Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
I Ki Kaz 7:1  Сүлеймен он үш жыл бойы өзіне патшалық сарай салып, оны да бітірді.
I Ki Kaz 7:2  «Ливан орманы сарайы» деп аталған ғимараттың ұзындығы жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақтан болды. Оның төрт қатар самырсын бағаналарына арқалық самырсын бөренелері бекітілді.
I Ki Kaz 7:3  Сарайдың төбесі самырсынмен жабылды. Бағаналарға бекітілген арқалық бөренелердің үстінде қырық бес бөлме, әр қатарда он бес бөлмеден, болды.
I Ki Kaz 7:4  Терезелер ғимараттың қарама-қарсы қабырғаларында әр қабырғада үш қатардан орнатылды.
I Ki Kaz 7:5  Есік-терезе ойықтарындағы жақтаулар төрт бұрышты етіп жасалды. Бір жақ қабырғадағы үш қатар болып орналасқан терезелер қарама-қарсы қабырғадағы үш қатар терезелермен тұстас болып тұрды.
I Ki Kaz 7:6  Сүлеймен бағаналы мәжілісхана да тұрғызды. Оның ұзындығы елу, ені отыз шынтақ еді. Оның алдында үсті жабылған бағаналы кіреберіс болды.
I Ki Kaz 7:7  Сүлеймен өзінің патшалық тағы орналасқан бағаналы ғимаратты да салғызды. Өзі үкім шығаратын осы «Әділет сарайының» іші еденінен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қапталды.
I Ki Kaz 7:8  Әділет сарайының ар жағындағы аулада орналасқан, Сүлейменнің өзі тұратын сарайы осыған ұқсас жобамен жасалды. Ол Мысыр патшасының қызы — өз әйеліне де арнап сол жобамен бағаналы сарай салып берді.
I Ki Kaz 7:9  Осы ғимараттардың барлығы олардың іргетасынан қабырғаларының жоғарғы шетіне дейін және сырт жағынан үлкен аулаға дейін ішкі, сыртқы жағы да өлшемге сәйкестендіріліп, арамен кесілген қымбат тастардан салынды.
I Ki Kaz 7:10  Ғимараттардың іргетасы осы сияқты жақсы өңделген қымбат тастардан қаланды. Олар ұзындығы он не сегіз шынтақ дәу тастар болды.
I Ki Kaz 7:11  Осы іргелі тастардың үстінде өлшемге сәйкес кесілген басқа да өңделген тастар мен самырсын бөренелер болды.
I Ki Kaz 7:12  Патша сарайының үлкен ауласы мен қабырғаларын салғанда, шеберлер Жаратқан Иенің киелі үйінің ішкі ауласы мен ашық кіреберісінің қабырғалары сияқты, үш қабат өңделген тастарды бір қабат самырсын бөренелерімен кезектестіріп қаластырды.
I Ki Kaz 7:13  Сүлеймен патша Тир қаласына кісі жіберіп, Хурам-Аби есімді біреуді шақыртып алдыртты.
I Ki Kaz 7:14  Оның шешесі Нафталим руынан шыққан жесір әйел, ал әкесі Тирдің тұрғыны әрі қола өңдейтін қолөнерші болатын. Хурам-Аби қоладан әр түрлі бұйымдар істеуге бейімділігі бар парасатты да шебер ұста еді. Ол Сүлеймен патшаға келіп, қажетті жұмыстың барлығын орындады.
I Ki Kaz 7:15  Ұста екі қола бағана жасады. Екеуінің де биіктігі он сегіз шынтақтан, айналдыра ұзындығы он екі шынтақтан болды.
I Ki Kaz 7:16  Ұста қоладан құйып әрбір бағананың басына қойылатын үстіңгі иықтарын да жасады. Олардың биіктігі бес шынтақтан болды.
I Ki Kaz 7:17  Әрбір бағананың үстіңгі иығы алқа іспетті оралып тұратын жеті шынжыр тормен әшекейленген және әрбір тор
I Ki Kaz 7:18  екі қатар қола анарлармен көмкеріліп безендірілген болатын. Ұста екі бағананың үстіңгі иығын да бірдей етіп жасады.
I Ki Kaz 7:19  Киелі үйдің ашық кіреберісінің алдына орналастырылған бағаналардың үстіңгі иықтары лалагүлдерге ұқсас етіп жасалып, биіктігі төрт шынтақтан болды.
I Ki Kaz 7:20  Екі бағананың да басына, оның тостаған тәріздес бөлігінің үстіңгі жағына, тордың қасына айналдыра қатар-қатармен екі жүз анар жасалып бекітілді.
I Ki Kaz 7:21  Ұста осы екі бағананы киелі үйдің кіреберісіне тұрғызды. Оң жағындағысы Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысы Боғоз («Құдірет Иесі») деп аталды.
I Ki Kaz 7:22  Бағаналардың жоғарғы жағындағы қола иықтары лалагүл тәрізді жасалған еді. Осымен бағаналарды жасау жұмыстары аяқталды.
I Ki Kaz 7:23  Ұста бір дәу қазанды да қоладан балқытып, құйып жасады. Оның сырт пішіні дөңгелек, ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан теңіз деп те аталатын.
I Ki Kaz 7:24  Оның ернеуінен төменірек асқабақ тәрізді мүсіншелер бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды.
I Ki Kaz 7:25  Дәу қазан бұқа кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол бұқа мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазанның ортасына қарай бағытталып орналасты.
I Ki Kaz 7:26  Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі қызғалдақ гүлі іспетті болды. Оның ішіне екі жүз күбі су сыятын.
I Ki Kaz 7:27  Хурам-Аби (қазандарға арнап) қоладан жылжымалы он тұғыр да жасады. Әрбір тұғырдың ұзындығы мен ені төрт шынтақтан, биіктігі үш шынтақ болды.
I Ki Kaz 7:28  Тұғырлар жақтауларға бекітілген төрт бұрышты қола тақталардан жасалды.
I Ki Kaz 7:29  Тақталар мен жақтауларға арыстан, бұқа және күзетші періштелердің бейнелері салынды. Тақталардың шет жақтары арыстан мен бұқа бейнелерінің үстіңгі және астыңғы жағынан шір бейнесіндегі қақталған нақыштармен безендірілген еді.
I Ki Kaz 7:30  Әрбір тұғырдың төрт қола дөңгелегі және қола біліктері болды. Әрбір тұғырдың төрт бұрышында балқытылып құйылған бір-бір тіректен шығып тұрды. Тіректердің әр тұсы құйылған шірлермен өрнектелді. Тұғырдың иық тәріздес төрт тірегінің үстіне қазан орнатылды.
I Ki Kaz 7:31  Тұғырдың үстіңгі бетінде тереңдігі бір шынтақтай болатын қола қазанға арналған дөңгелек ойық бар еді. Сол ойық тұғырдың бетінен жоғары қарай биіктігі бір шынтақ, төмен қарай бір жарым шынтақ болды. Тұғырдың үстіңгі бетінде де оюлы нақыштар бар еді.Тұғырдың бүйір тақталары дөңгелек емес, төрт бұрышты болды.
I Ki Kaz 7:32  Тұғырдың тақталарының астында дөңгелектер орналасты, олардың біліктері тұғырдың қаңқасына бекітілді. Дөңгелектердің биіктігі бір жарым шынтақтан еді.
I Ki Kaz 7:33  Дөңгелектердің сыртқы пішіні күйме дөңгелегі сияқты болды. Дөңгелектердің білігі, шеңбері, шабақтары және күпшегінің барлығы да қоладан құйылып жасалды.
I Ki Kaz 7:34  Әрбір тұғырдың төрт бұрышында бір тұтқадан болды. Олар тұғырдан шығып тұрды.
