Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 19
I Ch Kaz 19:1  Біраз уақыт өткеннен кейін Аммон халқының патшасы Нахаш қайтыс болып, оның ұлы Анон орнын басып патшалық құрды.
I Ch Kaz 19:2  Дәуіт: «Әкесі Нахаш маған жақсылық жасағандықтан, мен де оның ұлы Анонға жақсылық жасаймын», — деп шешті. Содан ол әкесінің қазасына көңіл айту үшін Анонға елшілерін жіберді. Бірақ олар Аммон еліне жеткенде,
I Ch Kaz 19:3  аммондық әміршілердің бірқатары Анон патшаға: «Дәуіт мына елшілерді шынымен көңіл айтып, әкеңізге құрмет көрсету үшін жіберіп отыр деп ойлайсыз ба? Керісінше, олар қаланы барлап, жақсылап біліп алу үшін келіп отыр емес пе? Ал кейінірек Дәуіттің өзі әскерімен келіп, астан-кестенін шығармақ!» — деп күдік білдірді.
I Ch Kaz 19:4  Сонда Анон Дәуіттің қызметкерлерін тұтқындады. Олардың сақалдарын қырқып, шапандарын белдеріне дейін қысқартып қиып тастап, кері қайтарып жіберді.
I Ch Kaz 19:5  Осы хабар Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қатты масқараланған елшілерінің алдарынан хабаршыларын жіберіп, оларға: «Сақалдарың өскенше Иерихонда қала тұрыңдар! Содан кейін қайтып келерсіңдер!» — дегенді айтқызды.
I Ch Kaz 19:6  Аммондықтар Дәуітті өздеріне қарсы өшіктіріп алғанын ұғынды. Сондықтан Анон патша және Аммон халқы солтүстік-батыс Месопотамиядан, Арамадағы Маха мен Соба қалаларынан соғыс күймелері мен атты әскерді жалдап алу үшін, соларға мың ат басындай күміс жіберді.
I Ch Kaz 19:7  Осылай аммондықтар отыз екі мың соғыс күймесін, Маханың патшасы мен оның әскерін де жалдап алды. Солар Медеба қаласының маңына аттанып келіп, сонда аялдады. Аммондықтар да өз қалаларынан шығып, шайқасуға жиналды.
I Ch Kaz 19:8  Дәуіт бұл туралы хабар алғанда, оларға қарсы Жоғабтың басшылығындағы батыл да мықты сарбаздардан құралған бүкіл жасағын аттандырды.
I Ch Kaz 19:9  Аммондықтар астаналарынан шығып, қала қақпасының жанында шайқасқа дайындалып сап түзеді. Көмекке келген басқа патшалардың жасақтары далада бөлек тұрды.
I Ch Kaz 19:10  Жоғаб өз жасағының екі жақтан: алдынан да, артынан да соғысуына тура келіп тұрғанын байқаған соң, бүкіл Исраилдің таңдаулы сарбаздарын іріктеп алып, арамалықтарға қарсы сапқа тұрғызды,
I Ch Kaz 19:11  ал жасақтың қалған бөлігін аммондықтарға қарсы бастап шығуды өзінің туған інісі Әбішайдың қолына тапсырды.
I Ch Kaz 19:12  Оған былай деп бұйырған болатын: «Егер арамалықтар маған тым қатты қысым көрсете бастаса, сен маған көмекке кел! Ал аммондықтар сені тықсырып бара жатса, мен саған көмекке барамын.
I Ch Kaz 19:13  Батыл бол! Халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін мызғымай берік тұрайық! Ал Жаратқан Ие дұрыс деп тапқанын істесін!»
I Ch Kaz 19:14  Жоғаб пен оның сарбаздары арамалықтарға тап бергенде олар қаша жөнелді.
I Ch Kaz 19:15  Олардың қашқанын көрген аммондықтар да Жоғабтың інісі Әбішай бастаған жасақтан шегіне қашып, қалаға кіріп кетті. Содан кейін Жоғаб Иерусалимге қайта оралды.
I Ch Kaz 19:16  Арамалықтар өздерінің исраилдіктерден жеңілгенін көріп, Евфрат өзенінің ар жағына елшілерін жұмсап, онда тұратын арамалық жасақшыларды шақырды. Олар жетіп, (Соба патшасы) Ададәзердің әскербасы Шобақтың қол астына кірді.
I Ch Kaz 19:17  Дәуіт бұл туралы біле сала, Исраилдің бүкіл жасағын жинап алып, Иордан өзенін кесіп өтті. Дәуіт оларға қарсы жасағын сапқа тұрғызғанда арамалықтар оның сарбаздарына лап қойды.
I Ch Kaz 19:18  Бірақ олар қайтадан Исраилдің жасағынан шегініп, қаша жөнелді. Дәуіттің сарбаздары олардың жеті мың соғыс күймесінің айдаушыларын және қырық мың жаяу жасақшысын мерт қылып, арамалық қолбасшы Шобақтың өзін де өлтірді.
I Ch Kaz 19:19  Ададәзерге бағынышты патшалар өздерінің Исраилден жеңілгендерін көргенде, Дәуітпен бітім жасасып, оған бағынатын болды. Арамалықтар енді қайтып аммондықтарға көмектесуден бас тартты.