Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
I Ki Kaz 10:1  Сүлейменнің зор даңқы және оның Жаратқан Иенің құрметіне салған киелі үйі туралы Сәба елінің патшайымы да естіген еді. Содан ол қиын сауалдар қойып Сүлейменнің даналығын сынамақшы болды.
I Ki Kaz 10:2  Патшайым көп нөкерін ертіп сапарға шығып, үлкен керуенмен Иерусалимге келді. Түйелеріне хош иісті заттар, мол алтын мен асыл тастар артылған болатын. Сүлеймен қонақты қарсы алып, сарайына кіргізді. Патшайым ойындағы бар мәселелер жайлы онымен сөйлесті.
I Ki Kaz 10:3  Сүлеймен солардың бәріне жауап берді. Патша білмей, түсіндіре алмаған бірде-бір сауал болған жоқ.
I Ki Kaz 10:4  Сәбаның патшайымы Сүлейменнің асқан даналығын және салғызған сарайын көріп, қайран қалды.
I Ki Kaz 10:5  Ол патшаның дастарқанындағы тамақтарын, уәзірлерінің мәжілістерін, сәнді киінген нөкерлері мен шарапшыларының келісті қызметтерін әрі Сүлейменнің Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп барып, құрбандықтар шалғызып өртеткенін де бақылады. Патшайымның таңғалғаны сонша, демін ала алмай үнсіз қалды.
I Ki Kaz 10:6  Содан ол патшаға тіл қатып былай деді: «Сіздің іс-әрекеттеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігендерімнің бәрі де шындық екен.
I Ki Kaz 10:7  Алайда келіп, өз көзіммен көргенге дейін сол сөздерге сенбеген едім. Расында оның тіпті жартысы туралы да естімеппін! Сіздің даналығыңыз бен дәулетіңіз менің естігенімнен де зор болып шықты!
I Ki Kaz 10:8  Мына адамдарыңыз қандай бақытты! Әрқашан қасыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын нөкерлеріңіз қандай бақытты!
I Ki Kaz 10:9  Сізге риза болып, уәкілі ретінде Исраилдің патшалық тағына отырғызған Құдайыңыз Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқан Ие Исраилді шексіз сүйеді. Сол себепті сізді қара қылды қақ жарып, әділдік пен адалдықты ұстанатын патша етіп қойды».
I Ki Kaz 10:10  Сәба патшайымы осылай деп, Сүлеймен патшаға жүз жиырма ат басындай алтын, орасан зор мөлшерде хош иісті заттар мен асыл тастарды тарту етті. Осы Сәба патшайымының Сүлеймен патшаға сыйлағанындай мөлшердегі хош иісті заттар бұдан былай ешқашан елге әкелінген емес.
I Ki Kaz 10:11  Сол сияқты, Хирамның Опыр жерінен алтын алып келген кемелері сол жерден өте көп мөлшерде қызыл сандал ағашының бөренелері мен қымбат бағалы тастарды да алып келетін.
I Ki Kaz 10:12  Сүлеймен патша осы сандал ағашынан Жаратқан Иенің киелі үйі және өзінің патша сарайы үшін тіреулер және әнші-күйшілерге арнап жетіген мен шертер аспаптарын жасатты. Сол кезден бері сапасы осындай жоғары ағаштарды ешкім әкелген де жоқ, не ешкім көрген де емес.
I Ki Kaz 10:13  Сүлеймен патша Сәба патшайымына өзінің зор жомарттығымен көп мөлшерде сый-тарту бергенінің үстіне оны сұрағандарының бәрімен де қанағаттандырды. Мұнан соң патшайым нөкерлерін ертіп өз еліне қайтып кетті.
I Ki Kaz 10:14  Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды.
I Ki Kaz 10:15  Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден, арабтардың барлық патшаларынан және елдің әкімдерінен де алтын түсіп жатты.
I Ki Kaz 10:16  Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды.
I Ki Kaz 10:17  Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды.
I Ki Kaz 10:18  Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты;
I Ki Kaz 10:19  оның алты баспалдағы болды, арқалығының жоғарғы жағы дөңгелек еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды.
I Ki Kaz 10:20  Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді.
I Ki Kaz 10:21  Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Ешбір ыдыс күмістен жасалмады, өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын.
I Ki Kaz 10:22  Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның кемелерімен бірге әр үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегін, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін.
I Ki Kaz 10:23  Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті.
I Ki Kaz 10:24  Жердің барлық адамдары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды.
I Ki Kaz 10:25  Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды.
I Ki Kaz 10:26  Сүлеймен соғыс күймелері мен аттарды да жинап, жасақтады. Оның бір мың төрт жүз күймесі мен он екі мың жылқысы болды. Оларды күймелеріне дайындалған арнайы қалаларында және Иерусалимде өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады.
I Ki Kaz 10:27  Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе, әрі шетелден әкелінетін самырсындарды өз еліндегі төменгі қыраттарда өсетін тұт ағаштарындай мол етті.
I Ki Kaz 10:28  Сүлеймен жылқыларын Мысыр мен Қуадан алдыртты. Патшаның саудагерлері оларды белгілі бағаға Қуа елінен сатып алатын.
I Ki Kaz 10:29  Саудагерлер әрбір күймені алты жүз мысқал, әрбір жылқыны жүз елу мысқал күміске Мысырдан сатып алып келетін. Олар сол тауарлардың бірқатарын күллі хеттік және арамалық патшаларға да жеткізіп, сатып отырды.