Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
I Ki Kaz 13:1  Алайда Құдай Иенің тағайындаған пайғамбары Оның бұйрығымен Яһуда елінен Бетелге барды. Пайғамбар Еробоғам патша құрбандық үстелінің қасында хош иісті зат түтетпек болып тұрған кезде сол жерге жетті.
I Ki Kaz 13:2  Сонда пайғамбар Жаратқан Иенің өзіне бұйырған мына сөздерін құрбандық үстеліне қарсы қатты дауыстап айтты: «О, құрбандық үстелі, (жексұрын) құрбандық үстелі! Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәуіттің әулетінен Жосия есімді біреу шығады. Қазір сенің үстіңде биіктеу жерлердегі табыну орындарының діни қызметкерлері құрбандықтар өртеп, хош иісті заттарды түтетіп жатыр. Бірақ Жосия осы діни қызметкерлердің өздерін сенің үстіңде құрбандық іспетті өртеп жібереді! Сонда үстіңде адамның сүйектері өртелетін болады! —
I Ki Kaz 13:3  Сол күні пайғамбар өзінің хабарының шындығын дәлелдейтін пайғамбарлық сөз айтып былай деді: — Жаратқан Ие көрсететін керемет белгі мынадай болады: құрбандық үстелі қақ жарылып, оның үстіндегі майлы бөлшектердің күлі шашылып қалатын болады!»
I Ki Kaz 13:4  Еробоғам патша Құдайдың пайғамбарының құрбандық үстеліне қарсы айтқан сөзін естігенде, қолын құрбандық үстелінің қасынан төмен созып, пайғамбарға шұқшита: «Ұстаңдар мынаны!» — деп айқайлап жіберді. Бірақ созған қолы лезде семіп, ол қолын қайта тартып ала алмай қалды.
I Ki Kaz 13:5  Сонымен қатар құрбандық үстелі қақ жарылып, үстіндегі майлы бөлшектердің күлі төгіліп, шашылып қалды. Осылай Құдай Иенің өз пайғамбары арқылы айтқаны жүзеге асып, оның сөзінің шындығын дәлелдеді.
I Ki Kaz 13:6  Ал патша Құдайдың пайғамбарынан өтініп: «Құдайыңыз Жаратқан Иеге жалбарына көріңіз! Ол маған рақым етіп қолымды бұрынғы қалпына келтіре көрсін деп мінажат етсеңіз екен!» — деді. Құдайдың пайғамбары Жаратқан Иеге жалбарынып мінажат еткенде патшаның қолы жазылып, бұрынғы қалпына қайта келді.
I Ki Kaz 13:7  Сонда патша Құдайдың пайғамбарына:— Сарайыма кіріп, біраз тынығып, тамақ ішіп, әлденіп алыңыз. Содан соң мен сізге бір сыйлықты тарту етемін, — деді.
I Ki Kaz 13:8  Бірақ Құдайдың пайғамбары оған былай деп жауап берді:— Маған тіпті сарайыңның жартысын сыйға берсең де, саған еріп оған кірмес едім! Осы жерде не тамақ жеуіме, не су ішуіме болмайды.
I Ki Kaz 13:9  Себебі маған Жаратқан Ие сөзін арнап: «Сол жерде не нан жеп, не су ішпе, әрі келген жолыңмен кері қайтпа!» деп бұйырды. —
I Ki Kaz 13:10  Осыны айтып, пайғамбар Бетелге келген жолымен емес, басқа бір жолмен кетіп қалды.
I Ki Kaz 13:11  Сол кезде Бетел қаласында бір қарт пайғамбар тұратын еді. Оның ұлдары сол күні Құдайдың Яһуда елінен жіберген пайғамбарының не істеп, патшаға не дегенінің барлығын әкелеріне келіп айтып берді.
I Ki Kaz 13:12  Сонда әкесі ұлдарынан: «Ол қай жолмен кетті?» — деп сұрады. Ұлдары оған Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қай жолмен кеткенін көрсетті.
I Ki Kaz 13:13  Әкесі ұлдарына: «Маған есегімді ерттеп беріңдерші!» — деді. Ұлдары есегін ерттеп беріп, ол соған мініп алып,
I Ki Kaz 13:14  Құдайдың пайғамбарының соңынан кетті. Оны бір емен ағашының түбінде отырған жерінен тауып алып, одан:— Құдайдың Яһудадан келген пайғамбары сіз бе едіңіз? — деп сұрады. Ол:— Иә, солмын — деп жауап берді.
I Ki Kaz 13:15  Қарт пайғамбар оны:— Менімен бірге үйіме барып, тамақ ішіңіз! — деп шақырды.
I Ki Kaz 13:16  Бірақ яһудалық пайғамбар оған былай деп түсіндірді:— Сізге еріп кері қайтып бара алмаймын. Сізбен осы жерде не нан жеуіме, не су ішуіме де болмайды.
