Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 17
I Ki Kaz 17:1  Бірде Ғилақад аймағындағы Тішбенің тұрғыны Ілияс Ахаб патшаға барып, былай деп мәлімдеді: «Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Ие — Исраилдің Құдайының алдында шын айтамын: келесі бірнеше жыл бойы мен «Жаңбыр жаусын!» деп айтпайынша, елде не жаңбыр да жаумайтын, не шық та түспейтін болады!»
I Ki Kaz 17:2  Содан соң Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді:
I Ki Kaz 17:3  «Бұл жерден шығысқа қарай, Иордан өзенінің арғы жағындағы Хорат сайының маңына барып жасырын.
I Ki Kaz 17:4  Мен құзғын-қарғаларға сені тамақтандыруды бұйырдым, ал суыңды сайдан ішерсің».
I Ki Kaz 17:5  Ілияс Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес Иордан өзенінің шығысындағы Хорат сайының маңына барып, сонда тұрып жатты.
I Ki Kaz 17:6  Ол сайдың суын ішіп, таңертең және кеште қарғалар оған нан мен ет әкеліп отырды.
I Ki Kaz 17:7  Бірақ елде ешқандай жаңбыр жаумағандықтан, біраз уақыттан кейін сайдағы су тартылып, құрғап қалды.
I Ki Kaz 17:8  Сонда Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді:
I Ki Kaz 17:9  «Енді Сидонның маңындағы Сарептаға барып, сонда тұр. Сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды тапсырып отырмын».
I Ki Kaz 17:10  Ілияс Сарепта қаласына жол жүріп, қаланың қақпасына жете бергенде, сол жерде отын жинап жүрген бір жесір әйел көзіне түсті. Ол сол әйелге тіл қатып:— Маған ішуге құмырамен біразырақ су алып келіңізші, — деп сұрады.
I Ki Kaz 17:11  Әйел су алуға кетіп бара жатқанда, Ілияс одан дауыстап:— Маған жейтін нан да ала келсеңіз екен, — деп өтінді.
I Ki Kaz 17:12  Сонда әйел:— Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие алдында шын айтамын: менде бір күлше нан да жоқ. Үйде кеспегімнің түбінде тек бір уыс ұн мен құмырамның түбінде біразырақ май ғана қалды. Содан ұлым екеуімізге нан пісіру үшін отын жинауға осы жерге келген едім. Соны жеп болған соң бізге өлу ғана қалды, — деп жауап берді.
I Ki Kaz 17:13  Ілияс оған былай деді:— Уайымдамаңыз! Барып, айтқаныңыздай істеңіз! Бірақ ең алдымен өзіңіздегі бардан маған кішкентай күлше нан пісіріп алып келіңіз, содан кейін ұлыңыз екеуіңізге нан пісірерсіз.
I Ki Kaz 17:14  Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Жаратқан Ие жерге қайтадан жаңбыр жаудырып, өнім шығарған күнге дейін кеспектегі ұның мен құмырадағы майың еш таусылмайды!
I Ki Kaz 17:15  Жесір әйел үйіне кетіп, Ілиястың айтқанындай істеді. Осылайша ол да, әйел де, оның ұлы да тамақтанып жүрді.
I Ki Kaz 17:16  Жаратқан Ие Ілияс арқылы уәде еткендей, кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады.
I Ki Kaz 17:17  Осы оқиғалардан кейін үй иесі жесір әйелдің ұлы табан астынан ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры демі бітіп қайтыс болды.
I Ki Kaz 17:18  Сонда әйел Ілиясқа тіл қатып былай деді:— Уа, Құдайдың жіберген адамы, менде неңіз кетіп еді? Жасаған күнәларымды әшкерелеп, жалғыз ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз? —
I Ki Kaz 17:19  Ілияс оған:— Маған ұлыңызды алып келіңізші! — деп жауап берді. Содан ол шешесінің қолынан баласының мәйітін алып, өзі тұрып жатқан жоғарғы бөлмеге апарып, төсегіне жатқызды.
I Ki Kaz 17:20  Пайғамбар Жаратқан Иеге дауыстап мінажат етіп былай деді: «Уа, Құдайым Жаратқан Ие! Маған пана берген мына әйелдің басына Сен тіпті қайғы түсіріп, баласынан айырып отырсың ғой! —
I Ki Kaz 17:21  Содан соң ол өлі баланың үстіне үш рет созылып жатып: — Уа, Құдайым Жаратқан Ие, мына баланы қайта тірілте гөр!» — деп сиынды.
I Ki Kaz 17:22  Жаратқан Ие Ілиястың мінажатына құлақ асты. Балаға жан бітіп, ол қайтадан тірілді.
I Ki Kaz 17:23  Ілияс баланы ұстап көтеріп алып, жоғарғы бөлмеден түсіп, үйдің ішіне алып келді. Оны шешесіне табыстап тұрып:— Міне, ұлыңыз тірі! — деді.
I Ki Kaz 17:24  Сонда әйел Ілияс пайғамбарға:— Сіздің расында Құдайдың жіберген адамы екеніңізге, әрі шынымен аузыңыздан Жаратқан Иенің сөздерінің шыққанына енді көзім жетіп отыр! — деді.