Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 45
Ezek Kaz 45:1  Елді руларға мұралық меншік етіп үлестіргендеріңде, ұзындығы жиырма бес мың, ені жиырма мың шынтақ болатын жер көлемін Жаратқан Иеге ерекше бағышталған қасиетті аудан ретінде бөліп, ұсыныңдар! Сол аудан түгелдей қасиетті болады.
Ezek Kaz 45:2  Осының ішінен ені мен ұзындығы бес жүз шынтақ жер ғибадатханаға арналып белгіленсін. Айналасында тағы да ені елу шынтақ болатын жер тілімі бос қалдырылсын.
Ezek Kaz 45:3  Киелі жер ауданынан ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ бөлікті бөліп қойыңдар. Осы айрықша жерде киелі үй мен оның ішіндегі ең қасиетті бөлме орналассын.
Ezek Kaz 45:4  Қасиетті аудан киелі үйде Жаратқан Иенің алдында қызмет ететін діни қызметкерлерге арналсын. Олардың тұратын үйлері және киелі үйдің өзі осы жерде орналассын.
Ezek Kaz 45:5  Сонымен қатар ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ болатын екінші аудан ғибадатханада қызмет ететін леуіліктерге қоныстануға табысталсын.
Ezek Kaz 45:6  Қасиетті ауданмен шекаралас жатқан ені бес мың, ұзындығы жиырма бес мың шынтақ болатын тағы бір арнайы аудан белгіленсін. Ол бүкіл Исраил халқына тиесілі қалаға арналсын».
Ezek Kaz 45:7  «Әміршіге арнап тағы да екі аудан белгіленсін. Солардың біріншісі қасиетті ауданның және қаланың меншікті жерінің батыс жағымен шекаралас болсын. Екіншісі солардың шығыс жағымен шекаралас болсын. Әміршінің екі ауданының арғы шекаралары Исраил руларының жерінің батыс және шығыс шекараларының жалғасы болады.
Ezek Kaz 45:8  Бұл екі аудан әміршінің Исраилдегі меншікті жері болады. Осылайша Менің тағайындаған әміршілерім енді қайтып халқымды қанамайтын болады. Олар елдің қалған жерін Исраил халқына рулары бойынша үлестіріп табыстасын».
Ezek Kaz 45:9  Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Жетер енді, уа, Исраилдің әміршілері! Зорлық-зомбылық жасауды доғарып, әділ де дұрыс істер істеңдер! Менің халқымды тонап, (өздерінің мұралық жерлерінен) қууларыңды қойыңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады.
Ezek Kaz 45:10  «Бұдан былай сендердің таразыларың әрі (қатты, сұйық заттардың көлемін өлшейтін) ефа және бат деген өлшемдерің дұрыс болсын!
Ezek Kaz 45:11  Ефа мен баттың көлемі бірдей болсын. Бат та, ефа да хомердің оннан бір бөлігіне тең болсын. Сөйтіп хомер осы екі өлшемнің де үлгісі болмақ.
Ezek Kaz 45:12  Салмақтың бекітілген өлшемі мысқал болсын. Бір мысқалда жиырма гераһ болсын, әрі алпыс мысқал бір минаны құрасын».
Ezek Kaz 45:13  «Сендер арпа мен бидай өнімінің әр алпыс үлкен қаптан біреуін әміршіге салық ретінде беріп тұруға тиіссіңдер.
Ezek Kaz 45:14  Зәйтүн жемістерінен сығып алынған майдың жүзден бір мөлшері де берілсін. Зәйтүн майы батпен өлшенсін. Он бат бір қорға және бір хомерге тең.
Ezek Kaz 45:15  Сондай-ақ, Исраилдің шүйгін жайылымдарындағы ұсақ малдың әр екі жүз қойынан біреуі әміршіге берілуге тиіс. Осы аталғандар күнәларыңның кешірілуі үшін астық тартуларына, түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтарға және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін тартуларға қоса әкелінсін. Сол малдар халық үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалғанда құрбандыққа шалынсын». — Жаратушы Тәңір Ие мұны бұйырады.
Ezek Kaz 45:16  «Осы ерекше тартуларды Исраилдің әміршісіне беруге елдің бүкіл халқы да қатыссын.
Ezek Kaz 45:17  Ал әміршінің міндетіне — мейрамдардың, әр айдың алғашқы күнінің және демалыс күндері кезінде, яғни Исраил халқының барлық белгіленген мейрамдары кезінде, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды және астық-сұйық тартуларын қамтамасыз ету жатады. Ол өзі Исраил халқының күнәларының кешірілуі үшін күнәнің құнын өтейтін, астық-сұйық тартуларын және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін тартуларды ұсынады».
Ezek Kaz 45:18  Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Әр жылдың бірінші айының бірінші күні еш мінсіз бір жас бұқаны құрбандыққа шалып, киелі үйге тазарту рәсімін жасаңдар.
Ezek Kaz 45:19  Діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанынан алып, оны киелі үйдің есіктерінің жақтауларына, құрбандық үстелінің үстіңгі сатысының төрт бұрышына және ішкі аулаға апаратын қақпа ғимараттарының жақтауларына жақсын.
Ezek Kaz 45:20  Сол айдың жетінші күні сендер білместіктен, яғни байқамай, күнә жасаған әрбір адам үшін дәл осыны істеңдер. Осылайша сендер киелі үйді күнәнің арамдығынан тазартасыңдар.
Ezek Kaz 45:21  Жеті күнге созылатын Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінен бастап өткізе бастаңдар. Мейрам кезінде сендер ашымаған нан жейсіңдер.
Ezek Kaz 45:22  Сол күні әмірші өзі үшін және елдің бүкіл халқы үшін бір бұқаны күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалсын.
Ezek Kaz 45:23  Әмірші мейрамның жеті күнінің әр күнінде Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде еш мінсіз жеті бұқа мен жеті қошқарды, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені ұсынып отыруға тиісті.
Ezek Kaz 45:24  Шалынатын әр бұқа мен әр қошқарға қоса әмірші астық тартуы ретінде бір пұттан бидай ұнын және әрбір пұт ұнға қоса тоғыз қадақтан зәйтүн майын ұсынатын болсын.
Ezek Kaz 45:25  Жетінші айдың он бесінші күні басталатын жеті күндік Күркелер мейрамы кезінде де әмірші күнәнің құнын өтейтін және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды, әрі астық-сұйық тартуларына қажетті ұн мен майды ұсынатын болсын».