Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
I Ki Kaz 14:1  Сол кездері Еробоғамның ұлы Абиях қатты ауырып қалды.
I Ki Kaz 14:2  Сонда Еробоғам әйеліне былай деді: «Жиналып, жолға шық. Менің әйелім екеніңді ешкім біліп қоймайтындай етіп киініп ал да, Шилоға бар. Менің осы халыққа патшалық құратынымды алдын ала айтқан Ахиях пайғамбар сол жерде тұрып жатыр.
I Ki Kaz 14:3  Оған он күлше нан, бірсыпыра тәтті нан және бір құмыра бал ала бар. Ұлымызбен не болатынын ол саған айтып бере алады».
I Ki Kaz 14:4  Әйелі Еробоғамның айтқанын істеп, Шилодағы Ахиях пайғамбардың үйіне барды. Қартайған Ахиях көзі көрмей қалған, зағип болатын.
I Ki Kaz 14:5  Алайда Жаратқан Ие оған: «Біліп ал, Еробоғамның әйелі саған келе жатыр. Ол сенен өзінің ауырып қалған ұлы туралы сұрастырып білмекші. Оған Менің айтқанымды жеткіз. Ал ол басқа біреу болғансып сырт кейпін өзгертіп келеді», — деп білдірген еді.
I Ki Kaz 14:6  Ахиях пайғамбар әйелдің есікке таяп келіп қалған дыбысын естігенде былай деді:— Кел, кіре бер, Еробоғамның әйелі! Неге сен басқа біреу болғансып сырт кейпіңді өзгертіп алдың? Ал менің саған айтар ауыр хабарым бар.
I Ki Kaz 14:7  Күйеуің Еробоғамға қайтып барып, оған былай де: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені халықтың арасынан көтеріп, халқым Исраилдің үстінен билеуші етіп тағайындадым.
I Ki Kaz 14:8  Мен патшалық билікті Дәуіттің әулетінен жұлып алып, саған бердім. Алайда сен Өзіме адал болған қызметшім Дәуіт сияқты болмадың. Дәуіт менің барлық өсиеттерімді сақтап, шын жүректен Менің тура жолыммен жүріп, көз алдымда тек әділ іс-әрекет жасады.
I Ki Kaz 14:9  Ал сенің зұлымдығың өзіңнен бұрын өткендердің қай-қайсысынан да басым болды. Сен өзіңе жалған тәңірлер таңдап, жас бұқа мүсіндерін жасатып алдың. Осындай істеріңмен Менің қаһарымды туғыздың. Сен Менен мүлдем бас тартып кеттің.
I Ki Kaz 14:10  Сол себепті Мен Еробоғамның әулетін құртып жіберетін боламын. Мен оның әулетіне жататын еркек кіндікті атаулының барлығын, ерікті болсын, құл болсын, құртамын! Қи-тезекті қалай өртеп жоқ қылатын болса, Мен де дәл солай Еробоғамның әулетін құртып жоқ қыламын.
I Ki Kaz 14:11  Оның әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жейді, далада өлсе, әуедегі құстар шоқиды!
I Ki Kaz 14:12  Ал енді, өзің тұр да, үйіңе қайт. Қалаға аяғыңды басып кіре салысыңмен, ұлың қайтыс болады.
I Ki Kaz 14:13  Оны Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы жоқтап қабірге қоятын болады. Еробоғамның әулетінен қабірге қойылатын жалғыз сол болады. Себебі Еробоғамның бүкіл әулетінен тек осы баладан ғана Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге деген адалдық табылды.
I Ki Kaz 14:14  Ендеше Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге билік құратын патшаны тағайындап алмақ. Ол Еробоғамның әулетін құртатын болады. Ол бүгін соны істеп жатыр! Немене? Тіпті қазірдің өзінде!
