Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
I Ki Kaz 6:1  Сүлеймен исраилдіктер Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейін төрт жүз сексен жыл өткенде, өзінің Исраилге патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті.
I Ki Kaz 6:2  Сүлеймен патша Жаратқан Иеге арнап салған киелі үйдің ұзындығы алпыс, ені жиырма, биіктігі отыз шынтақ болды.
I Ki Kaz 6:3  Киелі үйдің негізгі ғимаратының алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені ғимараттың еніндей жиырма шынтақ болды. Бағаналы кіреберіс ғибадатханадан алға қарай он шынтақтай шығып тұрды.
I Ki Kaz 6:4  Сүлеймен ғимараттың қабырғаларында сыртқа қараған жағы тарлау, ішке қараған жағы кеңдеу етіп ойылып жасалған терезелерді орнатты.
I Ki Kaz 6:5  Сондай-ақ, ол киелі үйдің екі жағы мен арт жағын жанамалап, (үш қабатты етіп) қосалқы бөлмелер салды.
I Ki Kaz 6:6  Төменгі қабаттың ені бес, ортаңғы қабаттың ені алты, жоғарғы қабаттың ені жеті шынтақ болды. Осы бөлмелер ғимаратқа арқалық бөренесіз сүйеніп тұра алулары үшін ғимараттың қабырғалары әр қабат сайын кертпештеніп салынды.
I Ki Kaz 6:7  Ғимарат тас қазып, қашайтын орында өңделіп дайындалған тастардан салынды. Сол себепті салынып жатқан киелі үйден балға, балта сияқты темір құралдардың дыбысы естілмеді.
I Ki Kaz 6:8  Қосалқы бөлмелердің төменгі қабатына кіретін жер ғимараттың оңтүстік жағында болды. Сол жерде бірінші қабаттан баспалдақпен ортаңғы, одан жоғарғы қабаттарға да көтерілуге болатын.
I Ki Kaz 6:9  Сонымен Сүлеймен үйдің құрылысын аяқтап, оның төбесін самырсын бөренелерімен және тақтайларымен қаптады.
I Ki Kaz 6:10  Сол сияқты, ол бүкіл киелі үйді айналдыра үш қабатты қосалқы бөлмелер салдырды. Олар ғибадатхананың қабырғаларына самырсын бөренелерімен бекітілді.
I Ki Kaz 6:11  Содан соң Жаратқан Ие Сүлейменге былай деп сөзін арнады:
I Ki Kaz 6:12  «Өзің құрылысын салып жатқан осы үй туралы Менің айтарым мынау: Егер Менің барлық ережелерімді орындап, шешімдерім мен өсиеттерімді ұстанып жүретін болсаң, онда әкең Дәуітке берген уәдемді өзің арқылы жүзеге асырамын.
I Ki Kaz 6:13  Мен исраилдіктердің арасында тұратын боламын, әрі халқым Исраилді ешқашан тастап кетпеймін!»
I Ki Kaz 6:14  Осылайша Сүлеймен киелі үйді салып бітірді.
I Ki Kaz 6:15  Патша ғибадатхананың ішкі қабырғаларын еденнен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қаптап, еденді қарағай тақтайларынан жасады.
I Ki Kaz 6:16  Киелі орын деп аталатын ең қасиетті бөлме ғимараттың төр жағынан салынды. Бұл бөлме еденнен төбеге дейін жетіп жатқан самырсын тақтайларымен бөлініп тасталды.
I Ki Kaz 6:17  Осы қасиетті бөлменің алдында орналасқан қасиетті бөлменің ұзындығы қырық шынтақ болды.
I Ki Kaz 6:18  Самырсын тақтайларға асқабақтар мен ашылған гүлдер тәрізді өрнектер ойылып салынды. Киелі үйдің ішкі қабырғалары ешбір тасы көрінбейтіндей болып түгелдей самырсын тақтайлармен қапталды.
