Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Matt Kaz 14:1  Сол уақытта аймақ әкімі Ирод (Антипас) Иса туралы хабарды естіп,
Matt Kaz 14:2  нөкерлеріне: «Бұл, шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — деді.
Matt Kaz 14:3  Бұрынырақ аймақ әкімі Ирод Жақия пайғамбарды тұтқындатып, бұғаулатып, түрмеге жаптырған еді. Ирод мұны туған бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола істеді.
Matt Kaz 14:4  Себебі Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен болатын.
Matt Kaz 14:5  Содан Ирод Жақияны өлтіргісі келді, бірақ оны пайғамбар деп санайтын халықтан қорықты.
Matt Kaz 14:6  Бірақ Ирод өзінің туған күнін тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды.
Matt Kaz 14:7  Сондықтан Ирод бойжеткенге не сұраса да сыйлауға уәде берді.
Matt Kaz 14:8  Қыз шешесінің айтып үйретуі бойынша Иродтан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етіңіз», — деп өтінді.
Matt Kaz 14:9  Патша еңсесі түсіп қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін орындауға бұйырды.
Matt Kaz 14:10  Бір жасақшысын түрмеге жіберіп, Жақияның басын шаптырды.
Matt Kaz 14:11  Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
Matt Kaz 14:12  Кейін Жақияның шәкірттері келіп, оның мәйітін алып кетіп, қабірге қойды. Содан Исаға барып, болған жайтты жеткізді.
Matt Kaz 14:13  Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті.
Matt Kaz 14:14  Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды.
Matt Kaz 14:15  Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп:— Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
Matt Kaz 14:16  Бірақ Иса:— Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер:
Matt Kaz 14:17  — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса:
Matt Kaz 14:18  — Соларды Маған алып келіңдер! — деп,
Matt Kaz 14:19  халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді.
Matt Kaz 14:20  Барлығы да жеп тойды.Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды.
Matt Kaz 14:21  Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.
Matt Kaz 14:22  Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасына өтуге бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды.
Matt Kaz 14:23  Ол жұртты қайтарған соң (көктегі Әкесіне) оңашада сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты.Кеш түскенде Иса әлі де сол жерде жалғыз тұрды.
Matt Kaz 14:24  Ал қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады.
Matt Kaz 14:25  Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкірттеріне көл бетімен жақындап келді.
Matt Kaz 14:26  Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттерінің зәрелері ұшып: «Мынау елес!» — деп қатты қорқып, айқайлап жіберді.
Matt Kaz 14:27  Иса оларға дереу тіл қатып:— Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп көңілдерін орнықтырды.
Matt Kaz 14:28  Петір:— Мырза, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңызшы, — деп жауап берді. Иса:
Matt Kaz 14:29  — Кел! — дегенде, Петір қайықтан шығып, су үстімен Исаға қарай беттеді.
Matt Kaz 14:30  Бірақ қатты соққан желді байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да:— Мырза, мені құтқара көріңіз! — деп айқайлап жіберді.
Matt Kaz 14:31  Иса дереу қолын созып, демеп жіберіп:— Әй, сенімі азым-ай! Неліктен (Менің құдіретіме) күдіктендің? — деді.
Matt Kaz 14:32  Екеуі қайыққа мінгенде жел де басылды.
Matt Kaz 14:33  Сонда қайықтағылар:— Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иіліп тағзым етті.
Matt Kaz 14:34  Сонымен олар көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жетті.
Matt Kaz 14:35  Сол жердің тұрғындары Исаны танып қалып, бүкіл төңірекке кісі жіберіп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келді.
Matt Kaz 14:36  Олар Исадан ең болмағанда Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Сонда қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!