Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 32
Ezek Kaz 32:1  (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың, он екінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 32:2  «Пендем, Мысыр патшасы перғауынды жоқтап былай де:Өзіңді ұлттардың арасындағы жас арыстандай көресің, ал шынында теңіздегі айдаһарға ұқсайсың. Еліңдегі өзен тармақтарында әрлі-берлі шапқылап жүресің, аяқтарыңмен суды сабалап, лайлайсың».
Ezek Kaz 32:3  Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Енді Мен көп халықтарды сенің үстіңе ауымды тастауға жіберемін. Олар сені сол аумен судан тартып шығарып алады.
Ezek Kaz 32:4  Осылайша сені жерге лақтырып, ашық далаға тастаймын. Аспандағы барлық жыртқыш құстарды саған қондырамын, түздің жыртқыш аңдарының бәріне де денеңді жем қыламын.
Ezek Kaz 32:5  Сенің етіңді тауларға шашып, аңғарларды да қалдықтарыңмен толтырамын.
Ezek Kaz 32:6  Мен жерді тауларға дейін аққан қаныңмен қандырамын, әрі сай-салалар да қалдықтарыңмен толып кетеді.
Ezek Kaz 32:7  Сені жоқ қылғаннан кейін Мен аспанды жауып тастаймын. Ондағы жұлдыздарды түнертіп, күнді де бұлтпен жауып қоямын. Ай да сәуле шашуын доғарады.
Ezek Kaz 32:8  Аспандағы барлық жарық көздерін сенің үстіңде қараңғы қылып, еліңе қара түнек орнатамын». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.
Ezek Kaz 32:9  «Өзіңе беймәлім елдердің арасына да сенің жойылғаныңды жария қылғанымда көптеген халықтардың жүректерін қорқынышпен қобалжытамын.
Ezek Kaz 32:10  Осылайша көп ұлттарды саған аңтарылып, үрейлене қарайтын қыламын. Мен олардың патшаларының алдында семсерімді сілтегенде, олар саған қарап төбе шаштары тік тұратын болады. Сен күйреген кезде олардың әрқайсысы әр сәт сайын өз өмірі үшін дір-дір ететін болады.
Ezek Kaz 32:11  Өйткені Мен, Жаратушы Тәңір Ие, тағы мынаны айтамын: Бабыл патшасының семсері саған сілтенбек.
Ezek Kaz 32:12  Мен сенің қалың әскеріңді мықты жасақшылардың семсерлерінен қаза таптырамын. Халықтардың ішіндегі ең қатыгездері, олар, Мысырдың тәкаппарлығынан түк қалдырмайды. Сонда осы елдің қалың әскері түгелдей қырылады.
Ezek Kaz 32:13  Мен Мысырдың көптеген өзен тармақтарының бойында жайылатын барлық малдарын құртамын. Енді қайтып не адам аяғы, не мал тұяғы олардың суын лайламайтын болады.
Ezek Kaz 32:14  Сөйтіп Мен өзендердің суын тұндырып, оларды зәйтүн майындай бірқалыпты ағатын етемін, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. —
Ezek Kaz 32:15  Осылайша Мен Мысыр елін қаңыратып, онда тұратындардың барлығын құртып, бүкіл елді өзіндегі барынан айырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
Ezek Kaz 32:16  Бұл жоқтау Мысыр туралы айтылмақ. Ұлттардың қыздары оны Мысыр мен оның шулы әскері жайлы айтатын болады», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
Ezek Kaz 32:17  (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың он екінші айының он бесі күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 32:18  «Пендем, Мысырдың қалың әскері туралы жоқтау айт! Оларды да, үлкен халықтардың қыздарын да о дүниеге түсіріп, тұңғиықтың түбіне аттанып бара жатқандармен бірге лақтырып таста!
Ezek Kaz 32:19  Оларға былай де:«Ей, Мысыр, сенің көркің басқалардікінен асқан ба? Жоқ, төмен түс те, әділетсіздермен бірге жатып тыныштал!»
