Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 15
II C Kaz 15:1  Сол уақытта Одед ұлы Азарияхқа Құдайдың Рухы қонды.
II C Kaz 15:2  Содан Азариях патшамен кездесу үшін жолға шықты да, оған тіл қатып былай деді: «Уа, Аса және бүкіл Яһуда мен Бунямин халқы, құлақ асыңдар! Сендер Құдаймен бірге жүргендеріңде Ол да сендермен бірге жүріп жар болады. Егер де Оған бет бұрып сиынып Оны іздесеңдер, таба аласыңдар. Бірақ Одан бас тартсаңдар, Ол да сендерден бас тартады.
II C Kaz 15:3  Ұзақ уақыт бойы Исраил халқы шынайы Құдайдан алыс жүрді. Олардың тәлім беретін діни қызметкері де, Таурат заңы да болған жоқ.
II C Kaz 15:4  Ал олар қиыншылыққа ұшырап, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрып сиынғанда Оны тауып алды.
II C Kaz 15:5  Сол кездері сапарға шыққандар аман-есен барып келе алмайтын. Елдердің күллі тұрғындарының бастарына зор пәле туатын.
II C Kaz 15:6  Ұлт ұлтқа, қала қалаға қарсы шығып соғысатын, себебі Құдай оларды абыржытып, әр түрлі қиыншылықтарға ұшырататын.
II C Kaz 15:7  Ал сендер қайратты болып, мойымаңдар! Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер».
II C Kaz 15:8  Аса патша Құдайдың пайғамбары Одед ұлы Азариях арқылы жеткізген осы хабарын естігенде батылданды. Содан патша Яһуда мен Бунямин руларының бүкіл жерлерінен және өзінің Ефремнің қыратты аймағынан иемденіп алған қалаларынан жексұрын тәңір мүсіндерін қиратып алып тастады. Сонымен қатар патша Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберісінің алдында орнатылған, Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелін қайтадан қалпына келтірді.
II C Kaz 15:9  Мұнан кейін патша бүкіл Яһуда мен Буняминнің халқын да, Ефрем, Манаса, Шимон руларынан көшіп келіп, елде тұрып жатқандарды да Иерусалимде бас қосуға шақырды. Өйткені көптеген халық Құдайы Жаратқан Иенің Асаға жар болғанын көріп, Солтүстік Исраилді тастап, Яһудаға көшіп келген болатын.
II C Kaz 15:10  Жамағат Иерусалимде Асаның патшалық құрған он бесінші жылының үшінші айында жиналды.
II C Kaz 15:11  Сол күні олар соғыстан алып келген олжаларынан Жаратқан Иеге арнап жеті жүз мүйізді ірі қара мен жеті мың ұсақ мал басын құрбандыққа шалды.
II C Kaz 15:12  Халық ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен, бар жан-тәндерімен бет бұрып, Оның еркін сұрап, орындау жайлы Келісім жасады.
II C Kaz 15:13  Кімде-кім Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрып бағынбай жүрсе, жас не ересек болсын, еркек не әйел болсын, соны өлтіруге сөз байласты.
II C Kaz 15:14  Олар Жаратқан Иеге адал болу жайлы анттарын Оның алдында қатты дауыспен беріп, тартылған сырнай, керней үнімен бекітті.
II C Kaz 15:15  Яһуда халқының бәрі осы антқа қуанды. Олар шын жүректен серт беріп, Құдайға адал ой-ниетпен бет бұрып, мойынсұнып жүрді. Содан Құдай оларға жауап беріп жар болды. Осылайша Жаратқан Ие елге жан-жақтан тыныштық сыйлады.
II C Kaz 15:16  Аса патша тіпті әкесінің шешесі Маханы «патшаның шешесі» деген құрметті атағынан айырды. Себебі Маха жалған тәңір Ашераға арналған ағаш бағананы жасатып, орнатып қойған еді. Аса сол жексұрын бағананы шауып құлатып, қиратты да, оны Қидрон сайында өртеп жіберді.
II C Kaz 15:17  Тек халықтың биіктеу жерлердегі Жаратқан Иеге ғибадат етіп келген орындары ғана Исраил елінен аластатылмады. Әйтсе де бүкіл өмір бойы Аса Жаратқан Иеге шын жүректен берілген адам болды.
II C Kaz 15:18  Аса әкесінің және өзінің Құдайға бағыштаған заттарын: алтын-күміс пен басқа да құнды бұйымдарын Құдайдың киелі үйіне апарып қойды.
II C Kaz 15:19  Сол кезден бастап Асаның патшалық құрған отыз бесінші жылына дейінгі аралықта елдің ішінде соғыс болған жоқ.