Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
Matt Kaz 2:1  Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келді. Біраздан кейін Иерусалимге шығыс өлкесінен жұлдыз санаушы ғұламалар сапарлап келіп:
Matt Kaz 2:2  «Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен? Біз Оның жұлдызының шығыс жақтан туып, жарқырағанын көрдік. Жаңа туған Патшаға ізет білдіру үшін келіп тұрмыз», — деп сұрастыра бастады.
Matt Kaz 2:3  Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды.
Matt Kaz 2:4  Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға:— Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 2:5  Олар былай деп жауап берді:— Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды:
Matt Kaz 2:6  «Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады».
Matt Kaz 2:7  Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды.
Matt Kaz 2:8  «Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін», — деп, оларды Бетлехемге жіберді.
Matt Kaz 2:9  Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кетті. Міне, қызық! Өздері бұрын шығыс жақтан көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердің үстінен тоқтады.
Matt Kaz 2:10  Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады.
Matt Kaz 2:11  Үйге кіргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестені көрген ғұламалар жерге жүгіне кетіп, Оған иіліп ізет білдірді. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтын әрі жұпар шайыр мен мүр атты хош иісті заттарды ұсынды.
Matt Kaz 2:12  Мұнан кейін ғұламалар көрген түстерінде Құдайдан «Иродқа қайта оралмаңдар!» деген бұйрық алғандықтан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті.
Matt Kaz 2:13  Ғұламалар кетіп қалғаннан кейін, Жаратқан Иенің періштесі Жүсіпке түсінде аян беріп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала беріңдер. Себебі Ирод Нәрестені өлтіру үшін іздемекші», — деді.
Matt Kaz 2:14  Сонда Жүсіп орнынан тұрып, түн ішінде Сәбиді анасымен бірге алып, Мысыр еліне жөнелді.
Matt Kaz 2:15  Олар Ирод өлгенге дейін Мысырда тұрақтап қалды. Осылайша Жаратқан Иенің (Ошия) пайғамбар арқылы: «Мен рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегені жүзеге асты.
Matt Kaz 2:16  Жат жерлік ғұламалардың өзінен амалын асырып кеткенін түсінгенде Ирод долдана ашуланып, жасақшыларын жіберіп, Бетлехемдегі және соның маңайындағы екі жасқа дейінгі ер балалардың бәрін де өлтіртті. Бұл жасты ол ғұламалардан біліп алған мезгілге сәйкес белгілеген еді.
Matt Kaz 2:17  Сонда Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы жіберген мына хабары іске асты:
Matt Kaz 2:18  «Рамақ жерінде зор қасіреттенДауыс естіледі зар еңіреген.Рахила өлген балаларын жоқтап,Жұбанудан бас тартады зар жылап:Келмеске кетті олар көздері құрып!»
Matt Kaz 2:19  Ирод патша өлгеннен кейін, Жаратқан Иенің періштесі Мысырда Жүсіпке түсінде аян беріп:
Matt Kaz 2:20  «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Исраилге қайтыңдар! Себебі Нәрестенің өмірін құртқысы келгендер өлді», — деді.
Matt Kaz 2:21  Жүсіп орнынан тұрып, Нәресте мен анасын алып, Исраил еліне қайта оралды.
Matt Kaz 2:22  Алайда ол Яһудеяға әкесі Иродтың орнын басып Архелайдың билік құрғанын естіді. Сондықтан Жүсіп сол аймаққа барудан қорықты. Көрген түсінде Құдайдан алған бұйрыққа сай Жүсіп Ғалилея аймағына жөнелді.
Matt Kaz 2:23  Сол жердегі Назарет қаласына барып, сонда орын тепті. Пайғамбарлар жазбаларында (Мәсіх туралы) мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Ол назареттік деп аталатын болады. Бұл осылайша жүзеге асты.