Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
Matt Kaz 22:1  Иса халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді:
Matt Kaz 22:2  «Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты.
Matt Kaz 22:3  Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді.
Matt Kaz 22:4  Патша басқа қызметшілерін жұмсап:— Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді.
Matt Kaz 22:5  Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады.
Matt Kaz 22:6  Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды.
Matt Kaz 22:7  Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді.
Matt Kaz 22:8  Содан кейін қызметшілеріне:— Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты.
Matt Kaz 22:9  Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді.
Matt Kaz 22:10  Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады.
Matt Kaz 22:11  Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп,
Matt Kaz 22:12  одан:— Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді.
Matt Kaz 22:13  Патша нөкерлеріне:— Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
Matt Kaz 22:14  Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз».
Matt Kaz 22:15  Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты.
Matt Kaz 22:16  Оған Иродтың жақтастарымен бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды:— Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз.
Matt Kaz 22:17  Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? —
Matt Kaz 22:18  Олардың арам ойларын білген Иса:— Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?
Matt Kaz 22:19  Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді.
Matt Kaz 22:20  Иса:— Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады.
Matt Kaz 22:21  Олар:— Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса:— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады.
Matt Kaz 22:22  Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды.
Matt Kaz 22:23  Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
Matt Kaz 22:24  — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын!
Matt Kaz 22:25  Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді.
Matt Kaz 22:26  Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды.
Matt Kaz 22:27  Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды.
Matt Kaz 22:28  Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! —
Matt Kaz 22:29  Бірақ Иса былай жауап қайырды:— Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер!
Matt Kaz 22:30  Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады.
Matt Kaz 22:31  Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта):
Matt Kaz 22:32  «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы!
Matt Kaz 22:33  Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды.
Matt Kaz 22:34  Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар бас қосып жиналды.
Matt Kaz 22:35  Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама, Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды:
Matt Kaz 22:36  — Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса:
Matt Kaz 22:37  — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!»
Matt Kaz 22:38  Бұл — ең ұлы да басты өсиет.
Matt Kaz 22:39  Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
Matt Kaz 22:40  Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді.
Matt Kaz 22:41  Қасына жиналған парызшылдарға Иса:
Matt Kaz 22:42  — Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады? — деген сұрақ қойды. Олар:— Дәуіттің Ұрпағы! — деді.
Matt Kaz 22:43  Сонда Иса:— Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол:
Matt Kaz 22:44  «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.
Matt Kaz 22:45  Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады.
Matt Kaz 22:46  Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.