Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
Matt Kaz 6:1  Байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды.
Matt Kaz 6:2  Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
Matt Kaz 6:3  Ал сендер қайыр бергенде, не істегендеріңді сырлас достарың да білмесін!
Matt Kaz 6:4  Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Matt Kaz 6:5  Құдайға сиынғанда да екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
Matt Kaz 6:6  Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Matt Kaz 6:7  Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді.
Matt Kaz 6:8  Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі.
Matt Kaz 6:9  Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар:Көктегі Әкеміз!Сенің киелі есімің қастерлене берсін,
Matt Kaz 6:10  Патшалығың осында орнасын!Сенің еркің көкте орындалғандай,Жер бетінде де орындала берсін!
Matt Kaz 6:11  Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр.
Matt Kaz 6:12  Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей,Сен де күнәларымызды кешіре гөр.
Matt Kaz 6:13  Азғырылуымызға жол бермей,Бізді жамандықтан сақтай гөр.(Патшалық, құдірет және ұлылықМәңгі бақи Сенікі! Аумин.)
Matt Kaz 6:14  Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді.
Matt Kaz 6:15  Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.
Matt Kaz 6:16  Ораза ұстағанда екі жүзділердей беттеріңді тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерімен жұртқа әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
Matt Kaz 6:17  Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтіріңдер.
Matt Kaz 6:18  Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрінбейтін Әкелерің ғана білетін болсын. Сонда құпия істердің бәрін де көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Matt Kaz 6:19  Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді.
Matt Kaz 6:20  Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді.
Matt Kaz 6:21  Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда.
Matt Kaz 6:22  Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі.
Matt Kaz 6:23  Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ!
Matt Kaz 6:24  Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!
Matt Kaz 6:25  Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой!
Matt Kaz 6:26  Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!
Matt Kaz 6:27  Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?
Matt Kaz 6:28  Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді.
Matt Kaz 6:29  Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген.
Matt Kaz 6:30  Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай!
Matt Kaz 6:31  Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар!
Matt Kaz 6:32  Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой.
Matt Kaz 6:33  Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді.
Matt Kaz 6:34  Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік.