Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
COLOSSIANS
1 2 3 4
Prev Up Next
Chapter 3
Colo Kaz 3:1  Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен бірге рухани тірілдіңдер. Сондықтан көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр.
Colo Kaz 3:2  Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар!
Colo Kaz 3:3  Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында.
Colo Kaz 3:4  Өмірлеріңнің бірден-бір бастауы мен мақсаты — Мәсіх. Ол жер бетінде қайтадан көрінген кезде сендер де Онымен бірге салтанатты ұлылықпен көрінесіңдер.
Colo Kaz 3:5  Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық және арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!
Colo Kaz 3:6  Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр.
Colo Kaz 3:7  Бір кезде сендер де оларды жасайтындармен бірге дәл солай әрекет етіп жүрдіңдер.
Colo Kaz 3:8  Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық;
Colo Kaz 3:9  бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Себебі сендер ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап,
Colo Kaz 3:10  жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар. Оны жаратып берген Иеміз Өзін жақынырақ тануларың үшін сендердің рухани жағынан Өзіне ұқсас болуларыңды көздеп соған ұмтылуда.
Colo Kaz 3:11  Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф, құл не ерікті жоқ, қайта, Мәсіх барлық сенушілердің өмірлерінде басты орында.
Colo Kaz 3:12  Ал енді, Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кішіпейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!
Colo Kaz 3:13  Өзара төзімді болыңдар. Егер біреуге реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!
Colo Kaz 3:14  Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді.
Colo Kaz 3:15  Иеміз Мәсіх сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін! Ол сендерді біртұтас рухани дененің құрамдас мүшелері ретінде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер!
Colo Kaz 3:16  Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан басқа да әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер. Жүректерің ризашылыққа кенеліп, Иемізге арнап ән айтып отырыңдар!
Colo Kaz 3:17  Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен жасап, Иеміз арқылы Құдай Әкемізге шүкірлік етіңдер!
Colo Kaz 3:18  Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн.
Colo Kaz 3:19  Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!
Colo Kaz 3:20  Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды!
Colo Kaz 3:21  Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!
Colo Kaz 3:22  Басыбайлы қызметшілер, барлық жағдайда да бұл дүниелік қожайындарыңның тілін алыңдар! Көңілдерінен шығу үшін тек олар бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы шын жүректен мойынсұныңдар! Осылай Құдай Иемізді терең қастерлеңдер!
Colo Kaz 3:23  Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!
Colo Kaz 3:24  Себебі осының ақысы ретінде сендер Иемізден Оның уәде еткен игіліктерін қабылдайтындарыңды білесіңдер. Қызмет ететін Қожайындарың — Мәсіхтің Өзі ғой.
Colo Kaz 3:25  Ал жамандық жасайтын әркім соның лайықты жазасын тартады. Мәсіх ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділ үкім шығармақ.