I Ki Kaz 14:15  Жаратқан Ие Исраилге соққы береді, сонда ол бұрқанған судың ағысымен жел тербеткен бір қамысқа ұқсайтын болады. Жаратқан Ие олардың ата-бабаларына табыстаған осы шұрайлы елден Солтүстік Исраилдің халқын құртып, оларды Евфрат өзенінің арғы жағына шашыратып жібереді. Өйткені олар жалған тәңір Ашераға табынып, оған арнап ағаш бағаналар орнатуларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
I Ki Kaz 14:16  Еробоғамның күнәға батып, елдің халқын да сол күнәларға еліктіргеніне бола Жаратқан Ие Солтүстік Исраилді тастап кетеді».
I Ki Kaz 14:17  Еробоғамның жұбайы орнынан тұрып, жолға шықты. Ол Тирсаға келіп, үйінің табалдырығынан аттай бергенде, ұлы қайтыс болды.
I Ki Kaz 14:18  Жаратқан Иенің өз қызметшісі Ахиях пайғамбар арқылы алдын ала айтқанындай, бүкіл Исраил елі патшазаданы қабірге қоюға қатысып, оны жоқтап аза тұтты.
I Ki Kaz 14:19  Ал Еробоғамның басқа да іс-әрекеттері, оның жүргізген соғыстары мен қалай патшалық құрғаны жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
I Ki Kaz 14:20  Еробоғамның патшалық билігі жиырма екі жылға созылды. Ол көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Надаб орнын басып патша болды.
I Ki Kaz 14:21  Сол арада Сүлеймен ұлы Рохабоғам Яһудада патшалық құрды. Ол патша болған кезде қырық бір жаста еді және он жеті жыл Иерусалимде билік жүргізді. Осы қаланы Жаратқан Ие Өзінің есімінің мадақталуы үшін Исраилдің барлық руларынан таңдап алған болатын. Оның шешесінің аты-жөні аммондық Нағама еді.
I Ki Kaz 14:22  Рохабоғамның заманында Яһуда халқы Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істей берді. Олар жасаған күнәларымен ата-бабаларынан да бетер Жаратқан Иенің өз халқының жалған тәңірлерге табынуына еш төзбейтін қызғанышын туғызды.
I Ki Kaz 14:23  Олар өздері үшін биіктеу жерлерде ғибадат орындарын салып, әр биік тау-төбенің басында, әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап тас бағаналар әрі Ашераға бағыштап ағаш бағаналар орнатып қойды.
I Ki Kaz 14:24  Соған қоса елдегі жалған тәңірлерге табыну орындарында тіпті азғындықпен айналысқан еркектер де болды. Осылай Жаратқан Ие Исраилдің алдынан қуып шыққан азғын халықтардың барлық жексұрын күнәларын енді исраилдіктердің өздері істейтін болды.
I Ki Kaz 14:25  Рохабоғамның патшалық құруының бесінші жылы Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге қарсы аттанып, қалаға өрлеп жетті.
I Ki Kaz 14:26  Шұшақ Жаратқан Иенің ғибадатханасының және патша сарайының қазыналарын қолына түсірді. Олардың бәрін де, Сүлеймен патша кезінде алтынмен қаптатқызып жасатқан қалқандарды да алып кетті.
I Ki Kaz 14:27  Кейінірек Рохабоғам патша солардың орнына қоламен қапталған қалқандар жасатып, оларды патша сарайының есіктерін күзететін сақшылардың басшыларына табыстады.
I Ki Kaz 14:28  Патша Жаратқан Иенің киелі үйіне барған сайын күзетшілер қалқандарды сол жаққа көтеріп алып келіп, кейін қайтадан күзетшілер үйіне апарып қоятын.
I Ki Kaz 14:29  Рохабоғамның өзге іс-әрекеттерінің барлығы туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
I Ki Kaz 14:30  Рохабоғам мен Еробоғамның патшалық құрған бүкіл кездерінде екеуінің арасында соғыс болып тұрды.
I Ki Kaz 14:31  Рохабоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті солардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның шешесі аммондық Нағама болатын. Рохабоғамның ұлы Абиях оның орнын басып патша болды.