Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZEKIEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 33
Ezek Kaz 33:1  Бірде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 33:2  «Пендем, өз халқыңа тіл қатып былай де:Мен бір елге қарсы жау әскерін келтіргенде, елдің адамдары өз араларынан біреуді таңдап алып, оны күзетші болуға тағайындайды дейік.
Ezek Kaz 33:3  Күзетші сол елге аттанып келе жатқан жауды көріп, халыққа ескерту үшін керней тартып дабыл қағады.
Ezek Kaz 33:4  Соған құлақ аспаған әр адам жау келіп, өзін жойғанда өліміне өзі айыпты болады.
Ezek Kaz 33:5  Сондай адам кернейдің сақтандырған даусын естісе де, оған құлақ асқан жоқ. Сондықтан өз өліміне өзі кінәлі болады. Себебі егер соған құлақ асқан болса, ол жанын сақтап қалған болар еді.
Ezek Kaz 33:6  Ал егер күзетші жаудың аттанып келе жатқанын көрсе де, халықты сақтандыру үшін керней тартып дабыл қақпаса, әрі жау тап беріп, адамдардың біреуін өлтірсе, онда сол адам өз кінәсі үшін өледі. Бірақ оның төгілген қаны үшін Мен күзетшіні жауапқа тартамын.
Ezek Kaz 33:7  Сонымен, пендем, Мен сені Исраил халқына күзетші пайғамбар етіп тағайындадым. Сондықтан Менің аузымнан шыққан сөзімді естіген сайын, халыққа Менің атымнан ескерту жаса!
Ezek Kaz 33:8  Егер Мен зұлым жанға: «Ей, зұлым адам, сен жазаңды тартып сөзсіз өлесің!» деген хабарымды өзің арқылы жіберсем, ал сен оны жаман істері жайлы ескертпесең, онда сол зұлым адам өз күнәсінің жазасын тартып өледі. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. Оның төгілген қаны үшін Мен сені жауапқа тартамын.
Ezek Kaz 33:9  Ал егер сен сол әділетсіз адамға жаман істері жайлы ескертіп, ол бәрібір теріс жолынан қайтпаса, онда ол өз күнәсінің жазасын тартып өледі. Бірақ сен өміріңді сақтап қаласың».
Ezek Kaz 33:10  «Ал енді, пендем, Исраил халқына былай де: Сендер «Біздің Құдайға бағынбай жасаған заңсыз іс-әрекетіміз және күнәларымыз үстімізден ауыр жүктей басып тұр. Біз солардан езіліп құрып бара жатырмыз. Ендеше қалай өмір сүре аламыз?» деп жүрсіңдер.
Ezek Kaz 33:11  Оларға былай деп жауап бер: Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп мынаны айтады: Мен зұлымның өлімін емес, оның теріс жолынан қайтып, өмір сүре бергенін қалаймын. Кері бұрылыңдар! Теріс жолдарыңнан қайтыңдар, уа, Исраил халқы! Әйтпесе сендерге өліп не бар?!
Ezek Kaz 33:12  Ал сен, пендем, өз халқыңа мынаны жеткіз: Егер әділ жан Құдайға қарсы бас көтеріп күнә жасайтын болса, бұрынғы әділдігі енді оны құтқара алмайды. Ал егер зұлым адам өкініп, Құдай жолына түссе, онда ол зұлымдығы үшін тартуға тиісті жазасынан құтылады. Сонымен әділ адам күнәға батқан кезде өзінің бұрынғы әділдігіне сүйеніп өмір сүре алмайды.
Ezek Kaz 33:13  Сол сияқты, Мен әділ адамға: «Сен шүбәсіз өмір сүре бересің!» десем, бірақ ол өзінің бұрынғы әділдігіне сүйеніп күнә жасауға кіріссе, онда Мен оның әділ істерінің ешқайсысын ескермеймін. Сол адам жасаған әділетсіз істеріне бола өлімге бұйырылады.
Ezek Kaz 33:14  Алайда Мен зұлым адамға: «Сен шүбәсіз өлесің!» деген соң, ол күнәсін тастап, теріс жолынан қайтып, әділ де ізгі істерді істейтін болады дейік.
Ezek Kaz 33:15  Мысалы, сол зұлым адам бейшара жаннан кепілге алғанын да, біреуден тонап алғанын да қайтарып береді, әрі Менің шынайы өмірге бастайтын жолымды ұстанып, енді қайтып зұлымдық істемейді дейік. Егер ол солай істейтін болса, онда өлімге бұйырылмай, өмір сүре береді.
Ezek Kaz 33:16  Бұрын жасаған күнәларының ешқайсысын Мен бұдан былай ескермеймін. Сол адам әділ де ізгі істерді істегендіктен еш шүбәсіз тірі қалады.
Ezek Kaz 33:17  Алайда сенің халқыңның адамдары: «Тәңір Иенің осылай істегендері әділ емес!» деп шағымданады. Жоқ, керісінше, олардың өздерінің істегендері әділ емес!
Ezek Kaz 33:18  Егер әділ адам өзінің әділ іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасауға кіріссе, онда ол сол үшін өлімге бұйырылады.
Ezek Kaz 33:19  Ал егер зұлым адам зұлымдықтан бас тартып, әділ де ізгі істерді істейтін болса, онда ол соған сүйеніп өмір сүре береді.
Ezek Kaz 33:20  Бірақ сендер сонда да: «Тәңір Иенің осылай істегендері әділ емес!» деп қарсылық білдіріп жатырсыңдар. Уа, Исраил халқы, Мен сендердің әрқайсыңа істеген істеріңе сәйкес үкім шығарамын!»
Ezek Kaz 33:21  (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың оныншы айының бесінші күні Иерусалимнен қашып келген бір кісі маған: «Қала жаудың қолына түсті!» — деген хабарды жеткізді.
Ezek Kaz 33:22  Мұның алдындағы кеште Жаратқан Иенің рухани құдіреті маған тағы да қонған еді. Әлгі босқын келердің алдында Жаратқан Ие маған сөйлей алатын қабілетімді қайтадан дарытқан болатын. Сондықтан мен енді мылқау болмай, сол кісімен сөйлесе алдым.
Ezek Kaz 33:23  Кейінірек Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
Ezek Kaz 33:24  «Пендем, Исраил елінде қалып, қираған қалаларды мекендегендер былай деп жүр: «Ыбырайым осында жалғыз өзі келген еді. Сонда да ол бүкіл елді иемденіп алды. Ал біз көппіз ғой! Сондықтан осы ел, әрине, біздің меншігімізге берілген!»
Ezek Kaz 33:25  Сол себепті оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер етті қанын ағызбай жей бересіңдер, жалған тәңірлерге табынасыңдар, адам қанын төгесіңдер. Сонда елге тұрақты иелік етпексіңдер ме?!
Ezek Kaz 33:26  Семсерге арқа сүйеп, жексұрын зұлымдық жасайсыңдар! Әрбіреуің көршіңнің әйелімен неке адалдығын бұзасыңдар. Сөйте тұра, сендер елдің тұрақты иелері бола бермексіңдер ме?!
Ezek Kaz 33:27  Оларға тағы былай де: Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Елдегі қирап жатқан үйлерде тұрып жатқандар семсерден мерт болады. Айдаланы кезіп жүргендерді жыртқыш аңдарға жем қыламын. Бекіністі жерлер мен үңгірлерде тұрып жатқандар індеттен қырылады.
Ezek Kaz 33:28  Мен бұл елді қаңыратып, қорқынышты далаға айналдырамын. Оның тәкаппар қуаты мүлдем құриды. Исраилдің таулы жері де қаңырап, олар арқылы ешкім өтпейтін болады.
Ezek Kaz 33:29  Мен осы елді олардың барлық жексұрын күнәларына бола қаңыратып, қорқынышты далаға айналдырғанымда, олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
Ezek Kaz 33:30  Ал, пендем, өз халқыңның адамдары үйлерінің қабырғалары мен есіктерінің маңында сен туралы былай десіп тұр: «Жүр, Жаратқан Ие не айтты екен, соны біліп келейік!»
Ezek Kaz 33:31  Сөйтіп олар әдеттегідей саған келіп, Менің халқымның адамы болып алдыңда отырады. Алайда сенің айтқан сөздеріңді тыңдаса да, соларды орындамайды. Олар жағымпаздана сөйлегенде, жүректерінде өздерінің арам пайдаларын ғана ойлап тұрады.
Ezek Kaz 33:32  Ал сен олар үшін керемет дауыспен махаббат әнін шырқап, аспапта жақсы ойнайтын сияқтысың. Себебі олар айтқандарыңды естиді, бірақ оларды орындамайды.
Ezek Kaz 33:33  Бұның бәрі жүзеге асқанда — ал ол міндетті түрде жүзеге асады! — олар өздерінің араларында нағыз пайғамбардың бар болғанын білетін болады».