Ezek Kaz 32:20  Мысырлықтар семсерден қаза тапқан көптеген адамдардың арасында о дүниеге түсетін болады, өйткені семсер оларға қарсы суырылған. Мысыр халқы оның қалың әскерімен бірге сол жаққа сүйретіліп әкетілмек.
Ezek Kaz 32:21  О дүниенің ортасынан ең мықты батырлар Мысырға және оны қолдаған одақтастарына таңырқап былай демек: «Пай-пай, олар төмен түсіп, әділетсіздермен әрі семсерден қаза тапқандармен бірге тыныш жатыр екен!»
Ezek Kaz 32:22  Ассур да өзінің семсерден қаза тапқан бүкіл әскерімен бірге сонда. Олардың көрлері оны қоршап,
Ezek Kaz 32:23  о дүниенің ең шалғай бөліктерінде орналасқан. Осылайша Ассурдың жасақшылары оның қабірінің айналасында жатыр. Солардың бәрі тірі кездерінде өзгелерге қорқыныш сепкендер, әрі семсерден қырылып мерт болғандар.
Ezek Kaz 32:24  Елам да сонда жатыр, қалың қолы да оның қабірінің айналасында. Барлығы да семсерден қырылып мерт болғандар, о дүниеге сүндеттелмеген күйі аттанғандар. Олар тірі кездерінде басқаларға үрей себетін еді, ал енді басқа әділетсіздермен бірге масқараланып, көрге түсті.
Ezek Kaz 32:25  Еламға өзінің қалың қолымен бірге қырылғандардың арасынан төсек дайындалды. Солардың көрлері оның айналасында. Бұлардың бәрі де сүндеттелмегендер, семсерден қырылғандар. Олар тірі кездерінде өзгелерге қорқыныш туғызатын еді. Ал енді көрге түскендермен бірге өз істерінің ұяттарын арқалап, мерт болғандардың ортасына қойылды.
Ezek Kaz 32:26  Мешех пен Тұбал да сонда жатыр. Олардың қалың қолдарының көрлері Мешех пен Тұбалдың қабірлерінің айналасында. Сол жасақшылардың барлығы да сүндеттелмеген, семсерден мерт болған. Өйткені олар тірі кездерінде өзгелерге үрей туғызатын еді.
Ezek Kaz 32:27  Олар ежелде қаза тапқан батырлармен бірге жатпайды. Сол батырлар өздерінің қару-жарағымен бірге, семсерлері бастарының астында, қалқандары сүйектерінің үстінде қабірге қойылған. Бірақ едомдықтардың әділетсіздігі олардың мойындарында, өйткені олар мықты жасақшылар болып тірі кездерінде басқаларға қоқан-лоқы жасайтын.
Ezek Kaz 32:28  Сен де, уа, перғауын, талқандалып, семсерден қаза тапқан әділетсіздердің арасында жататын боласың.
Ezek Kaz 32:29  Едом да өз патшалары мен әміршілерінің барлығымен бірге сонда болады. Олар кезінде қаншама қуатты болғанмен, семсерден қырылғандармен әрі сүндеттелмеген күйінде көрге түскендермен бірге жатыр.
Ezek Kaz 32:30  Солтүстіктің күллі әміршілері де, сидондықтар да түгелімен сонда болады. Олар кезінде күш-қуаттарымен қатты үрей туғызғандықтан ұятқа қалады. Олар сүндеттелмеген күйі семсерден қырылғандармен бірге жатыр және көрге түскен басқалармен бірге өздеріне лайықты масқарасын арқалайды.
Ezek Kaz 32:31  Перғауынның өзі және оның бүкіл әскері солардың бәрін көргенде, өзінің де, қалың қолының да семсерден қырылып мерт болғандарына жұбанады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
Ezek Kaz 32:32  Мен перғауынға көзі тірісінде бұ дүниеде үрейін себуге жол бергенмен, енді перғауын мен оның қалың қолы семсерден қырылған сүндеттелмегендермен бірге қойылады», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.