I Ki Kaz 6:19  Патша, сондай-ақ, киелі үйдің ішіндегі ең қасиетті бөлмені Жаратқан Иенің Келісім сандығын орналастыруға дайындады.
I Ki Kaz 6:20  Осы ішкі бөлменің ұзындығы, ені, биіктігі жиырма шынтақтан болды. Сүлеймен оны саф алтынмен қаптады. Ол самырсыннан жасалған түтету үстелін де алтынмен қаптады.
I Ki Kaz 6:21  Сүлеймен киелі үйдің ішін түгелдей саф алтынмен қаптады. Ол алтынмен қапталған ең қасиетті бөлменің алдыңғы жағына кесе көлденеңінен алтын шынжыр іліп қойды.
I Ki Kaz 6:22  Сонымен киелі үйдің ішкі жағы түгелдей алтынмен қапталды. Патша, сондай-ақ, ең қасиетті бөлменің алдындағы түтету үстелін де толықтай алтынмен қаптады.
I Ki Kaz 6:23  Ең қасиетті бөлмеде биіктігі он шынтақ болатын, керуб делінген күзетші періштелердің екі мүсінін зәйтүн ағашынан ойып жасады.
I Ki Kaz 6:24  Әр керуб мүсінінің екі қанаты, ал әр қанатының ұзындығы бес шынтақ, қос қанатының арасындағы қашықтық он шынтақ болды.
I Ki Kaz 6:25  Екі керубтің де өлшемдері мен сырт қалыптары бірдей еді.
I Ki Kaz 6:26  Әр керубтің биіктігі он шынтақтан болатын.
I Ki Kaz 6:27  Сүлеймен олардың екеуін де ең қасиетті бөлмеге орналастырды. Жайылған қанаттарының бір шеті бөлменің ортасында өзара түйісіп, екінші шеттері бөлменің екі жақ қабырғаларына тиіп тұрды.
I Ki Kaz 6:28  Сүлеймен керуб мүсіндерін алтынмен қаптатты.
I Ki Kaz 6:29  Киелі үйдің ішкі және сыртқы бөлмелерінің барлық қабырғаларына айналдыра керубтердің, құрма ағаштарының әрі ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды.
I Ki Kaz 6:30  Киелі үйдің ішкі және сыртқы екі бөлмесіндегі едендер де алтынмен қапталды.
I Ki Kaz 6:31  Ең қасиетті бөлменің ішкі кіреберісіне зәйтүн ағашынан жарма есіктер жасалып, маңдайшасы мен жақтаулары бес қырлы етіп орнатылды.
I Ki Kaz 6:32  Зәйтүн ағашынан жасалған осы екі есікке керубтердің, құрма ағаштарының және ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды. Есіктердегі бейнелер алтынмен қапталды.
I Ki Kaz 6:33  Сол сияқты патша үлкен бөлменің кіреберісіне де осылай етіп зәйтүн ағашынан төрт қырлы жақтау жасады.
I Ki Kaz 6:34  Ол қарағайдан екі жарма есік жасап, жақтаудың екі жағынан айналмалы топсаға іліп қойды.
I Ki Kaz 6:35  Есіктерге періштелер, құрма ағаштары және ашылған гүлдер ойылып салынды да, олардың үстін балғамен соғып алтынмен тегістеп қаптады.
I Ki Kaz 6:36  Содан соң патша үш қабат өңделген тастардан әрі бір қабат самырсын бөренелерінен ішкі ауланың дуалын қаластырып салды.
I Ki Kaz 6:37  Сүлейменнің патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында Жаратқан Иенің киелі үйінің негізі қаланды.
I Ki Kaz 6:38  Ал он бірінші жылдың қазан айында киелі үйдің барлық бөліктері өз ерекшеліктеріне сай салынып бітті. Сонымен Сүлеймен киелі үйдің құрылысын жеті жылда аяқтады.