Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Ezek Kaz 22:1  Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 22:2  «Ей, пендем, сен қаланы айыптауға дайынсың ба? Қан төккіш сол қаланы сотқа дайындамақсың ба? Ендеше оған өзінің жасаған жексұрын күнәларының бәрін де әшкерелеп айт!
Ezek Kaz 22:3  Былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, қала, сен өзіңнің ортаңда адамдардың қанын төктің, осылай өз жазаңды тартатын уақытыңды жақындаттың! Сен жалған тәңірлердің мүсіндерін жасап алып, соларға табыну арқылы өзіңді-өзің арамдап келесің!
Ezek Kaz 22:4  Кісі өлтіріп қан төккенің арқылы кінәлі болып, өзің жасап алған жалған тәңірлердің мүсіндері арқылы да арамдалдың. Осылайша басыңа пәле түсетін күніңді өзің жақындаттың! Ғұмыр кешетін жылдарыңның тағайындалған ақыры таяп келді! Сондықтан Мен сені барлық халықтар масқаралайтын, барлық елдер табалайтын қыламын.
Ezek Kaz 22:5  Уа, масқараланған, іші бүлікке толы қала, жақындағылар да, алыстағылар да сені келекелейтін болады!
Ezek Kaz 22:6  Көріп тұрсың ба, сендегі Исраилдің билеушілерінің әрқайсысы өз шамасы жеткенше адам қанын төгуге бейім болды.
Ezek Kaz 22:7  Тұрғындарың ата-ананы менсінбей, сыйлаған жоқ. Олар өзіңдегі жат жерліктерді қанап, жол жүріп келе жатқан жолаушыны тонайды, жетім-жесірлерге зорлық жасайды.
Ezek Kaz 22:8  Сондай-ақ, олар Менің киелі нәрселеріме немқұрайды қарап, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, оның қасиеттілігін құрметтемеді.
Ezek Kaz 22:9  Сенде жазықсыз жала жауып, кісі өлтірткен зұлымдар да бар! Олар тау-төбе бастарында жалған тәңірлерге арналған құрбандық астарынан ішіп-жеп, азғын іс-әрекет жасайтындар.
Ezek Kaz 22:10  Араларыңда әкесінің әйелімен жақындасып оның абыройын төккендер де, айлық етеккірі келіп, таза емес деп есептелетін әйелдерді зорлап кеткендер де бар.
Ezek Kaz 22:11  Сенде тұратын тағы біреу көршісінің әйелімен неке адалдығын бұзған, екіншісі өзінің келінімен жақындасып оның абыройын төккен, үшіншісі туған қарындасын, өз әкесінің қызын зорлаған.
Ezek Kaz 22:12  Сендегі адамдар ақшаға жалданып кісі өлтіреді. Өзің өсімқорлықпен айналысып, басқалардың мал-мүлкін зорлықпен тартып алып байисың. Ал Мені ұмытып кеткенсің! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
Ezek Kaz 22:13  Міне, қара! Мен сенің әділетсіз жолмен ие болған пайдаңа және өз араңда төгілген қанға бола ызалана екі алақанымды соғамын.
Ezek Kaz 22:14  Мен сені жазалаған күні батылдығың берік болып, қолдарыңда күш қала берер ме екен? Осыны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, оны орындаймын да.
Ezek Kaz 22:15  Мен сендерді басқа халықтардың арасына таратып, бөтен елдерге шашыратып жіберемін. Осылай сендегі арамдықты алып тастап, түбегейлі жоқ қыламын.
Ezek Kaz 22:16  Сен өзге ұлттардың көз алдында қорланасың, сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың».
Ezek Kaz 22:17  Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 22:18  «Ей, пендем, Исраил халқы Мен үшін күмісті балқытып тазартқанда одан бөлініп шығатын мүлдем жарамсыз қоқыс сияқты болып кетті! Олар көрікте қалып қоятын күмістің қоқысы — мыс, қалайы, темір және қорғасындай.
Ezek Kaz 22:19  Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендердің барлығың қоқыс іспетті болып кеткендіктен, Мен енді сендерді Иерусалимнің ортасына жинаймын.
Ezek Kaz 22:20  Күміс, қола, темір, қорғасын және қалайыны от үрлеп, балқыту үшін алдымен көрікке салып жинайды. Дәл осылай Мен де сендерді лаулаған қаһарыммен қалада жинаймын да, көрікке салып, балқытқандай азап отынан өткіземін.
Ezek Kaz 22:21  Мен барлығыңды жинап алып, сендерге өз қаһарымның отын үрлеймін, соның ішінде балқисыңдар.
Ezek Kaz 22:22  Сонымен күмістің көріктің ішінде балқитынындай, сендер де азап отында балқисыңдар. Сонда Мен, Жаратқан Ие, өздеріңе қаһарымды төккенімді білетін боласыңдар».
Ezek Kaz 22:23  Содан соң Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 22:24  «Пендем, Исраил еліне мынаны айт: Менің қаһарым төгілетін күні сен өңделмеген әрі жаңбыр жаумайтын құла түз сияқты боласың!
Ezek Kaz 22:25  Әміршілерің олжасын паршалап жұлып, ақырған арыстандай, астыртын әрекет жасауда. Олар адам өмірін жалмап, мал-мүлкін тартып алып, осы елде көптеген әйелді жесір қалдырды.
Ezek Kaz 22:26  Діни қызметкерлерің Менің бұйырған Таурат заңымды бұзып, Өзіме бағышталған қасиетті нәрселерімді арамдайды. Олар қасиетті мен жай нәрселердің арасын тіптен ажыратпай, адал мен арамның айырмашылығын да еш үйретпейді. Демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, соларға да немқұрайды қарайды. Осылайша олар Маған құрмет көрсетпей, Мені қорлайды.
Ezek Kaz 22:27  Сенің басшыларың олжасын жарып жейтін қасқырларға ұқсайды. Олар арам пайда табу үшін қан төгіп, кісі де өлтіреді.
Ezek Kaz 22:28  Ал пайғамбарларың болса, Мен оларға сөйлемесем де, «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады» дейді. Олар жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтып, сол басшылардың жасаған қылмыстарын әкпен сылағандай ақтайды.
Ezek Kaz 22:29  Елдің халқы да өзгелерге қысым көрсетіп, адамдарды тонайды. Олар бейшара жарлыларды қанап, араларындағы жат жұрттық кірмелерді де жәбірлеп әділетсіздік жасайды.
Ezek Kaz 22:30  Менің сол елді құртуға мәжбүр болмауым үшін, оны қабырғадай қоршап-қорғайтын әділдікті орнатып, қабырғаның құлаған жерін өз денесімен жауып тұратын біреуді іздедім. Бірақ ешкімді таппадым.
Ezek Kaz 22:31  Сондықтан Мен оларға ашуымды төгіп, қаһарымның отымен оларды жалмап құрттым. Осылайша істеп жүрген істерінің жазасын өздеріне тартқыздым», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.