Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 30
Ezek Kaz 30:1  Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 30:2  «Ей, пендем, пайғамбарлық сөз айтып былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Әттеген-ай, сол күні қасіретке қалатын болдық-ау!» деп қатты қайғырып жылаңдар!
Ezek Kaz 30:3  Өйткені сол күн жақындап қалды. Иә, Жаратқан Иенің (жазалайтын) күні таяп қалды! Бұл күн қою бұлттардың күні, ұлттардың түңілетін күні болмақ.
Ezek Kaz 30:4  Семсер Мысырға тап бермек, Құш елін де зор үрей билемек. Мысырда халық қырылып, оның мол байлығы тасып әкетіліп, түп негіздері қиратылмақ.
Ezek Kaz 30:5  Құш, Либия, Лүдия, күллі арабтар, Хуб, әрі келісім жасасқан одақтас жердің бүкіл халқы олармен бірге семсерден қаза табады.
Ezek Kaz 30:6  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Мысырды қолдайтындар құлап, оның асқақ қуаты құлдырайды. Солтүстіктегі Миғдолдан оңтүстіктегі Асуанға дейін созылатын бүкіл Мысыр елі семсерден қырылатын болады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
Ezek Kaz 30:7  Мысыр қаңырап қалған елдердің арасындағы ең елсізі, әрі оның қалалары қираған қалалардың ішіндегі ең бос жататыны болады.
Ezek Kaz 30:8  Мен Мысырға от қойып, оны қолдаушылардың барлығы күйрегенде, бұл туралы естігендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
Ezek Kaz 30:9  Сол кезде Мен бейқам отырған Құш елін қорқытып, зәресін ұшыруға қайықтарға мінген елшілерді жіберемін. Мысыр күйреген күні олар аңтарылып, қатты үрейленеді. Өйткені осы күн, міне, таяп қалды!»
Ezek Kaz 30:10  Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Мен Мысырдың шулы халқын Бабыл патшасы Набуходоносордың қолымен жойып құртамын.
Ezek Kaz 30:11  Оның өзі және әскері — барлық халықтардың арасындағы ең қатыгезі Мысыр елін құртуға келтіріледі. Олар қынаптарынан семсерлерін Мысырға қарсы шығарып, бүкіл елді өлгендердің сүйектерімен толтырады.
Ezek Kaz 30:12  Мен Ніл өзенінің тармақтарын құрғатып, елді зұлым адамдарға сатып жіберемін. Жат жерліктердің қолымен бүкіл елді, онда бардың бәрін құртып қаңыратамын. Мен, Жаратқан Ие, осыны айтамын».
Ezek Kaz 30:13  Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны да айтады: «Мен Мемфис қаласында орналасқан жалған тәңірлердің діңгек тәрізді мүсіндерін құртып, түкке тұрғысыз өзге тәңір бейнелерін де қиратамын. Мысыр елінде енді мысырлық әмірші болмайды. Мен бүкіл Мысыр еліне үрей қаптатамын.
Ezek Kaz 30:14  Оңтүстік Мысырды елсіз жерге айналдырып, (солтүстік Мысырдағы) Соған қаласына от қоямын, әрі Но қаласына жазаларымды жүзеге асырамын.
Ezek Kaz 30:15  Өз қаһарымды Мысырдың шекарасындағы күшті қамал — Син қорғанына төгіп, Но қаласының көп халқын да жоқ қыламын.
Ezek Kaz 30:16  Мен Мысыр еліне «от қоямын». Сонда Син қаласы жаны қиналып жанталасады, Но шабуылдан күйреп қолға түседі. Мемфиске жау күн сайын бас салады.
Ezek Kaz 30:17  Он мен Бубаст қалаларының жас жігіттері семсерден қаза табады, ал қыз-келіншектері тұтқынға алынып, айдалып кетеді.
Ezek Kaz 30:18  Мен Мысырдың билігін жойғанда, Тахпанхес қаласына да қара күн туып, ол асқақ қуатынан жұрдай болады. Бұл қаланы түнерген бұлт жауып, оған қарасты елді мекендерінің тұрғындары тұтқындалып айдалып кетеді.
Ezek Kaz 30:19  Мен Мысырға шығарған үкімімді осылай жүзеге асырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
Ezek Kaz 30:20  (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он бірінші жылдың бірінші айының жетінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 30:21  «Пендем, Мен Мысыр патшасы перғауынның қолын сындырған едім. Ал оның қолын ешкім таңбапты, әрі қолын нығайтып, семсерді қайта ұстай алатындай қылып емдемепті.
Ezek Kaz 30:22  Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Мысыр патшасы перғауынға қарсы шығамын. Оның екі қолын: сау қолын да, сынған қолын да сындырамын. Осылайша оның қолынан семсерін жерге түсіріп тастаймын.
Ezek Kaz 30:23  Мысырлықтарды басқа ұлттардың арасына таратып, бөтен елдердің ішіне шашыратып жіберемін!
Ezek Kaz 30:24  Мен Бабыл патшасының қолдарын күшейтіп, оның қолына өз семсерімді ұстатамын, ал перғауынның қолдарын сындырамын. Ол Бабыл патшасының алдында өлімші болып жараланған адамдай ыңырситын болады.
Ezek Kaz 30:25  Осылай Мен Бабыл патшасының қолын күшейтемін, бірақ перғауынның қолы әлсіреп, жасық болады. Мен семсерімді Бабыл патшасының қолына ұстатып, ол соны Мысыр еліне қарсы жұмсағанда, олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
Ezek Kaz 30:26  Мен мысырлықтарды басқа ұлттардың арасына таратып, бөтен елдердің ішіне шашыратып жіберемін. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».