Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
II K Kaz 13:1  Яһуда еліне Охозияхтың ұлы Жоғас патшалық құрған жиырма үшінші жылы Еху ұлы Жоғахаз Самарияда Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он жеті жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 13:2  Жоғахаз Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларына еліктеп, соларды жасаудан ешқашан бас тартқан жоқ.
II K Kaz 13:3  Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Солтүстік Исраилге қарсы лап етті. Ол елді ұзақ уақыт бойы Арама патшасы Хазаилден және оның ұлы Бен-Хададтан жеңіле беретін етті.
II K Kaz 13:4  Сонда Жоғахаз патша Жаратқан Иенің рақым етуін жалбарына сұрап сиынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты, өйткені Ол Арама патшасының Солтүстік Исраилді аяусыз қанай бергенін көрген болатын.
II K Kaz 13:5  Сондықтан Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге бір құтқарушыны жіберді. Соның бастауымен исраилдіктер Араманың бұғауынан босап, қайтадан өз үйлерінде қауіпсіз тұратын болды.
II K Kaz 13:6  Әйтсе де олар Еробоғам әулетінің Исраилге енгізіп кеткен күнәларынан бас тартпай, соларын жалғастыра берді. Самария қаласында жалған тәңір Ашераға арнап орнатылған ағаш бағана да сол күйі тұра берді.
II K Kaz 13:7  Ақырында Жоғахаздың әскерінен бар болғаны елу салт атты, он соғыс күймесі және он мың жаяу жасақшысы ғана қалды. Себебі басқа жауынгердің бәрін Араманың патшасы қырып-жойып, табанымен таптағандай талқандаған еді.
II K Kaz 13:8  Жоғахаздың қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 13:9  Жоғахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самария қаласындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғас орнын басып патша болды.
II K Kaz 13:10  Яһуда еліне (Охозиях ұлы) Жоғас патшалық құрған отыз жетінші жылы Жоғахаз ұлы Жоғас Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он алты жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 13:11  Жоғахаз ұлы Жоғас Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының бірде-біреуінен бас тартпай, оларды жасауын жалғастыра берді.
II K Kaz 13:12  Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері және оның Яһуда патшасы Амасияхқа қарсы қажыр-қайратпен жүргізген соғысы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 13:13  Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, (оның ұлы) Еробоғам тағына отырып патша болды. Жоғастың мәйіті Самарияда Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды.
II K Kaz 13:14  Еліше пайғамбар ауырып хал үстінде жатқанда, көңілін сұрай келген Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғас көзіне жас алып:— Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші! — деп қайғырды.
II K Kaz 13:15  Ал Еліше оған:— Қолыңа садақ пен жебелер ал! — деп нұсқады. Патша оларды қолына алғанда
II K Kaz 13:16  Еліше оған: — Ал енді, атуға дайындалып, садағыңды тарт! — деп тапсырды. Ол садағын тартып жатқан кезде Еліше өзінің қолдарын патшаның қолдарының үстіне қойды.
II K Kaz 13:17  Еліше: «Шығысқа қарап тұрған терезені аш!» — деп бұйырды. Патша оны ашқанда, Еліше: «Енді ат!» — деді. Сонда Жоғас атып жіберді. Пайғамбар: «Бұл жебе Жаратқан Иенің жеңіс сыйлайтынын әрі елді Арамадан құтқаратынын бейнелейді! Сен арамалықтарды Әфектің маңында толығымен талқандайсың!» — деп түсіндірді.
II K Kaz 13:18  Содан соң ол тағы да: «Жебелерді ал!» — дегенде, патша жебелерді алды. Еліше оған: «Солармен жерді соққыла!» — деп тапсырды. Ол жерді үш рет соқты да, тоқтай қалды.
II K Kaz 13:19  Құдайдың пайғамбары бұған ашуланып: «Сен жерді бес немесе алты рет соғуың қажет еді! Сонда Арамаға соққы бергенде, оны толығымен талқандаған болар едің. Бірақ сен енді Арамаға тек үш рет қана соққы беретін боласың», — деді.
II K Kaz 13:20  Бұдан кейін Еліше қайтыс болып, қабірге қойылды.Сол кездері моабтықтардың жасақшылар топтары жыл сайын көктем кезінде елге баса-көктеп кіріп жүретін еді.
II K Kaz 13:21  Бір күні біреуді қабірге қойып жатқан исраилдіктер осындай тонаушы топты байқап қалды. Олар адамның мәйітін тездетіп Елішенің қабіріне лақтыра салып, қаша жөнелді. Сонда Елішенің сүйектерімен жанасқан мәйітке жан бітіп, адам қайта тіріліп, аяғына тік тұрды.
II K Kaz 13:22  Солтүстік Исраилге Жоғахаз патшалық құрған барлық кезде Арама патшасы Хазаил елге зорлық-зомбылық көрсеткен болатын.
II K Kaz 13:23  Ал Жаратқан Ие исраилдіктерге рақымды да шапағатты болып Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісіміне бола оларға мейірімімен назарын аударды. Жаратқан Ие бүгінгі күнге дейін оларды не құртқысы, не Өзінің алдынан аластатқысы да келмейді.
II K Kaz 13:24  Арама патшасы Хазаил қайтыс болып, оның ұлы Бен-Хадад орнына патша болды.
II K Kaz 13:25  Хазаил кезінде Жоғастың әкесінен тартып алған қалаларды Жоғас енді Бен-Хададтан өз билігіне кері қайтарып алды. Себебі Жоғас Бен-Хададты үш рет жеңіп шығып, сол исраилдік қалаларды еліне қайтадан қосты.