I Ki Kaz 7:35  Тұғырдың үстіңгі бетінде биіктігі жарты шынтақ болатын шеңбер болды. Ол тұғырдың тіректері мен тақталарының жоғарғы жағына бекітілді.
I Ki Kaz 7:36  Тіректер мен тақталар сыйғанынша күзетші періште, арыстан, құрма ағашының бейнелерімен әшекейленіп, шірлермен нақышталды.
I Ki Kaz 7:37  Ұста осы нұсқамен он тұғыр жасады. Сол тұғырлардың барлығының жасау тәртібі, өлшемдері, сырт пішіндері бірдей болды.
I Ki Kaz 7:38  Ұста қоладан он қазан да жасады. Ені төрт шынтақ олардың әрбіреуіне қырық күбі су сыятын. Осы қазандар сол он тұғырға орнатылды.
I Ki Kaz 7:39  Ұста киелі үйдің оң жағынан бес тұғырды, сол жағынан бес тұғырды қойды. Ал дәу қола қазанды киелі үйдің оңтүстік жақ алдына, оның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын орнатқызды.
I Ki Kaz 7:40  Мұнан кейін ұста түрлі қазандар, қалақтар және тостағандар жасады.Осылайша Хурам-Аби Жаратқан Иенің киелі үйін салып жатқан Сүлеймен патша үшін мына бұйымдарды жасап, өзінің жұмысын бітірді:
I Ki Kaz 7:41  екі бағана мен олардың үстіңгі иығындағы екі үлкен тостаған кейпі және соларға ілінген шынжыр тәрізді әшекейлер,
I Ki Kaz 7:42  сол шынжырларға екі қатардан ілінген анар жемісінің төрт жүз мүсіні,
I Ki Kaz 7:43  жылжымалы он тұғыр мен солардың үстіндегі он қазан,
I Ki Kaz 7:44  дәу қазан және оның астындағы бұқа мүсінді он екі тұғыр,
I Ki Kaz 7:45  күлсалғыштар, қалақтар және тостағандар.Хурам-Аби Сүлеймен патшаның тапсырғанындай Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған құрал-саймандарының барлығын жылтыратылған қоладан жасады.
I Ki Kaz 7:46  Патша олардың бәрін Иордан өзенінің бойындағы Соқот пен Сартан қалаларының арасындағы жазықта саздан дайындалған қалыптарға құйғызып жасатты.
I Ki Kaz 7:47  Осы бұйымдардың көп болғандығы сонша, Сүлеймен олардың салмағын өлшемей-ақ қоя салды. Құйылған қоланың салмағын ешкім анықтаған жоқ.
I Ki Kaz 7:48  Сүлеймен, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған барлық жиһаздарды жасатты: хош иісті заттар түтетілетін, алтын қапталған үстел, Жаратқан Иенің алдына ұсынылатын нанға арналған алтын қапталған үстел,
I Ki Kaz 7:49  ең қасиетті бөлменің алдында оның оң және сол жағында бес-бестен шам қойғыштар, гүл іспетті әшекейлер, шырақтар және қысқаштар. Осы соңғылар саф алтыннан жасалды.
I Ki Kaz 7:50  Үлкен тостағандар, білте түзеткіштер, (су не қан бүркуге арналған) тостағандар, табақтар және ішіне шоқ салынатын табалар да саф алтыннан жасалды. Киелі үйдің қасиетті және ең қасиетті бөлмелерінің есіктерінің топсалары алтыннан жасалды.
I Ki Kaz 7:51  Сонымен Сүлеймен патша Жаратқан Иенің киелі үйіне байланысты бүкіл жұмысты тамамдады. Мұнан кейін ол әкесі Дәуіттің Құдайға бағыштап дайындап кеткен нәрселерін де: күміс пен алтынды және түрлі бұйымдар мен жиһаздарды Жаратқан Иенің киелі үйінің қазынасына апарып, сонда сақтап қойды.