I Ki Kaz 13:17  Себебі маған Жаратқан Ие сөзін арнап: «Сол жерде не нан жеп, не су ішпе, әрі келген жолыңмен кері қайтпа!» деп бұйырды. —
I Ki Kaz 13:18  Ал қарт пайғамбар оған:— Мен де өзің сияқты пайғамбармын. Маған періште келіп, Жаратқан Иенің: «Өз үйіңе алып кел, ол нан жеп, су ішсін!» деген бұйрығын жеткізді, — деді. Бірақ та оның айтып тұрғаны өтірік болатын.
I Ki Kaz 13:19  Сонда Құдайдың жіберген адамы жолынан кері қайтып, онымен бірге үйіне кіріп, нан жеп, су ішті.
I Ki Kaz 13:20  Олар дастарқан басында отырғанда сол адамды қайтарып алып келген қарт пайғамбарға Жаратқан Иенің сөзі жетті.
I Ki Kaz 13:21  Ол Яһудадан келген Құдайдың хабаршысына дауыстап былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен Жаратқан Иенің сөзіне қарсы шықтың, Құдай Иеңнің өзіңе берген бұйрығын орындамадың!
I Ki Kaz 13:22  Сен жолыңнан кері қайтып келіп, Ол: «Не нан жеп, не су ішпе!» деп бұйырған осы жердің өзінде нан да жеп, су да іштің. Сондықтан сен өлген кезіңде мәйітің ата-бабаларыңның жанына қабірге қойылмайды!»
I Ki Kaz 13:23  Қонағы тамағын ішіп-жеп болған соң, оны қайтарып алып келген қарт пайғамбар оның есегін ерттеп беріп, жолға шығарып салды.
I Ki Kaz 13:24  Сонымен ол қаладан шығып кетіп қалды. Алайда кетіп бара жатқанда, оған бір арыстан тап беріп, өлтіріп тастады. Оның денесі арыстан лақтырып тастаған жерде жол үстінде жата берді. Ал жанында есегі мен арыстан тұрды.
I Ki Kaz 13:25  Сол жермен жүріп өткен адамдар жолда жатқан дене мен жанында тұрған арыстанды көріп, бұл туралы қарт пайғамбар тұрып жатқан Бетел қаласына айтып келді.
I Ki Kaz 13:26  Құдайдың жіберген пайғамбарын жолынан қалдырған қарт пайғамбар сол туралы естігенде былай деді: «Бұл Жаратқан Иенің берген бұйрығына қарсы шыққан пайғамбар болса керек. Сондықтан да Жаратқан Ие Өзінің алдын ала айтқанын жүзеге асырып, осы адамды арыстанның талап өлтіруіне тапсырды».
I Ki Kaz 13:27  Мұнан соң ол ұлдарына: «Маған есегімді ерттеп беріңдер!» — деді. Олар солай істеп,
I Ki Kaz 13:28  ол қаладан шығып, жол үстінде жатқан денені және оның жанында тұрған есек пен арыстанды тауып алды. Арыстан денені жемеген де, есекті жармаған да екен.
I Ki Kaz 13:29  Қарт пайғамбар Құдай жіберген адамның мәйітін жерден көтеріп алып, есегіне артып өз қаласына қайта алып келді. Сонда оны аза тұтып,
I Ki Kaz 13:30  өзі үшін дайындаған қабіріне қойды да: «Ой, бауырым!» — деп қайғырып жоқтаумен болды.
I Ki Kaz 13:31  Қарт пайғамбар оны қабірге қойып болғаннан кейін ұлдарына өсиеттеп былай деді: «Мен қайтыс болғанда, мәйітімді Құдай жіберген осы пайғамбар қойылған қабірге қойып, сүйегімді оның сүйегінің жанына орналастырыңдар!
I Ki Kaz 13:32  Себебі Жаратқан Иенің сол пайғамбар арқылы Бетел қаласындағы құрбандық үстелі жайлы әрі Самария елінің қалаларының биіктеу жерлеріндегі жалған тәңірлерге арналған барлық ғибадатханалары туралы жариялаған сөзі міндетті түрде жүзеге асатын болады!»
I Ki Kaz 13:33  Алайда осы оқиғадан кейін де Еробоғам зұлым жолынан қайтпады. Керісінше, ол жалған тәңірлерге арналған ғибадат орындарына тағы көбірек діни қызметкерлер тағайындады. Осылай ол діни қызметкер болғысы келген кез келген адамды тағайындай берді.
I Ki Kaz 13:34  Осы сұмдық іс Еробоғамның әулетінің ауыр күнәсіне айналды. Соның кесірінен бүкіл әулет жоғалып, жер бетінен құрып кететін болды.