Зағип адамды жолынан адастырғанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:19  «Жат жұрттықтың, жетім-жесірдің ақысын жегенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:20  «Әкесінің әйелімен жақындасқанды қарғыс атады! Бұл әкесінің абыройын ашқанымен бірдей!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:21  «Қандай болмасын жануармен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:22  Өзінің әпке-қарындасымен, әкесінің не шешесінің қызымен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:23  «Қайын енесімен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:24  «Біреуді жасырын өлтіргенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:25  «Жалданып жазықсыз адамды өлтіргенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
Deut Kaz 27:26  «Осы Таурат заңының ережелерін орындап сақтамағанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.