Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
Levi Kaz 20:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 20:2  — Исраил халқына мынаны айт: Егер исраилдік не жат жұрттық біреу өз ұрпағын (жалған тәңір) Молохқа құрбан етсе, сондай адамды өлімге кесу керек. Сол жердің халқы оны таспен атқылап өлтірсін.
Levi Kaz 20:3  Мен Өзім сондай адамға қарсы шығып, оны халықтан аластатамын. Себебі өз баласын Молохқа құрбан ету арқылы ол Менің киелі орнымды арамдап, киелі есімімді қорлады.
Levi Kaz 20:4  Егер біреу баласын Молохқа құрбан еткенмен сол жердің халқы онысын көрмегенсіп, оған өлім жазасын тартқызбаса,
Levi Kaz 20:5  онда Мен сол адамның өзіне де, оның бүкіл әулетіне де қарсы шығамын. Мен олардың өздерін де, оларға еріп Молохқа табынулары арқылы Маған опасыздық жасаған басқаларды да халықтың арасынан аластатамын.
Levi Kaz 20:6  Аруақтарға және аруақ шақырушыларға жүгініп, Маған опасыздық жасағандарға да Мен қарсы шығып, оларды халықтың арасынан аластатамын.
Levi Kaz 20:7  Сонымен өздеріңді Маған толығымен бағыштап киелі болыңдар! Себебі Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 20:8  Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар. Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 20:9  Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін! Сол адам әке-шешесін жамандағандықтан, оның төгілген қаны өзінің мойнында.
Levi Kaz 20:10  Егер ер адам басқа біреудің әйелімен жақындасса, сол еркек те, әйел де өлтірілсін.
Levi Kaz 20:11  Егер біреу әкесінің әйелімен жақындасса, оның өз әкесінің абыройын төккені. Сол еркек пен әйел өлтірілсін! Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:12  Егер біреу өз келінімен жақындасса, солардың екеуі де өлтірілсін! Олардың істегендері — жексұрындық. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:13  Егер ер адам басқа еркекпен әйел іспетті жақындасса, бұлардың жасағандары — жексұрындық. Олар өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:14  Егер ер адам бір әйелмен және оның шешесімен жақындасса, бұл — зұлымдық. Араларыңда ешбір зұлымдық болмауы үшін оның өзін де, екі әйелін де өртеп құрту керек.
Levi Kaz 20:15  Егер ер адам жануармен жақындасса, онда ол өлтірілсін. Сол жануарды да құртыңдар.
Levi Kaz 20:16  Егер әйел адам бір жануармен жыныстық жақындасу мақсатымен әрекет жасаса, әйелдің өзі де, жануар да өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
Levi Kaz 20:17  Егер ер адам өз қарындасымен не әпкесімен жақындасып, бір-бірінің жалаңаш тәндерін көретін болса, тіпті ол әкесінің не шешесінің қызы (яғни өзімен тек жартылай ғана қандас) болсын, бәрібір, бұл — масқара. Оларды халықтың көзінше құрту керек. Адам өзінің туған қарындасының не әпкесінің абыройын төккендіктен оның айыбы өз мойнында.
Levi Kaz 20:18  Егер ер адам әйелмен оның айлық етеккірі келіп жүрген кезінде жақындасса, ол әйелдің етеккірінің көзін жалаңаштап, әйелдің өзі де оны ашты. Бұлардың екеуін де халықтың арасынан аластату керек.
Levi Kaz 20:19  Шешеңнің әпке-сіңлісімен не әкеңнің әпке-қарындасымен еш жақындаспа! Бұл — қандас туысыңның абыройын төккенің. Екеуіңнің айыптарың өз мойындарыңда болады.
Levi Kaz 20:20  Егер ер адам әкесінің бірге туған аға-інісінің әйелімен жақындасса, бұл әкесінің аға-інісінің абыройын төккені. Еркек пен әйелдің екеуінің де айыптары өз мойындарында болады. Олар өле-өлгенше бала көрмей өтеді.
Levi Kaz 20:21  Егер біреу өз ағасы не інісінің әйеліне үйленсе, бұл — әдепсіздік әрі оның туған бауырының абыройын ашқаны. Күнәкар болған екеуі де бала көрмей өтеді.
Levi Kaz 20:22  Сонымен барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар! Сонда Мен өздеріңді қоныстандыруға алып бара жатқан ел сендерді құсып шығарып тастамайды.
Levi Kaz 20:23  Мен сендердің алдарыңнан елден қуып шығарғалы тұрған халықтың салт-дәстүрлерін ұстанбаңдар! Сондай зұлымдықтарды істегендіктен, Мен олардан жиреніп кеттім.
Levi Kaz 20:24  Ал өздеріңе Мен мына тәрізді сөздерді айтқан едім: Сендер олардың жерін иемденетін боласыңдар. Мен ағы мен балы мол сол елді сендерге мұралық үлестерің етіп беріп отырмын. Мен өздеріңді басқа барлық халықтардан ажыратып қойған сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 20:25  Сол себепті адал және арам хайуандар мен құстарды ажыратып алыңдар! Мен арам, таза емес деп бөлектеген кез келген хайуан, құс не бауырымен жорғалаушылармен өздеріңді арамдамаңдар!
Levi Kaz 20:26  Осылайша сендер Маған бағышталған киелі болуларың керек, себебі Мен, Жаратқан Ие, киелімін. Мен өздеріңді халықтардың арасынан өз халқым болуға ажыратып, бөлек қойдым.
Levi Kaz 20:27  Араларыңдағы аруақ шақырушы не сәуегейлікпен айналысушы әркім, еркек болсын, әйел болсын, міндетті түрде өлтірілсін! Оларды тас лақтырып өлтіру керек. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.