Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EPHESIANS
1 2 3 4 5 6
Prev Up Next
Chapter 6
Ephe Kaz 6:1  Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс.
Ephe Kaz 6:2  «Ата-анаңды сыйла!» Бұл, Құдайдың бір уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиеті:
Ephe Kaz 6:3  «Сонда жерде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың».
Ephe Kaz 6:4  Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!
Ephe Kaz 6:5  Басыбайлы қызметшілер, Мәсіхке мойынсұнғандай, жер бетіндегі қожайындарыңа да шын жүректен мойынсұнып, жамандық жасаудан шошыныңдар!
Ephe Kaz 6:6  Айтқандарын тек көңілдерінен шығу үшін, олар сендерді бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы жан-тәндеріңмен орындай беріңдер! Осылай Құдайдың еркін Мәсіхтің қызметшісі ретінде іске асырыңдар!
Ephe Kaz 6:7  Сөйтіп қызметтеріңді адамға емес, Иемізге арнағандай ынтамен атқарыңдар.
Ephe Kaz 6:8  Мейлі басыбайлы, мейлі ерікті болсын, әркімнің істеген игі істерінің лайықты сыйын Иемізден алатынын біліп қойыңдар.
Ephe Kaz 6:9  Ал сендер, қожайындар, қызметшілеріңе осылай қарап, қатаңдықты жұмсартыңдар! Көкте олардың да, өздеріңнің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер. Ол ешкімнің бет-жүзіне қарамайды.
Ephe Kaz 6:10  Соңында айтарым мынау, бауырластарым: Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!
Ephe Kaz 6:11  Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген «рухани қару-жарақпен» түгел жабдықталыңдар!
Ephe Kaz 6:12  Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне әрі дүниені билеп-төстеушілеріне: көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз.
Ephe Kaz 6:13  Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрін асыныңдар! Сөйтіп зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар.
Ephe Kaz 6:14  Сонымен, шындықпен «белді бекем буып», әділдікті «сауыт қылып киіп», табанды тұрыңдар!
Ephe Kaz 6:15  «Аяқкиімдеріңді де киіп», татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар!
Ephe Kaz 6:16  Бұларға қоса сенімдеріңді «қалқан қылыңдар», онымен шайтанның барлық «отты жебелерін» өшіріп тастай аласыңдар;
Ephe Kaz 6:17  құтқарылғандықтарыңды «дулыға етіп киіп» қорғаныңдар; Құдай сөзін «рухани семсер қылып ұстаңдар»!
Ephe Kaz 6:18  Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтініштеріңді айтып, рухани сергек те шыдамды болыңдар: Құдайдың бүкіл халқы үшін мінажат ете беріңдер!
Ephe Kaz 6:19  Сөйлеген сайын Ізгі хабардың құпиясын қаймықпай жариялауыма қажетті сөз аузыма түссін деп, мен үшін де мінажат етіңдер!
Ephe Kaz 6:20  Бұл хабарды жеткізуге жіберілген елші ретінде осы жерде бұғаудамын. Сондықтан оны тиісті түрде батыл жариялай алуымды Құдайдан тілеңдер.
Ephe Kaz 6:21  Сүйікті бауырымыз әрі Иеміздің адал қызметшісі Түхік менің жағдайым мен қызметім туралы білулерің үшін сендерге бәрін хабарламақ.
Ephe Kaz 6:22  Түхікті сол мақсатпен жіберіп отырмын. Ол жағдайымызды білдіріп, жүректеріңді жігерлендірмек.
Ephe Kaz 6:23  Лайым Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх барлық бауырластарға тыныштық, сүйіспеншілік және сенім сыйлай көрсін!
Ephe Kaz 6:24  Иеміз Иса Мәсіхті шын беріле сүйгендердің бәріне Құдай жар болып, рақымын жаудыра берсін!