Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 18
Deut Kaz 18:1  Леуілік діни қызметкерлерге әрі бүкіл Леуі руына, Исраилдің өзге руларына берілетіні іспетті, мұралық жер үлестері табысталмайды. Олар Жаратқан Иеге ұсынылып өртелетін құрбандықтардың және Оған арналған басқа да сый-тартулардың өздеріне тиесілі бөліктерімен тамақтанатын болады.
Deut Kaz 18:2  Леуіліктердің бауырлас рулардың арасында мұралық үлестері болмайды. Жаратқан Иенің оларға уәде еткеніндей, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болады.
Deut Kaz 18:3  Адамдар құрбандыққа шалу үшін алып келген мүйізді ірі қара немесе ұсақ малдың діни қызметкерлерге берілуге тиісті бөліктері мыналар: жауырыны, екі жағы және асқазаны.
Deut Kaz 18:4  Сендер жаңа жиналған астықтың, жаңа сығылған жүзім шырыны мен зәйтүн майының және қой-ешкіден қырқылған жүннің алғашқы бөлігін алып, оларға берулерің керек.
Deut Kaz 18:5  Себебі Құдайларың Жаратқан Ие барлық руларыңның арасынан Леуіні және оның ұрпақтарын таңдап алып, әрқашан Жаратқан Иенің алдында тұрып, Оның атынан қызмет етуге тағайындады.
Deut Kaz 18:6  Егер бір леуілік Исраил елінің қай қаласында тұрмасын өз жүрек қалауы бойынша Жаратқан Иенің ғибадат етулерің үшін таңдап алған орнына көшіп келсе,
Deut Kaz 18:7  онда өзге леуіліктер секілді оның да Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрып, Оған қызмет етуіне болады.
Deut Kaz 18:8  Ол әкесінен қалған меншігін сатып, пайда көрсе де, құрбандықтар мен сый-тартулардың өзіне тиесілі үлесін алуы керек.
Deut Kaz 18:9  Сендер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елге енгенде, сондағы халықтардың істеп жүрген жиренішті салттарына еліктеп үйренбеңдер!
Deut Kaz 18:10  Араларыңдағы ешқайсың ұл-қызын оттан өткізіп (жалған тәңірге құрбандыққа ұсынбасын)! Бал ашып, жауырынға қарап, не құмалақ салып сәуегейлікпен де айналыспаңдар! Сиқырлау,
Deut Kaz 18:11  дуалап үшкіру және теріс бата берумен де шұғылданбаңдар! Аруақтарды шақырып, олармен тілдесуші, ақыл-кеңестерін сұраушы да болмаңдар! Араларыңда осылай істейтіндер болмасын!
Deut Kaz 18:12  Бұндай істермен айналысатын әркім Жаратқан Иеге жек көрінішті. Осындай қылықтарына бола Құдай Иеміз сол азғын халықтарды алдарыңнан қуып шығады.
Deut Kaz 18:13  Ал өздерің Құдайларың Жаратқан Иенің көз алдында мінсіз жүруге тиіссіңдер.
Deut Kaz 18:14  Сендер жерлерін иемденетін бұл халықтар сәуегейлікпен және балгерлікпен айналысатындарға құлақ асады. Бірақ сендерге Құдай Иеміз солай істеуге тыйым салған.
Deut Kaz 18:15  Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарын тыңдаңдар!
Deut Kaz 18:16  Себебі сендер Хориб тауының етегінде жиналған кезде: «Құдай Иеміздің дауысын әрі қарай естімейік, осы жалындаған зор отты тағы да көрмейік, әйтпесе өліп қалармыз!» деген кезде Құдай Иеден осыны өтінген едіңдер.
Deut Kaz 18:17  Сонда Жаратқан Ие маған былай деді: «Олардың айтқандары дұрыс.
Deut Kaz 18:18  Мен бауырларыңның арасынан сен сияқты пайғамбарды шығарып, сөздерімді соның аузына салып отырамын. Ол Менің өзіне бұйырғандарымның бәрін соларға жеткізетін болады.
Deut Kaz 18:19  Осы пайғамбардың Менің атымнан айтқан сөздерін тыңдамайтын әрбір адамнан Өзім жауап алатын боламын.
Deut Kaz 18:20  Бірақ бір пайғамбар Өзім оған айтуға бұйрық бермеген хабарды халыққа Менің атымнан жеткізсе, немесе бөтен тәңірлердің атынан сөйлесе, ондай (жалған) пайғамбарды өлтіруге тиіссіңдер».
Deut Kaz 18:21  Сендер іштей: «Жаратқан Ие айтпаған сөзді қалай білеміз?» деулерің мүмкін.
Deut Kaz 18:22  (Мынаны ұмытпаңдар): егер осы пайғамбардың Жаратқан Иенің атымен айтқаны рас болмай жүзеге аспаса, онда бұл хабар Жаратқан Иеден емес. Қайта, бұл пайғамбардың асқақтықпен айтқан өз сөзі. Ондайдан қорықпаңдар.