Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 5
Ezek Kaz 5:1  «Ал сен, пендем, бір қысқа да өткір семсерді ал да, соны ұстарадай қолданып шашың мен сақал-мұртыңды қырып алып таста. Содан кейін қырып алып тастағаныңды таразыға салып, үш бөлікке бөл.
Ezek Kaz 5:2  Соның бір бөлігін өзің сызып жасаған қала жобасының дәл ортасына қой. Сенің қаланың қоршауға алынуын бейнелеп көрсеткен күндерің аяқталғанда шашыңның сол бөлігін өртеп жібер. Шашыңның екінші бөлігін сол өткір семсермен кескілеп, қала жобасын айналдыра шашып таста. Соңғы бөлігін желмен бірге ұшырып жібер. Себебі Мен семсерімді суырып алып, халқымның артынан қуып, оны шашыратып жіберемін.
Ezek Kaz 5:3  Бірақ шашыңның бірнеше талын шапаныңның етегіне байлап қой.
Ezek Kaz 5:4  Солардың бірнешеуін ал да, отқа тастап, өртеп жібер. Сол жерден от бүкіл Исраил халқына тарайтын болады.
Ezek Kaz 5:5  Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Осы істегендерің Иерусалимнің болашақ тағдырын бейнелеп көрсетеді. Мен оны халықтардың ортасына, ал басқа елдерді оны айналдыра орналастырған едім.
Ezek Kaz 5:6  Бірақ Иерусалимнің халқы жасаған зұлымдықтарымен Менің шешімдерім мен заңдарыма айналасындағы елдер мен халықтардан да бетер қарсы шықты. Олар Менің шешімдерімнен бас тартып, заңдарымды да орындаған жоқ.
Ezek Kaz 5:7  Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, тағы мынаны да айтамын: Сендер айналаларыңдағы халықтардан бетер бас көтергіш болып кеттіңдер! Заңдарымды орындамадыңдар, шешімдерімді де іске асырмадыңдар, тіпті айналаларыңда тұрып жатқан басқа халықтардың заңдары бойынша істемедіңдер!
Ezek Kaz 5:8  Сол себепті Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп қой, енді Мен Өзім саған қарсы боламын, (уа, Иерусалим)! Мен өзіңе шығарылған шешімдерімді басқа халықтардың көзінше іске асырамын.
Ezek Kaz 5:9  Сенің сол жексұрын іс-әрекеттеріңе бола, Мен саған бұрын-соңды істемеген әрі бұдан былай ешқашан істемейтін бір нәрсені істеймін!
Ezek Kaz 5:10  Сонда сендегі әкелер өз балаларының, ал балалары әкелерінің етін жейтін болады. Осылай Мен саған жазаңды тартқызамын. Содан тірі қалған адамдарыңның бәрін дүниенің шартарабына шашыратып жіберемін.
Ezek Kaz 5:11  Сондықтан Мен, мәңгі тірі Жаратқан Ие, өз атыммен ант етіп былай деймін: Менің киелі үйімді өздеріңнің жексұрын тәңір мүсіндеріңмен әрі жексұрын салт-дәстүрлеріңмен арамдап тастағандықтан, Мен енді сендерді қырып тастаймын. Сендерге аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін.
Ezek Kaz 5:12  Халқыңның үштен бір бөлігі қаланың ішінде аштан не індеттен өледі, тағы үштен бір бөлігі қаладан тыс жау қолынан қаза табады. Қалған үштен бір бөлігін Мен дүниенің шартарабына шашыратып жіберіп, жалаң семсеріммен арттарынан қуамын.
Ezek Kaz 5:13  Ақыр аяғында қаһарым басылмақ. Мен оларға деген ашуымды тыншытып, осы жазалағаныммен қанағаттанамын. Ал қаһарымды оларға лақ еткізген кезімде олар Менің, Жаратқан Иенің, бұларды зор қайрат-жігермен айтқанымды білетін болады.
Ezek Kaz 5:14  Мен сені қиратып, айналаңдағы халықтардың және сен арқылы өтетін әркімнің көз алдында масқара қылып, қаңыраған бос жерге айналдырамын.
Ezek Kaz 5:15  Өзіңді ашу-ызаммен және қаһарлы сөгіспен жазалағанымда сен айналаңдағы халықтардың масқарасы мен келекесіне қалып, ойрандалудың қорқынышты үлгісіне айналасың. Бұны нық айтқан Мен Жаратқан Иемін!
Ezek Kaz 5:16  Сол кезде сендерге ашаршылықтың өлтіруші жебелерін атып өздеріңді құртамын. Ашаршылықты күшейткен үстіне күшейтіп, күн көріп келген нандарыңнан құр қалдырамын.
Ezek Kaz 5:17  Мен сендерге аштықпен қоса жыртқыш аңдарды да жіберемін. Олар сендерді шабуылдап, балаларыңнан айырады. Індет пен қантөгіс бүкіл елді жайлап, Мен жаудың семсерін де сендерді қыратын қыламын. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын».