Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
PHILEMON
1
Chapter 1
Phil Kaz 1:1  Мәсіх Исаға арнаған қызметім үшін түрмеде отырған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден сүйікті қызметтесіміз Філимонға,
Phil Kaz 1:2  сондай-ақ бауырласымыз Әпияға, бізбен бірге Ізгі хабар үшін жан сала қызмет етіп жүрген Арқыпқа және Філимонның үйінде жиналатын қауымға дұғай сәлем.
Phil Kaz 1:3  Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
Phil Kaz 1:4  Мен Құдайға сиынып сені есіме түсіргенде әрдайым шүкірлік етемін.
Phil Kaz 1:5  Өйткені Иеміз Исаға деген сенімің және Тәңір Иенің барлық адамдарына көрсеткен сүйіспеншілігің туралы естідім.
Phil Kaz 1:6  Мәсіхке деген сенімің және Құдайдың бәрімізге берген күллі игіліктерін түсінуің арқылы басқа сенушілермен байланысың Мәсіхтің даңқын асыруға әсерлі болсын деп мінажат етемін.
Phil Kaz 1:7  Сенің сүйіспеншілігіңнен зор қуаныш пен жұбаныш таптық, өйткені сен, бауырым, Құдайдың адамдарының жүректерін орнықтырып келесің.
Phil Kaz 1:8  Сондықтан Мәсіхтің елшісі ретінде керек істі саған бұйыруға батылым барса да,
Phil Kaz 1:9  сүйіспеншілігіңе бола өтініп сұраймын. Иә, басқа біреу емес, мен — Пауыл қария, Мәсіх Исаға қызмет еткенім үшін қазір түрмеде отырған менің өзім,
Phil Kaz 1:10  сенен ұлым жайында өтінемін. Мен осында тұтқында отырып, оған Ізгі хабарды айтып берген едім. Қайта туылып, рухани ұлыма айналған сол жан — Онисым («Пайдалы»).
Phil Kaz 1:11  Ол өткен кезеңде сен үшін пайдасыз болғанмен, енді маған да, саған да пайдалы. Оны өзіңе қайтарып отырмын,
Phil Kaz 1:12  ал онымен бірге өз жүрегімді жіберіп отырғандаймын!
Phil Kaz 1:13  Ізгі хабарға бола түрмеге қамалған мен оны сенің орныңда өзіме көмектесу үшін қарамағымда қалдыруды ойлаған едім.
Phil Kaz 1:14  Алайда жақсылық жасауың мәжбүрліктен емес, өз еркіңмен болсын деп, сенің келісіміңсіз ешбір шешім қабылдағым келмеді.
Phil Kaz 1:15  Мүмкін, оның уақытша сенен алшақтағанының мақсаты — оны мәңгілікке қабылдауың шығар.
Phil Kaz 1:16  Ал қазір ол құлың ғана емес, одан әлдеқайда жоғары — сүйікті бауырласың ретінде өзіңе қайта оралады. Ол мен үшін дәл сондай, ал сен үшін адам ретінде де, Иемізбен жүрген бауырласың ретінде де одан бетер жақын болады.
Phil Kaz 1:17  Сондықтан маған шынымен дос болсаң, оны мені қабылдағандай қабылдағайсың.
Phil Kaz 1:18  Ал егер ол саған жамандық жасаған не қарыздар болса, онысын менің мойнымда деп есепте.
Phil Kaz 1:19  Мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын: онысын өзім өтеймін! Алайда сенің өзіңнің рухани өмірің үшін маған қарыздар екеніңді айтпай-ақ қояйын.
Phil Kaz 1:20  Сонымен, бауырласым, Иеміз Мәсіх үшін маған осылай бір жақсылық етіп, Оған деген сүйіспеншілігің арқылы менің жүрегімді орнықтыршы.
Phil Kaz 1:21  Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды біле отырып, осыны жаздым.
Phil Kaz 1:22  Сонымен бірге маған баспана дайындағайсың. Құдай мінажаттарыңа мейіріммен құлақ асып, Мені сендерге жіберер деп үміттенемін.
Phil Kaz 1:23  Мәсіх Исаға қызмет еткені үшін менімен бірге бұғауда отырған Епафрас
Phil Kaz 1:24  әрі өзге қызметтестерім Марқа, Арыстарқ, Димас, Лұқа да саған сәлем жолдауда.
Phil Kaz 1:25  Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін!