Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 18
Ezek Kaz 18:1  Кейінірек Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 18:2  «Сендер «Қышқыл жүзімді көп жеген — аталары, ал тістері қамалған — балалары» деген нақыл сөзді Исраил еліне байланысты қандай мақсатпен айтасыңдар?
Ezek Kaz 18:3  Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: сендер Исраилде бұл нақылды енді қайтып айтпайтын боласыңдар.
Ezek Kaz 18:4  Біліп қойыңдар: Әкесі болсын, баласы болсын, әрбір тірі жан Менікі! Күнә жасаған адамның өзі өлуге тиіс.
Ezek Kaz 18:5  Айталық, бір әділ адам игі де әділ іс-әрекет істейді дейік.
Ezek Kaz 18:6  Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жемейді де, Исраил халқы табынатын жалған тәңірлерге сиынбайды да. Ол өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзбайды, етеккірі келіп жүрген әйелімен де жақындаспайды.
Ezek Kaz 18:7  Сондай әділ адам ешкімге қысым көрсетпей, жарлыға берген қарызы үшін кепілдікке алғанын қайтарып бере салады. Ол ешкімді тонамайды, қайта, ашқа тамақ, жалаңашқа киім береді.
Ezek Kaz 18:8  Әділ адам бейшараға берген қарызы үшін не өсім, не үстеме алмайды, жамандық істеуден бойын аулақ ұстайды, екі адамның арасындағы дауды әділдікпен шешеді.
Ezek Kaz 18:9  Демек, ол Менің ережелеріме мойынсұнып, заңдарымды сенімділікпен ұстанады. Мұндай адам — әділ жан, ол сөзсіз өмір сүретін болады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтамын.
Ezek Kaz 18:10  Алайда оның бұзық баласы бар дейік. Осы жас жігіт кісі тонап, қан төгеді, сол сияқты басқа да зұлым істер істейді екен.
Ezek Kaz 18:11  Әкесі бұлардың ешқайсысын істеп көрмеген болса да, оның ұлы аталған күнәларына қоса биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жейді, әрі өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзады.
Ezek Kaz 18:12  Сондай-ақ ол кедейлер мен мұқтаждарға қысым көрсетіп, адамдарды тонайды, жарлыға берген қарызы үшін кепілдікке алғанын қайтармайды. Жалған тәңірлерге сиынып, өзге де жексұрын күнәлар жасайды,
Ezek Kaz 18:13  бейшараға берген қарызы үшін өсім мен үстеме алады дейік.Осындай адамның өмір сүре беруіне бола ма? Жоқ, болмайды! Жасаған жеркенішті күнәларының кесірінен ол ақырында сөзсіз өлтіріліп, кінәсі өз мойнында болады.
Ezek Kaz 18:14  Айталық, осы жігіттің өз ұлы бар дейік. Ұлы әкесінің жасап жүрген күнәларын көріп жүрсе де, өзі соларын қайталамайды.
Ezek Kaz 18:15  Ол не биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жемейді, не Исраил халқы табынатын жалған тәңірлерге сиынбайды, не өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзбайды.
Ezek Kaz 18:16  Осы әділ жас ешкімге қысым көрсетпей, жарлыға берген қарызы үшін алған кепілдігін қайтарып бере салады, ешкімді тонамайды, қайта, ашқа тамақ, жалаңашқа киім береді.
Ezek Kaz 18:17  Ол бейшараға жамандық істеуден бойын аулақ ұстайды, берген қарызы үшін не өсім, не үстеме алмайды. Сөйтіп ол Менің заңдарымды ұстанып, ережелеріме мойынсұнады.Мұндай адам әкесінің күнәлары үшін өлімге кесілмейді, керісінше, ол сөзсіз өмір сүретін болады.
Ezek Kaz 18:18  Ал оның әкесі өз күнәларының кесірінен өлуге тиіс, себебі ол басқаларға қысым көрсетіп, елдесін тонап, өз халқының арасында түрлі әділетсіз істер істеп жүрді.
Ezek Kaz 18:19  Алайда сендер: «Баласы әкесінің кінәсі үшін неге айыпталмайды?» деп сұрайсыңдар. Мұның себебі — баласының істері игі де әділ болып, Менің барлық ережелерімді мұқият сақтағандығы. Сондықтан ол сөзсіз өмір сүретін болады.
Ezek Kaz 18:20  Күнә жасаған жанның өзі соның жазасын тартып өлуге тиіс. Баласы әкесінің кінәсі үшін, әкесі де баласының кінәсі үшін жазаланбайды. Әділдің ізгі іс-әрекеті өзіне жақсылыққа саналады, әрі зұлымның арам іс-әрекеті өз мойнына артылады.
Ezek Kaz 18:21  Ал егер зұлым адам тәубеге келіп, жасап жүрген барлық күнәларынан бас тартса, әрі Менің ережелерімді ұстанып, игі де әділ іс-әрекет істейтін болса, ол өлімге кесілмей, сөзсіз өмір сүре беретін болады.
Ezek Kaz 18:22  Сонда оның бұрын жасаған әділетсіз қылықтарының ешқайсысы оған қарсы ескерілмейді. Істеген әділ істері үшін ол өмір сүре беретін болады.
Ezek Kaz 18:23  Әлде Мені зұлым адамның өліміне қуанады деп ойлайсыңдар ма? Керісінше, Мен оның теріс жолынан қайтып, тірі қалып өмір сүре бергеніне қуанамын!» Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
Ezek Kaz 18:24  Ал егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасайтын болса, әрі зұлым адам сияқты жексұрын істер істеуге кіріссе, оның өмір сүре беруіне бола ма? Жоқ, оның бұрын істеген әділ істерінің ешқайсысы да енді ескерілмейді. Сол адам опасыз болып, күнә жасағаны үшін өлімге кесілуге тиіс.
Ezek Kaz 18:25  Ал сендер: «Жаратқан Иенің осылай шешкені дұрыс емес!» деп шағымданасыңдар. Тыңдаңдаршы, уа, Исраил халқы: Менің осылай шешкенім дұрыс емес пе? Әлде сендердің өз шешімдерің дұрыс емес пе?
Ezek Kaz 18:26  Егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасайтын болса, ол сонысы үшін өлімге кесіледі. Жасаған күнәларының зардабын тартып ол өлімге душар болады.
Ezek Kaz 18:27  Ал егер зұлым адам істеп жүрген арам істерінен бас тартып, игі де әділ істерді істейтін болса, ол өз өмірін сақтап қалады.
Ezek Kaz 18:28  Өзінің бұрын істеген барлық зұлым қылықтарына өкініп, солардан бас тартқандықтан, ол өлімге кесілмей, сөзсіз өмір сүретін болады.
Ezek Kaz 18:29  Сонда да Исраил халқы: «Жаратқан Иенің осылай шешкені дұрыс емес!» деп шағымданады. Менің осылай шешкенім дұрыс емес пе, уа, Исраил халқы? Әлде сендердің өз шешімдерің дұрыс емес пе?
Ezek Kaz 18:30  Сондықтан, уа, Исраил халқы, Мен сендердің әрқайсыңа өз іс-әрекеттеріңе сәйкес үкім шығарамын! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Бұрын істеген барлық зұлым қылықтарыңа өкініп, солардан бас тартыңдар! Сонда сендер өмір жолдарыңда әділетсіз іс істеп сүрініп құламайсыңдар.
Ezek Kaz 18:31  Істеп келген барлық зұлым қылықтарыңды тастап, жаңа жүрек пен жаңа рухты иемденіңдер! Әйтпесе сендерге өліп не бар, уа, Исраил халқы?
Ezek Kaz 18:32  Өйткені Мен ешкімнің де өлімін қаламаймын. Сондықтан өкініп, теріс жолдарыңнан қайтып, өмір сүре беріңдер! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыларды нық айтамын.