Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOSHUA
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 23
Josh Kaz 23:1  Бұдан кейін арада көп уақыт өтті. Жаратқан Ие Исраилге айналаларындағы жауларының барлығынан тыныштық сыйлаған болатын. Ешуа қартайып, жасы ұлғайған еді.
Josh Kaz 23:2  Содан бір күні Ешуа бүкіл Исраилді, яғни халықтың ақсақалдарын, рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын, шақырып алып, оларға былай деді:— Міне, мен қартайып, жасым ұлғайды.
Josh Kaz 23:3  Құдайларың Жаратқан Иенің сендер үшін елдегі барлық халықтарға не істегенінің бәрін де өз көздеріңмен көрдіңдер. Құдай Иелеріңнің Өзі сендер үшін соғыс жүргізді.
Josh Kaz 23:4  Қараңдаршы, (шығыстағы) Иордан өзенінен батыстағы Жерорта теңізіне дейінгі аралықта әлі де қалып қойған мына халықтардың жерін және өзім елден аластатқан халықтардың жерін сендердің руларыңа жеребе бойынша үлестіріп бердім.
Josh Kaz 23:5  Құдай Иелеріңнің Өзі елде қалып қойған халықтарды алдарыңнан қуып шығарады. Сонда Құдай Иелерің уәде еткендей, сендер олардың жерін иемденіп аласыңдар.
Josh Kaz 23:6  Сонымен өте берік болып Мұсаның Таурат кітабында жазылғандардың бәрін мұқият орындап, одан не оңға да, не солға да бұрылмаңдар!
Josh Kaz 23:7  Демек, араларыңда қалып қойған халықтармен араласып кетпеңдер! Олардың табынатын жалған тәңірлерінің аттарын ауыздарыңа да алмаңдар, солардың аттарымен ант та етпеңдер! Сол жалған тәңірлерге ешқандай ғибадат етіп, иіліп табынбаңдар да!
Josh Kaz 23:8  Керісінше, бүгінге дейін істеп келгендеріңдей, бұдан былай да Құдайларың Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстаныңдар!
Josh Kaz 23:9  Себебі Жаратқан Ие үлкен де күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығарды, солардың ешқайсысы осы күнге дейін сендерге қарсы тұрып, жеңіп шыға алмады.
Josh Kaz 23:10  Берген уәдесіне сай, Құдай Иелерің сендер үшін Өзі соғысып жүргендіктен, әрқайсыларың жаудың мың адамын тықсырып қуасыңдар.
Josh Kaz 23:11  Сондықтан Құдай Иелеріңді сүюге барынша ұмтылыңдар!
Josh Kaz 23:12  Алайда егер Жаратқан Иеден теріс бұрылып, сол халықтардың араларыңда қалып қойған адамдарымен тығыз байланысып, қыз алысып, қыз берісіп араласатын болсаңдар,
Josh Kaz 23:13  онда мынаны біліп қойыңдар: Құдай Иелерің осы халықтарды бұдан былай алдарыңнан қуып шығармайтын болады. Керісінше, сол халықтар өздеріңе тұзақ пен тор, еттеріңе тиген қамшы, көздеріңе кірген тікен іспетті болып, ақыр соңында сендер Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елден құрып кетесіңдер.
Josh Kaz 23:14  Ал енді, адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Шын жүректен, бар жан дүниелеріңмен мынаны мойындауларың керек: Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты. Оның бір сөзі де орындаусыз қалған жоқ.
Josh Kaz 23:15  Бірақ егер Оған мойынсұнбасаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Иенің уәде еткен бүкіл жақсылықтарының жүзеге асқандары сияқты, Жаратқан Иенің Өзі алдын ала білдірген қарғыстардың бәрі де жүзеге асатын болады. Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған шұрайлы елінде сендерді құртып жібергенге дейін солай болады.
Josh Kaz 23:16  Егер сендер Құдай Иелеріңнің өздеріңе өсиеттеген Келісімін бұзып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық ететін болсаңдар, онда Жаратқан Иенің қаһары сендерге қарсы лап ете өршиді. Содан сендер Оның өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елінен іздерің де қалмай лезде құрып кетесіңдер.