Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 38
Ezek Kaz 38:1  Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 38:2  «Пендем, бет-жүзіңді Магог еліндегі Гогқа, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісіне, қарай бұр. Оған қарсы хабарымды жеткізіп
Ezek Kaz 38:3  былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады:Міне, Мен саған қарсы шығамын, уа, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісі Гог!
Ezek Kaz 38:4  Мен сені кері айналдыра бұрып, жақ сүйегіңе қармақ саламын. Сені бүкіл әскеріңмен, толық жарақтанған, үлкенді-кішілі қалқандарын ұстанып, семсерлерін сілтеген салт аттыларыңмен және күймешілеріңмен бірге еліңнен шығарып, алып келемін.
Ezek Kaz 38:5  Парсы, Құш, Либия елдерінің жасақшылары да қалқандарын ұстап, дулығаларын киіп алып, бірге аттанады.
Ezek Kaz 38:6  Гомер мен оның қалың қолы да, солтүстіктің шалғай түкпірінен үлкен әскерімен келген Бет-Тоғарма да, көптеген басқа халықтар да сенің қасыңда болады.
Ezek Kaz 38:7  Өзің де, айналаңда жиналған әскердің барлығы да даярланып, қару-жарақтарыңды дайын ұстаңдар! Сен бәрінің басшысы болып оларды бақылап тұр!
Ezek Kaz 38:8  Едәуір уақыттан кейін аттануға шақырылып, кейінгі жылдары Исраил еліне басып кірмексің. Осы ел семсердің қырғынынан кейін қалпына келген. Оның көптеген басқа ұлттар арасына шашырап кеткен халқы жиналып, қайта оралған. Олар түрлі халықтардың арасынан әкелініп, қаңырап бос жатқан Исраилдің қырат-қырқаларына қайтып қоныстанды да, сол жерде аман-есен тұрып жатты.
Ezek Kaz 38:9  Алайда сен қалың әскеріңмен әрі өзіңе ерген көптеген халықтармен оларға дауылдай шүйіліп, жердің бетін бұлттай басатын боласыңдар.
Ezek Kaz 38:10  Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны да айтамын: Сол кезде сенің санаңа арам ойлар келіп, былай деп зұлым жоспар құрасың:
Ezek Kaz 38:11  «Исраилдің бекініссіз елді мекендеріне барып, шабуылдаймын! Бейқам өмір сүріп жатқан халқына тұтқиылдан бас саламын. Олардың тұратын жерлерін қорғайтын қамалдары, ысырмамен жабылатын қақпалары атымен жоқ екен.
Ezek Kaz 38:12  Иә, бұрын қаңырап бос жатып, қазір ел мекендеген сол қалаларға аттанамын! Олардың халқы бөтен елдерге жер аударылып, солардан қайта оралды. Енді өз еліне жиналған сол халық мал мен дүние-мүлікті молынан иемденіп байып кетіпті. Олар жер ортасының жоғарғы жағында тұрып, қауіпсіз сезінеді екен. Бірақ мен сол елге бас салып, оны тонап, олжалаймын!»
Ezek Kaz 38:13  Ал Сәба мен Дедан және Тарсистің саудагерлері олардың жас арыстандай мықты жасақшыларымен бірге саған сұрақ қойып: «Сен расында да сол елді тонауға аттанып келдің бе? Осы әскер қолыңды жинағанда молынан алтын-күмісті, мал мен дүние-мүлікті олжалап, соларды тасып әкетемін деп ойладың ба?» дейтін болады.
Ezek Kaz 38:14  Сондықтан, пендем, Гогқа хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Өзім таңдап алған халқым Исраил аман-есен тұрып жатқан кезде сен соны байқайтын боласың.
Ezek Kaz 38:15  Солтүстіктің шалғай түкпіріндегі өз орныңнан артыңнан ерген көптеген халықпен: үлкен атты әскермен, қалың қолмен аттанасың.
Ezek Kaz 38:16  Сонда сен халқым Исраилге қарсы жер бетін жабатын бұлт сияқты болып келесің. Кейінгі күндері Мен сені, ей, Гог, таңдаулы еліме қарсы аттандырып, Өзімнің киелі де қастерлі екенімді халықтардың көзінше дәлелдеймін. Содан халықтар Менің кім екенімді біліп, мойындайтын болады».
Ezek Kaz 38:17  Жаратушы Тәңір Ие бұған қоса мынаны да айтты: «Мен бұрын Өзіме қызмет еткен Исраилдің пайғамбарлары арқылы халқыма қарсы біреуді әкелетінім туралы жылдар бойы алдын ала білдіріп келген едім. Олар осы хабарымды жұртқа жеткізіп жүрді. Ал сол хабар өзің туралы емес пе еді?!
Ezek Kaz 38:18  Бірақ Гог Исраил халқына қарсы шығып, тап берген сол күні Менің жалындаған қаһарым лап етеді! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
Ezek Kaz 38:19  Себебі зор қайрат-жігерім мен лаулаған қаһарыма кенеліп мынаны жариялаймын: Еш күнәмсіз сол күні Исраил елінде үлкен жер сілкінісі болады.
Ezek Kaz 38:20  Теңіздегі балықтар, әуедегі құстар, даладағы аңдар, жер бетінде жорғалап жүретін жәндіктер және онда тұратын барлық адамдар көз алдымда діріл қағып, таулар төмен құлап, құздар күйреп сынып, әрбір қабырға жерге опырылып түседі.
Ezek Kaz 38:21  Мен бүкіл таулы елімде Гогқа қарсы семсерді жіберемін, әркімнің семсері өзінің серігіне қарсы жұмсалатын болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. —
Ezek Kaz 38:22  Мен Гогты індетпен және қантөгіспен жазалаймын. Оның өзі мен қалың әскерінің, әрі оған еріп келген көптеген халықтың бастарына нөсерлі құйындар мен бұршақты, жанған от пен қайнаған күкіртті төгемін.
Ezek Kaz 38:23  Осылайша Мен көп халықтардың алдында ұлылығым мен киелілігімді паш етіп, Өзімнің кім екенімді ашық көрсетемін. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».