Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
REVELATION OF JOHN
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Reve Kaz 9:1  Бесінші періште кернейлеткенде, көктен жерге құлап түскен «жұлдызды» көрдім. Оған (жындар тұратын) терең тұңғиық көзінің кілті берілді.
Reve Kaz 9:2  Жұлдыз тұңғиықтың қақпасын ашқанда, одан үлкен пештен шыққандай қою түтін шығып, содан күн көзі де, ауа да қараңғыланып кетті.
Reve Kaz 9:3  Түтіннен «шегірткелер» шығып, жерге қонды. Оларға жердегі шаяндар іспетті (залал тигізу) күші беріліп,
Reve Kaz 9:4  тек маңдайларында Құдайдың таңбасы жоқ адамдарды ғана жәбірлеу бұйырылды. Ал оларға көк шөпке, басқа да ешқандай өсімдіктер мен ағаштарға зақым келтіруге рұқсат берілмеді.
Reve Kaz 9:5  Сол «шегірткелердің» бұл адамдарды өлтірмей, тек бес ай бойы азаптау еркі ғана болды. Олардың шаққаны адамды улы шаянның шаққанындай азаптап қинайды.
Reve Kaz 9:6  Осы бес ай ішінде адамдар өлгілері келсе де, өле алмайды. Олар өлуді қаншама аңсағанмен, ажал олардан безіп кететін болады.
Reve Kaz 9:7  Шегірткелер ұрысқа дайын аттардай көрінді. Бастарына алтын тәж секілді бір нәрсе киіп, бет пішіндері адамға ұқсас болды.
Reve Kaz 9:8  Олардың шаштары әйелдердің шаштарындай, тістері арыстанның тістеріндей,
Reve Kaz 9:9  ал кигендері темір сауытқа ұқсас екен. Қанаттарынан шыққан шуы ұрысқа шапқан ат жеккен сансыз күймелердің дөңгелектерінің дыбысындай еді.
Reve Kaz 9:10  Шегірткелердің шаяндікі сияқты құйрықтары мен улы тістері бар екен; оларға бес ай бойы адамдарды шағу еркі берілді.
Reve Kaz 9:11  Тұңғиықтың періштесі шегірткелердің үстерінен патшадай билік жүргізеді екен. Оның еврейше, грекше аттарының мағынасы — «Құртушы».
Reve Kaz 9:12  Бір қасірет өтті, енді, міне, тағы екеуі төніп келеді!
Reve Kaz 9:13  Алтыншы періште кернейлеткен кезде Құдай алдында тұрған, алтын жалатқан түтету үстелінің төрт бұрышындағы мүйіздерінен шыққан бір дауысты естідім.
Reve Kaz 9:14  Сол дауыс кернейі бар алтыншы періштеге: «Ұлы Евфрат өзенінің жағасында байлаулы жатқан төрт хабаршыны босат!» — деп бұйырды.
Reve Kaz 9:15  Сонда дәл осы сағат, осы күн, осы ай, осы жылда (күнәкар) адамдардың үштен бірін өлтіруге дайындалған төрт хабаршы босатылып жіберілді.
Reve Kaz 9:16  Олардың атты әскерінің санын естідім: екі жүз миллион шамасында еді.
Reve Kaz 9:17  Мен осы аянда көрген аттар мен салт аттылардың сырт көрінісі мынадай: үстерінде оттай қызыл, қара көк және күкірттей сары түсті қалқандары бар еді. Аттардың бастары арыстандікіне ұқсап, ал ауыздарынан от-жалын, түтін және күкірт шығып жатты.
Reve Kaz 9:18  Адамзаттың үштен бірі аттардың ауыздарынан шыққан осы үш пәледен: от-жалын, түтін және күкірттен қырылып қалды.
Reve Kaz 9:19  Аттардың күштері ауыздарында да, құйрықтарында да бар еді. Себебі құйрықтары адамды шағып зақымдайтын басы бар жыландарға ұқсайтын.
Reve Kaz 9:20  Алайда сол пәлелерден өлмей, аман қалған адамдар өз қылықтарына өкініп, бас тарта қоймады. Олар өздерінің жын-перілерге және алтын, күміс, мыс, тас немесе ағаштан жасалған мүсіндерге табынып келгендеріне опық жеп, тәубеге келмеді. Ал сол мүсіндер не көре, не ести, не жүре алмайды ғой.
Reve Kaz 9:21  Сонымен қатар адамдар өздерінің кісі өлтіріп, сиқыршылықпен айналысып, азғындыққа салынып, ұрлық жасап күнәға батқандарынан да қайтпады.